Қол қусырып отыруды жаным сүймейді

istock 117148620 Қоғам

МАҚАТ АУДАНЫНДА МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМЫНЫҢ ЖҰМЫС ЖАСАП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫНА ШИРЕК ҒАСЫР БОЛДЫ. ОСЫ УАҚЫТТА ФИЛИАЛ БАСШЫЛАРЫ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАННЫҢ МҰҢ[1]МҰҚТАЖЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА ЖЕМІСТІ ЖҰМЫС ІСТЕДІ. АЛ, МЕН ҚОҒАМҒА ЖЕТЕКШІ БОЛЫП КЕЛГЕН БЕС ЖЫЛДА ОСЫНДАҒЫ 1000 ЕРЕСЕК ЖАН МЕН 257 МҮГЕДЕК БАЛАНЫҢ ЖАҒДАЙЫНА ҚОЛЫМНАН КЕЛГЕНШЕ ҚАРАЙЛАСЫП КЕЛЕМІН. ОЛАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ МЕН ҮШІН БІРІНШІ КЕЗЕКТЕГІ МӘСЕЛЕ.

Ауруды қайдан деуге болмайды ғой. Бала күнімнен жанарымның кіреукесі болғандықтан, бірнеше рет ота жасаттым. Қазір ІІ топ мүгедегімін. Жоғары білімді инженер болып жұмыс жасағаныма қарамастан, саулығыма байланысты негізгі қызметті қоюға тура келді. Осылайша, мүгедектер қоғамына басшы болып сайландым. Қоғам жанында тігін цехы жұмыс жасайды. Онда І, ІІ топ мүгедектері жұмыс жасап, қыз жасауын тігеді. Сонымен бірге, аудан көлемінде инватакси мен жеке көмекшілердің қызметін де атқарамыз. Жобаларымыз арнайы тендерден жеңімпаз атанып, бүгінде Атырау қаласы, Жылыой, Қызылқоға, Махамбет аудандарындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси қызметін көрсетіп отырмыз. Табиғатымнан бір орында отырғанды қаламаймын. Мүмкіндігім шектеулі болғанына қарамастан, жұмыс жасап, еліме, халқыма, көмек күткен жандарға барынша қарасуға талпынамын. Сөйтіп, «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне» қатысып, жалпы көлемі 560 000 теңге болатын грантты ұтып алдым. Мұны ұйымдастырған «Сенімді құрылыс» компаниясына: «Маған ақшаның қажеті жоқ. Оның орнына кісі тасымалдайтын қос көлікке қысқы маусым дөңгелегі мен мүгедек балаларға арналған балалардың екі автоарбасын сатып алып беріңізші» деп өтініш айттым. Бұған олар бірден келісті. Бүгінде «Қозғалыс» жобасымен Атырау қаласы ішінде қоғамға қарасты қос такси ақылы түрде қызмет көрсетіп жүр. Мүмкіндігі шектеулі жандар онымен сауда орындарына, киноға, қонақтыққа, мейрамханаларда өтетін той-томалақтарға қатынайды.

Тыныштық ИЩАНОВА,

Мақат аудандық мүгедектер қоғамының төрайым

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз