СҮЙІП ОҚИТЫН ГАЗЕТІМ

Мынау  қас-қағымда алмасып жатқан күндер тізбегіне ілесіп, уақыттан қалмауға тырысатынымыз ақиқат. Қазіргі таңда адамзат баласы ақпараттар тасқынының астында өмір сүріп жатқандай көрінеді. Осындайда зерделі басылымның бірі – өзіме сыралғы «Атырау» газетін оқимын.

Елбасы саясатын халыққа жеткізіп, билік пен бұқараның арасына алтын арқау болып отырған «Атырау» газетінің басқа облыс газеттерінен айырмашылығы өте үлкен. Біріншіден, әдебиет пен өнерге, мәдениетке айрықша мән беріп, «Әдебиет», «Руханият», «Муза», «Өнер» айдарларында қазақтың алға ұстар біртуар таланттары туралы да әңгіме қозғалып, сұхбаттар, сараптамалар беріліп жүр. Екіншіден, қоғамдық-саяси газет болғандықтан, жастарды, жалпы оқырманды еліміздің ұстанған саясатынан құлағдар етіп, тәрбие құралы ретінде де үлкен рөл атқаруда. Осы орайда «Талбесік», «Әділет әлемі», «Шаңырақ», «Бірлігіміз жарасқан», «Айбын», «Бизнесмен», «Темірқазық» атты арнайы қосымшаларының өзі – үлкен ұйымдастыру шеберлігінің көрінісі.

Өңіріміздің бас газеті «Атырау» – өлкеміздегі әр шаңырақтың да сенімді серігі. Осының бәрі – газетте қызмет жасайтын журналистердің, беттеушілердің еңбегінің нәтижесі. Өз басым  газеттің бас редакторы – кезінде республикалық басылымдарда абыройлы қызмет атқарған белгілі журналист Исатай Балмағамбетовпен ұдайы, тығыз рухани байланыстамын. Оның басшылығындағы басылым ұжымы әлі де асқаралы асуларды алады деп сенемін.

 

Илья ЖАҚАНОВ,композитор, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Парасат» орденінің иегері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз