«Samruk-Kazyna Trust»: Тың идеяға – қолдау бар!

img 20220415 wa0161 Қоғам

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын іске асыру бағытында  азаматтық қоғам институттары қызметін жетілдіру үрдісін де айта кеткен жөн болар. Бүгінге дейін Қазақстанда азаматтық қоғамды қалыптастыруға арналған бірқатар жұмыстар жасалып, жобалар іске асырылып келеді. Сан саланы қамтитын бастамаларды жүзеге асыру жолында түрлі қолдау тетіктері қарастырылған. Соның бірі – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қызметі.

Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында аталған қордың өкілдері атыраулық үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, бірқатар маңызды тақырыптарды талқыға салды. Өз жобларына қаржылай көмек алу жолдары туралы толық танысып, өзге де ұсыныс-пікірлерін білдірді.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры – Қазақстанның қайырымдылық саласындағы ірі донорлардың бірі. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан барлық өңірлерде жобаларды жүзеге асырып келеді.

Кездесуге келген «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева «Самұрық-Қазына» қорында «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ауқымды реформалар жарияланғанын, соның негізінде жұмыстың ашықтығы мен айқындығын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік серіктестікті дамыту көзделгенін атады.

Қор түрлі бағыттағы жобаларды іске асыру барысында өңірлерді барынша қамту және бұл бағытта жергілікті азаматтық сектор өкілдерімен ынтымақтастықты жолға қоюды мақсат етіп отыр. 

Демек, ҮЕҰ өкілдері қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге қауқарлы өз жобаларын бастама етіп көтере алса, қор өз кезегінде орнықты, жүйелі және барынша көп адамды қамти отырып, пайдалы болатын жобаларды қолдауға дайын.

 «Біз бұл кездесуді аймақтық ҮЕҰ-ын жаңа әлеуметтік жобаларды ұсынуға ынталандыру үшін өткізіп отырмыз. Осылайша кез-келген өңірден адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатыны туралы қызық идеялар күтеміз. Бұл тұста қор азаматтық секторды шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге шабыттандыруға күш салмақ. Мысалы шағын қаланың бастамалары бүкіл облыс, тіпті бүкіл ел үшін игілікті болуы мүмкін. Бұл дегеніңіз, Атырау облысының белсенді коммерциялық ұйымдарын ынтымақтастыққа шақырады», – деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Кездесуге қатысқан ҮЕҰ өкілдері өздерін мазалаған сауалдарды қойып, ұсыныс-пікірлерін де білдірді. Мәселен, олар осы уақытқа дейін ұсынылған жобалардың не себепті өтпей қалғандығын қабылдаушы тараптың түсіндірмейтінін атады. Осы тұста жберілген олқылықтарды кері қайталамай, болашақта сабақ алу үшін бұл мәселенің маңызды екенін атады. Сондай-ақ ашықтық, жариялылық, кері байланыс туралы да пікір білдіріп, өз істерін дасыта түсуге мүдделі екендерін танытты.

Қордың жоба басқармасы департаментінің директоры Әсет Қылышбаев қаржы алуға өтінім беру, құжаттарды рәсімдеу туралы түсіндіріп, қателіктерді болдырмау, мәліметтердің толық болуы сынды маңызды факторларға қатысты мағлұматтармен бөлісті.

Айта кетейік, «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан көптеген жылдар бойы Атырау облысының дамуына үлес қосып келеді. Мәселен 2018 жылдан бастап өңірде жалпы сомасы 712 млн теңгеден асатын әлеуметтік жобалар іске асырылған. Бұл қаражатқа қор Атыраудағы есту, көру және ақыл-ой кінәраты бар балаларға арналған 3 түзету мектебін құрал-жабдықтармен жабдықтап, орталығында және Исатай, Қызылқоға, Мақат, Жылыой, Құрманғазы аудандарында 8 әмбебап алаң орнатқан. Аумағы 1 200 шаршы метрден асатын әрбір алаң Workout элементі бар футбол алаңынан, балалар мен спорт аймағынан тұрады;

Қор басшысы сонымен қатар,  жергілікті коммерциялық емес ұйымдарға өзінің әлеуметтік бастамаларын іске асыру үшін «Әрекет» жобасының аясында 500 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін 18 грант бөлінгенін, мұнай-газ саласының 27 ардагеріне қолдау білдіріп, Ұлы Отан соғысының 300 ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетілгенін жеткізді.

Пандемия кезінде облыстың медициналық мекемелеріне қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп, «Атырау облыстық балалар ауруханасының» аясында оңалту орталығын ашып, оны барлық қажетті заманауи оңалту жабдықтарымен қамтамасыз еткені де облыс тұрғындарының игілігіне айналды. Б.Нысанбаев атындағы орта мектеп жанынан инклюзияны қолдау кабинетін ашып, ерекше балаларға арналған бейімделген спорт түрлерінен 2 секция ашқаны да – қор атқарған көп жұмыстың бірі.

Гүлжан ӘМІРОВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз