«САНАНЫҢ» ІСКЕРЛІК САЯСЫ

Жуырда жаңадан салынған заманауи үлгідегі 150 орындық «Жас қыран» жатақханасы алғашқы қоныстанушыларды қабылдады. Қаладағы Тауман Амандосов көшесінен бой көтерген үш қабатты ғимарат жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған.

Қазір мұнда 35 бала жатып білім ала бастады. Әр бөлмеде 2, 4, 6 адамнан тұрады. Ауылдық шалғай жерлерден келген ата-аналар үшін қонақжай да қарастырылған. Шара шымылдығын ашқан «Жас қыран» жеке мекеме директоры  Жасұлан Кенешов: «Біз мұнда Президент күнін атап өту үшін, әрі жаңадан ашылғалы отырған оқу орталығымызды облыстағы мекеме басшылары мен ата-аналарға таныстыру мақсатында жиналып отырмыз. Құрылысты мердігер мекеме «Адал құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғызды. Алдағы тәуелсіздік күніне орай өтетін жатақханамыздың ресми ашылу салтанатына бәріңізді де шақырамыз», – деді.  

Шара барысында студенттер өнерлерін ортаға салды. Ә.Отарғалиев «Қазағым», «Біздің елдің жігіттері», Ж.Әбдіғалиев «Туған жер» әндерін тамылжыта шырқаса, Д.Бексұлтан «Көңіл толқыны» күйін әсерлі орындады. Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Байжан Шамұрат бұл игі іс болашаққа жасалған тың қадамдардың бірі екенін, алдағы уақытта балабақшадағы кезек санын азайтып, үш ауысымдық оқу жүйесін болдырмау міндеті тұрғанын атап өтті.

Ал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мейірім Қалауи «Жас қыран» ұйымының игілікті ісіне қолдау білдірді.

Білгеніміздей, облыстағы  колледждер, жоғары оқу орындарының студенттері мұнда айына 20 мың теңге төлеп, жатып оқи алады. Орталықта барлық керек-жарақ – асхана, дайындық сыныптары, спорт кешені, жиналыс залы бар.

Сонымен қатар, «Сана» оқу орталығымен арадағы келісім-шартқа сай, оқушылар қазақ-түрік лицейі, Назарбаев университеті, басқа да жоғары оқу орындарына түсуге және ұлттық бірыңғай тестілеу науқанына дайындалады.

– Кәсіпкерлер өз күшімен осы кең ғимаратты жас ұрпақтың кемел келешегі үшін салып берді. Әуел баста қайырымдылық мекемесі ретінде білім беру саласында жұмыстанып, кейін жеке мекемеге айналған «Жас қыран» алдағы уақытта үкімет меншігіне берілуі де мүмкін. Менің өз мамандығым – мұғалім, болашақта осында балаларға әлем тілдерін үйретіп, оларды өнер саласына баулу жоспарымызда бар, – дейді Жасұлан Валерейұлы.

Шара соңы спорттық жарыстарға ұласып, жиналғандар Елбасы туралы фильмді тамашалады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттер автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз