Құлсары тұрғындарын не толғандырады?

maxresdefault 1 Қоғам

ӨТКЕН НАУРЫЗ АЙЫНДА ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ РАЙСА ТЕЛЕУБАЕВА МЕН ДАЙРАБАЙ ЕЛДЕСБАЕВТАР АУДАН ӘКІМІНЕ ӨТІНІШ ЖОЛДАП, СӘУІРДІҢ 16-СЫ КҮНІ ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНАН БЕЙБІТ МИТИНГ ӨТКІЗУГЕ ӨТІНІШ БІЛДІРГЕН ЕДІ. АТАЛҒАН АЗАМАТТАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ «БАЙТАҚ-БОЛАШАҚ» АЛЬЯНСЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІН ҚОЛДАП, БІРАЗ УАҚЫТТАН БЕРІ АУДАН КӨЛЕМІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕНІ КӨТЕРІП ЖҮРГЕН ЕДІ.

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру жəне өткізу тəртібі туралы» заңның 11-бабын жəне аудандық мəслихаттың 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №51-2 «Жылыой ауданында бейбіт жиналыстарды өткізу туралы» шешіміне сəйкес жəне де республикалық «Экологиялық «Байтақ-Болашақ» альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азаматхан Əміртайдың №21 хабарландыруын қарап, аудан əкімдігі қаулы етіп, бейбіт митинг өткізуге келісім берген-ді.

Осыған орай өткен аптаның сенбісі күні Құлсары қаласындағы Махамбет даңғылының бойында орналасқан Орталық сахна алаңында рұқсат етілген бейбіт митинг өткізілді. Онда, негізінен, жергілікті жердің экологиясы мен əлеуметтік мəселелері сөз болды.

Кіріспе сөз сөйлеген Д.Елдесбаев аталған митингтің басты мақсатымен таныстырды. Ал, республикалық «Экологиялық «Байтақ-Болашақ» альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азаматхан Əміртай өздері көптен көтеріп жүрген экологиялық «ESG» бағдарламасы жайлы мəлімет берді. Оның сөзінше, Теңіз кенішінен ондаған млн. тонналап «қара алтын» өндіріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясы қоршаған ортаны бүлдіргені үшін жергілікті халыққа өтемақы төлеуі тиіс екен. Осы кеніштегі іргелі мекеменің бірінде еңбек ететін Медетқали Нұрғазиев «Теңіздегі зауыттан тасталған зиянды қалдықтардың нақты деңгейін анықтау үшін ауа құрамын зерттейтін заманауи қондырғылар қажет» деген пікірде. Шоқпартоғай ауылының тұрғыны Бақытжан Ерғалиев Жем суының соңғы жылдардағы ахуалы турасында мəселе көтерді. Ол өткен жылдарда орын алған қуаңшылықты осы экологиялық мəселелермен байланыстырды. Қала тұрғыны Р.Телеубаева кезінде «Теңіз мұнайының астанасы» атанған қазіргі Құлсары қаласының келбеті, тұрғындардың өткен ғасырдың 50-ші жылдарында салынған ескі үйлерде əлі күнге тұрып жатқандығын айтып, аудан халқының əлеуметтік-тұрмыстық жағдайы хақында мəселе көтерді.

Митинг тыныш, бейбіт түрде өтті. Осы орайда, айта кету керек, аталған бейбіт шерудің өтетін уақыты жақындаған тұста жылыойлық тұрғындардың басым көпшілігі қатысудан бас тартты. Оның ішінде аудандық мəслихаттың депутаттары, спортшылар, басқа да мемлекеттік жəне қоғамдық ұйымдар өкілдері бар. Тіпті, басында «Азаматхан Əміртайды Жылыойға шақырған біз едік» деген қоғам белсенділерінің көзқарасы екіге бөлінді. Олардың жартысы бірлестік жетекшісін қолдаудан бас тартып, митингке келмеді. Басты себеп – «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайонның аудан тұрғындарының талабы бойынша осыған дейін Жылыой ауданы жұртшылығымен кездесіп, қойылған мəселелерді толықтай шешуге уəде берген болатын. Сондықтан, «жауыр болған жайтты митингте қайта-қайта көтере беруге негіз жоқ», «сонау астанадан келмей-ақ, өз мəселемізді өзіміз көтеріп шеше аламыз» деді көптеген аудан азаматтары.

Расында да, сол күнгі митингке қатысқан халықтың қарасы көп болмады. 500 адамға дейін шығады деп жоспарланған бейбіт жиынға тұрғындар аса белсенділік таныта қоймады. Есесіне, жылыойлықтар өздерін сенбілікте көрсете білді. Құлсары қаласы мен барлық ауылдық округтерде жұрт жарыса тал егіп, туған өлкесінің көгалдандыруына үлес қосып жатты. Аудандық əкімдіктің мəліметіне жүгінсек, сенбілікке 700-ге тарта адам қатысты.

Е.ҚОШАҚАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз