
Құмар ойын: әдет пе, дерт пе?
Атырау қаласында нашақорлық пен құмар ойынға тәуелділіктің алдын алуға бағытталған форум өтті. Онда құмар ойындарға тәуелділік мәселесі жан-жақты талқыланып, зияны мен алдын алу жолдары кеңінен айтылды. Мұны кәсіби тілде «лудомания» деп атайды. Ал, форумның басты мақсаты – ойынқұмарлықтың жеке адамға ғана емес, оның отбасына, кәсібіне, қоршаған ортасына және тұтас қоғамға тигізетін кері әсері жөнінде ашық әңгіме өрбіту, сондай-ақ тәуелділіктің алдын алудың тиімді тәсілдерін ортаға салу болды.
Мамандардың айтуынша, лудомания – адамның ойынға деген құмарлығын бақылаудан шығарып, қаржылық, эмоциялық және физикалық ресурстарын түгелдей соған жұмсауына себеп болатын күрделі психологиялық дерт. Мұндай тәуелділік адамның өзіне ғана емес, жақындарына да ауыр соққы болып тиеді.
«Біз жастарға сенеміз!..»
Форумды ашқан облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Даралиев форумның маңызын атап көрсетті.
– Бұл жиынның мақсаты – жас буынмен маңызды тақырып төңірегінде ой бөлісу. Жастар мықты болса, еліміз де қуатты болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда бес әлеуметтік кесел туралы айтты. Соның бірі – құмар ойындарға тәуелділік, яғни лудомания. Бүгінгі форум осы маңызды мәселені кеңінен талқылауға арналған. Осы орайда Алматы облысынан арнайы шақыртылған тәжірибелі психолог, магистр, лудоманиямен ауыратын азаматтарға көмектесіп жүрген Шүкір Хамит мырзамен жүздесіп отырмыз. Бүгінгі кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, лудоманияға қатысты көптеген сұрақтарға жауап аламыз деген үміттемін, — деді ол.
Нұрлыбек Нұрболұлы жастарға арнаған әсерлі сөзінде ұлттық болмысты, рухани құндылықты, салауатты өмір салтын насихаттай отырып, Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген жалынды өлең жолдарын еске салды.
– Қазір жастар есірткіге, құмар ойынға бой алдырса, ол – бүкіл елдің болашағына төнген қауіп. Қалада жүрсеңіз, таңсәріден лото клубтардың алдында кезекте тұрған жастарды көресіз. Ал олардың ата-анасы үйде алаңдап отыр. Болашағын құмар ойынға айырбастап жатқанын байқамайтын жастар өзіне де, еліне де қиянат жасауда. Біз осындай мәселелердің алдын алу үшін, жастармен ашық сөйлесу үшін жиналып отырмыз. Құрметті жастар, осы кезең – өмірдің нағыз мағыналы кезеңі. Сіздер ертең елдің тұтқасын ұстар азаматсыздар. Ендеше, таңдауларыңызды дұрыс жасап, теріс әдеттерден аулақ болыңыздар, — деді ол.
Спикер жастарды өз ортасында белсенді болуға, қиын жағдайға тап болған қатар-құрбысына дер кезінде көмек көрсетуге үндей отырып, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты ұлағатты өлең жолын да тілге тиек етті. Бұл – әр қазақ баласын білімге, оянуға, ізгілікке шақырған мәңгілік үндеу.
– Біз жастарға сенеміз. Біз жастармен біргеміз. Егер ортамызда мұндай дертке шалдыққан достарыңыз болса, оларды жасырып, ұят санамаңыздар. Дер кезінде маман көмегіне жүгіну – шынайы жанашырлықтың белгісі. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» дейді. Ендеше, жат қылықтан арылып, жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстайық. Отанды бірге өркендетейік, — деді Нұрлыбек Нұрболұлы.
Мамандар не дейді?
Форумға арнайы шақырылған сарапшылар лудоманияның белгілері, даму кезеңдері, психологиялық ерекшеліктері мен емдеу жолдары туралы тоқталды.
– Лудомания – жыныс та, жас та талғамайтын тәуелділік. Біріншіден, бұл дерт тұқым қуалауы мүмкін. Яғни, адамның жеті немесе үш атасында ішімдікке немесе құмар ойынға бейімділік болса, бұл келесі буынға да әсер етуі ықтимал. Екіншіден, толық емес отбасында бала қажетті тәрбие мен мейірімге зәру болып өседі. Ата-анасы баламен сөйлеспейді, оның не сезініп жүргенін ұқпайды. Үшіншіден, ортаның ықпалы өте маңызды. Адам қандай ортада өссе, сол ортаның мінез-құлқын бойына тез сіңіреді, — деді «Life» оңалту орталығының директоры, магистр, психолог Шүкір Хамит.
Психологтың айтуынша, әр адамға қолданылатын ем де әртүрлі. Кемінде үш-бес айлық психотерапиялық ем қажет. Бірақ оның нәтижелі болуы – адамның өзіне байланысты.
– Ойынға тәуелді жастардың көпшілігі өзін-өзі алдайды. Шындығында, адам бірінші кезекте өзін қабылдауы керек. Мысалы, туберкулезбен ауыратын адам сырқатын мойындап, дәрігердің барлық кеңесін орындауға тырысады. Сол секілді лудоманиямен ауыратындар да әуелі өзін алдамай, мәселесін мойындауы қажет. Сонда ғана ем тиімді болады, — дейді Шүкір Әбдіхатұлы.
Магистр сондай-ақ, емделудің бір әдісі ретінде «бір күндік уәде» қағидасын ұсынды. Ол үшін таңертең ұйқыдан тұрғанда адам өзіне «Тек бүгін ғана ойнамаймын» деп серт беру керек. Бұл – психологиялық тұрғыдан жеңілдеу. Егер адамға бірден «10-15 жыл ойнама» десе, ол тез шаршап, жарты жолда үмітін үзеді. Сол себепті қысқа мерзімдік, бірақ нақты мақсат қою әлдеқайда тиімді.

Қоғамды жайлаған індет
Психологтың айтуынша, орталықтан ем алып шыққандардың арасында түрлі сала мамандары бар. Бұл лудомания ешкімді таңдамайтын, кез келген адамды құрдымға кетіруі мүмкін дерт екенін көрсетеді.
– Мұндай адамдар сырттай қарағанда жолы болғыш, жақсы адам болып көрінеді. Бірақ олар өте шебер әртістер, ешкімді «аямайды». Лудомания кейде бала кезден басталады. Мысалы, бала өз ортасынан бөлектеніп, жалғыз ойнаса, жасөспірім капюшон киіп, жеңі ұзын киімді таңдай берсе, бұл да белгілі бір психологиялық ауытқудың белгісі болуы мүмкін. Емделу үшін жақсы маман табу керек, — дейді Шүкір Хамит.
Ол сондай-ақ, емделушінің жанында отбасының болуы өте маңызды екенін баса айтты. Себебі бұл дертпен адам жалғыз өзі күресе алмайды.
– Жақындарының қолдауы – табысты емнің кепілі. Ал, емделіп шыққан соң позитивті көңіл-күй мен дұрыс орта маңызды роль атқарады. Өкінішке қарай, кейде ата-аналар «ұят болады» деп, мәселені жасырып-бүркеп жүреді. Бірақ қателіктің ең үлкені – сол!.. «Ауруын жасырған өледі» демекші, емделмеген дерт асқына береді. Салт-дәстүрді сыйлау – бір бөлек, ал нақты дертпен күресте кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген жөн, — деді ол.
Жастары мықты ел болсақ…
Форумда сөз алған спикерлер өз саласы бойынша тәжірибесімен бөлісті. Атырау облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марьяна Жанғалиева синтетикалық есірткі, интернет арқылы есірткі таратушылар туралы айтты. Бұл кәсіби терминде «кладмендер» деп аталады. Ол жастарды мұндай әрекеттерге бармауға шақырды.
Ал танымал спортшы, каратэ киокушинкай федерациясының жетекшісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Тәуелсіз өмір» жастар қозғалысының жетекшісі Андрей Котов жастарды спортқа, салауатты өмір салтына бет бұруға үндеді. Ол өзінің өмірлік тәжірибесін негізге ала отырып, қиындықты жеңудің басты жолы мақсат пен тәртіп екенін атап өтті.
Форум барысында мамандар бірауыздан құмар ойынға, есірткі мен өзге де тәуелділіктерге ұшыраған адамды жасыру ең үлкен қателік екенін атап өтті. Мұндай жағдайда уақыт өткізіп алмай, мәселені бірден анықтап, кәсіби көмекке жүгіну қайғылы салдардың алдын алады.
Жастардың ойынқұмарлық пен есірткіге бейім болуының түп-тамыры отбасындағы қарым-қатынас, орта, әлеуметтік қысым, бос кеңістікті пайдалы дүниемен толтыра алмау секілді факторлармен тікелей байланысты. Сондықтан да баланың тәрбиесі, оның айналасы, еркіндігі мен сенімін қалыптастыру – тек отбасының ғана емес, барша қоғамның міндеті.
– Бір мемлекетпіз, бірақ менталитет әртүрлі. Бұл да лудоманияға әсер етеді. Кейде баласы немесе туысы ойынқұмарлыққа ұшыраса, емдету «ұят» деген түсінікпен кейінге қалдырылады. Бірақ бұл – түзелетін емес, асқына беретін дерт. Ауруын жасыру түбінде өмірін улайды. Сол себепті ұятты ысырып қойып, мамандарға дер кезінде жүгіну қажет, — деді психолог Шүкір Хамит.
Лудомания – емделетін дерт. Бірақ оған тек бір адамның емес, отбасы мен қоғамның бірлескен әрекеті қажет. Ата-ананың шектен тыс бақылауы немесе баланың ішкі қалауын елемеу оның ертеңгі күні өз бетімен шешім қабылдай алмайтын, психологиялық тұрғыда әлсіз адам болып қалыптасуына себепші болады. Мамандардың айтуынша, лудоманияны мешітке апарып «бір дұғамен кететін дерт» деп қабылдау өте қате. Оны тек кәсіби терапиямен, психологиялық қолдаумен, ұзақ мерзімді еңбектің нәтижесінде ғана жеңуге болады.
Шара соңында «Ашық микрофон» форматында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар еркін пікір алмасуға, жеке тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды.
Майра ЕРҒАЛИ


