Жарнама
Қоғам

Қоғам келбеті – кемел әйел

Республика күніне орай «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен өткен кейс-платформа осылай деп аталды. Іс-шара партияның «Әйел аманаты» бастамасының тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырылды.

Кейс-платформаға өңірдің түрлі саласында тер төгіп жүрген еңбекқор әрі өмірлік жолы көпке үлгі әйелдер жиналды. Олардың қатарында дәрігер де, ұстаз да, режиссер мен теміржолшы, туризм саласының кәсіпкерлері де бар. Қатысушылар қоғамдағы әйелдің рөлі, ел дамуына қосып жатқан үлесі жайлы өз ойларын ортаға салып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Көпшілікке өнегелі әңгімесімен әсер еткендердің бірі – Қазақстан теміржолы саласының ардагері, «Ерен еңбегі», «Құрметті теміржолшы» марапаттарының иегері Нұрия Нұрымова. Ол облыста алғаш рет теміржолшы балабақшада қазақ тобын ашқан педагог ретінде танылған.

– Мен Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылында дүниеге келіп, педагогикалық білім алдым. Кейін теміржолшы балабақшасына тәрбиеші болып орналастым. Сол уақытта 12 орыс тобының бірін қазақ тобына айналдыру қажет болды. Осылайша, бар күш-жігерімді салып, 1989 жылы алғаш рет 25 баладан тұратын қазақ тобын аштым. Сол еңбегім «Коммунистік еңбек» газетінде жарық көріп, марапаттарға ұсынылдым. Менің ұғымымдағы кемел әйел – білімді әрі іскер болумен қатар, айналасына жылу мен қамқорлық сыйлайтын, ұлт пен ұрпақ тағдырын ойлайтын тұлға, — деді ол.

Басқосу барысында табысты әйелдер кәсіби жетістіктері мен өмірде кездескен қиындықтар туралы ой бөлісіп, жастарды еңбексүйгіштікке, табандылыққа және мақсатқа адал болуға шақырды.
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі, облыстық мәслихат депутаты Айжан Қарабаева кейс-платформаның басты мақсаты – қоғамдағы әйелдердің белсенділігін арттыру, кәсіби және тұлғалық дамуына серпін беру екенін атап өтті.

– «Әйел аманаты» бастамасы – заманауи сын-қатерлерге жауап беретін практикалық алаң. Бұл жоба арқылы өндірісте, мұнай бұрғылау алаңы секілді ауыр еңбекте жүрген аналардың өмір жолын насихаттап, олардың табандылығы мен рухын жастарға үлгі етуді көздейміз, — деді Айжан Сәрсенқызы.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде «AMANAT» партиясының 4 мыңнан астам бастауыш ұйымы бар, олардың 2,5 мыңнан астамын әйелдер басқарады. Ал партия мүшелерінің 60 пайыздан астамы нәзік жандылар. Бұл – қоғамдағы әйелдердің белсенділігі мен елдің саяси өміріне қосып отырған зор үлесінің айқын дәлелі.

Мәлике МӘЛІК

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button