Жарнама
Қоғам

Құмар ойын құрдымға кетіреді

Атырау қаласында нашақорлық пен құмар ойынға тәуелділіктің алдын алуға бағытталған форум өтті. Форум барысында құмар ойындарға тәуелділік (лудомания) мәселесі жан-жақты талқыланып, зияны мен алдын алу жолдары кеңінен айтылды.

83126ce4 1743 4d2e 834d d201f1abb04f

Форумның басты мақсаты – ойынқұмарлықтың жеке адамға ғана емес, оның отбасына, кәсібіне, қоршаған ортасына және тұтас қоғамға тигізетін кері әсері жөнінде ашық әңгіме өрбіту, сондай-ақ тәуелділіктің алдын алудың тиімді тәсілдерін ортаға салу болды.
Мамандардың айтуынша, құмар ойынға тәуелділік – бұл адамның ойынға деген құмарлығын бақылаудан шығарып, барлық қаржылық, эмоциялық және физикалық ресурстарын соған жұмсауына себеп болатын күрделі психологиялық дерт. Мұндай тәуелділік адамның өзіне ғана емес, жақындарына да ауыр соққы болып тиеді.

«Біз жастарға сенеміз»

8bc77c59 8956 4f9f 822d 9f275a61ea14

Форумды ашқан облыстық мәслихат төрағасының орынбасары, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Нұрлыбек Даралиев жастарға арнаған сөзінде форумның өзектілігін ерекше атап өтті.
– Бұл жиынға жиналудағы мақсатымыз – еліміздің ертеңі саналатын сіздермен маңызды тақырып төңірегінде ой бөлісу. Жастарымыз мықты болса, еліміз де қуатты болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда бес әлеуметтік кесел туралы айтты. Соның бірі – құмар ойындарға тәуелділік, яғни лудомания. Бүгінгі форум осы маңызды мәселені кеңінен талқылауға арналған. Осы орайда Алматы облысынан арнайы шақыртылған тәжірибелі психолог, магистр, лудоманиямен ауыратын азаматтарға көмектесіп жүрген Шүкір Хамит мырзамен жүздесіп отырмыз. Бүгінгі кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, лудоманияға қатысты көптеген сұрақтарға жауап берілетін болады, — деді ол.
Сонымен қатар, Нұрлыбек Нұрболұлы жастарға арнаған әсерлі сөзінде ұлттық болмысты, рухани құндылықты, салауатты өмір салтын насихаттай отырып, Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген жалынды өлең жолдарын еске салды.
– Қазіргі уақытта жастарымыз есірткіге, құмар ойынға бой алдырса, ол бүкіл елдің болашағына төнген қауіп. Қалада жүрсеңіз, таң сәріден лото клубтардың алдында кезекте тұрған жастарды көресіз. Ал олардың ата-анасы үйде алаңдап отыр. Болашағын құмар ойынға айырбастап жатқанын байқамайтын жастар өзіне де, еліне де қиянат жасауда. Біз осындай мәселелердің алдын алу үшін, жастармен ашық сөйлесу үшін жиналып отырмыз. Құрметті жастар, сіздердің өмірлеріңіздің нағыз мағыналы кезеңі – дәл қазір. Сіздер ертеңгі күні елдің тұтқасын ұстар азаматсыздар. Ендеше, өз таңдауларыңызды дұрыс жасап, теріс әдеттерден аулақ болыңыздар, — деді ол.
Спикер жастарды өз ортасында белсенді болуға, қиын жағдайға тап болған қатарластарына дер кезінде көмек көрсетуге үндей отырып, Міржақып Дулатовтың «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты!» деген ұлағатты өлең жолын да тілге тиек етті. Бұл әр қазақ баласын білімге, оянуға, ізгілікке шақырған мәңгілік үндеу.
– Біз жастарға сенеміз. Біз жастармен біргеміз. Егер ортамызда мұндай дертке шалдыққан достарыңыз болса, оларды жасырып, ұят санамаңыздар. Дер кезінде маман көмегіне жүгіну шынайы жанашырлықтың белгісі. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» дейді. Ендеше, жат қылықтан арылып, жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстайық. Қасиетті елімізді бірге өркендетейік! — деді Нұрлыбек Нұрболұлы.

Мамандар не дейді?
Форумға арнайы шақырылған сарапшылар құмар ойындарға тәуелділіктің белгілері, даму кезеңдері, психологиялық ерекшеліктері мен емдеу жолдары туралы кеңінен тоқталды.

9207b87a 0fde 4a71 91ca 652d4d23ff73

– Лудомания – жыныс та, жас та талғамайтын тәуелділік. Біріншіден, бұл дерт тұқым қуалауы мүмкін. Яғни, адамның жеті немесе үш атасында ішімдікке немесе құмар ойынға бейімділік болса, бұл келесі буындарға да әсер етуі ықтимал. Екіншіден, толық емес отбасында бала қажетті тәрбие мен мейірімге зәру болып өседі. Ата-анасы баламен сөйлеспейді, оның не сезініп жүргенін ұқпайды. Үшіншіден, ортаның ықпалы өте маңызды. Адам қандай ортада өссе, сол ортаның мінез-құлық үлгілерін бойына сіңіреді, — деді «Life» оңалту орталығының директоры, магистр, психолог Шүкір Хамит.
Психологтың айтуынша, әр адамға қолданылатын ем де әртүрлі. Жалпы алғанда, кемінде 3-5 айлық психотерапиялық ем қажет. Бірақ оның нәтижелі болуы адамның өзіне байланысты.
– Ойынға тәуелді жастардың көбі өзін алдайды. Шындығында, адам бірінші кезекте өзін қабылдауы керек. Мысалы, туберкулезбен ауыратын адам сырқатын мойындап, дәрігердің барлық кеңесін орындауға тырысады. Сол секілді лудоманиямен ауыратындар да ең алдымен өзін алдамай, мәселесін мойындауы қажет. Сонда ғана ем тиімді болады, — дейді Шүкір Абдухамитұлы.

124f2afc 4601 406f aa5f 8cf5be9ea996

Ол сондай-ақ, емделудің бір әдісі ретінде «бір күндік уәде» қағидасын ұсынды.
– Таңертең тұрған кезде өз-өзіңе «Тек бүгін ғана ойнамаймын» деп уәде беру керек. Бұл адамға психологиялық тұрғыдан жеңілдеу. Егер адамға бірден «10-15 жыл ойнама» десек, ол тез шаршап, жарты жолда үмітін үзеді. Сол себепті қысқа мерзімдік, бірақ нақты мақсат қою әлдеқайда тиімді, — дейді маман.

Қоғамды жайлаған індет
Психологтың айтуынша, орталықтан ем алып шыққан адамдардың арасында түрлі сала мамандары бар. Бұл лудомания ешкімді таңдамайтын, кез келген адамды құрдымға кетіруі мүмкін дерт екенін көрсетеді.
– Мұндай адамдар сырттай қарағанда жолы болғыш, жақсы адам болып көрінеді. Бірақ олар өте шебер әртістер, ешкімді «аямайды». Лудомания кейде бала кезде басталады. Мысалы, бала өз ортасынан бөлектеніп, жалғыз ойнаса, жасөспірім капюшон киіп, жеңі ұзын киімді таңдай берсе, бұл да белгілі бір психологиялық ауытқудың белгісі болуы мүмкін. Емделу үшін жақсы маман табу өте маңызды, — дейді Шүкір Хамит.
Ол сондай-ақ, емделушінің жанында отбасының болуы өте маңызды екенін баса айтты. Себебі бұл дертпен адам жалғыз күресе алмайды.
– Жақындарының қолдауы табысты емнің кепілі. Одан бөлек, емделіп шыққан соң позитивті көңіл-күй мен дұрыс орта маңызды рөл атқарады. Өкінішке қарай, кейде ата-аналар «ұят болады» деп, мәселені жасырып жүреді. Бірақ бұл ең үлкен қателік. «Ауруын жасырған өледі» демекші, емделмеген дерт асқына береді. Салт-дәстүрді сыйлау бір бөлек, ал нақты дертпен күресте кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген жөн, — деді ол.

56f6d06b 0818 4b50 b0ec bdd2770771c9

Жастары мықты елдің болашағы жарқын
Форумда сөз алған спикерлер өз салаларындағы тәжірибесімен бөлісті. Атырау облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марьяна Жанғалиева синтетикалық есірткі, интернет арқылы есірткі таратушылар («кладмендер») туралы айтты. Ол жастарды мұндай әрекеттерге бармауға шақырды.
Ал елімізге танымал спортшы, Карате-киокушинкай федерациясының жетекшісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысының жетекшісі Андрей Котов жастарды спортқа, салауатты өмір салтына бет бұруға үндеді. Ол өзінің өмірлік тәжірибесін негізге ала отырып, қиындықты жеңудің басты жолы мақсат пен тәртіп екенін атап өтті.

Форум барысында мамандар бірауыздан құмар ойынға, есірткіге, өзге де тәуелділіктерге ұшыраған адамды «ұят болады» деп жасыру ең үлкен қателік екенін атап өтті. Мұндай жағдайда уақыт өткізіп алмай, мәселені ерте кезеңде анықтап, кәсіби көмекке жүгіну қайғылы салдардың алдын алады.
Жастардың ойынқұмарлыққа, есірткіге бейім болуының түп-тамыры отбасындағы қарым-қатынас, орта, әлеуметтік қысым, бос кеңістікті пайдалы дүниемен толтыра алмау секілді факторлармен тікелей байланысты. Сондықтан да баланың тәрбиесі, оның айналасы, еркіндігі мен сенімділігін қалыптастыру тек отбасының ғана емес, барша қоғамның міндеті.
– Бір мемлекетпіз, бірақ менталитет әртүрлі. Бұл да лудоманияға әсер етеді. Кейде баласы немесе туысы ойынқұмарлыққа ұшыраса, емдету «ұят» деген түсінікпен кейінге қалдырылады. Бірақ бұл түзелетін емес, асқына беретін дерт. Ауруын жасыру түбінде өмірін улайды. Сондықтан да ұятты ысырып қойып, мамандарға дер кезінде жүгіну қажет, — деді психолог Шүкір Хамит.
Лудомания емделетін дерт. Бірақ оған тек бір адамның емес, отбасы мен қоғамның бірлескен әрекеті қажет. Ата-ананың шектен тыс бақылауы немесе баланың ішкі қалауын елемеу оның ертеңгі күні өз бетімен шешім қабылдай алмайтын, психологиялық тұрғыда әлсіз адам болып қалыптасуына себепші болады.
Мамандардың айтуынша, лудоманияны мешітке апарып «бір дұғамен кететін» дерт деп қабылдау өте қате. Оны тек кәсіби терапиямен, психологиялық қолдаумен, ұзақ мерзімді еңбектің нәтижесінде ғана жеңуге болады.
Шара соңында «Ашық микрофон» форматында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар еркін пікір алмасуға, жеке тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button