Қасиетті сөздің сақшысы
Биыл Кувейт мемлекетінде қасиетті Құран Кәрімді жатқа оқу бойынша халықаралық жарыста ел намысын қорғап, әлемдегі үздік қарилардың қатарынан көрінген Әбілхайр Жұбанның жасы небәрі жиырма бірде екен. Оның Дендер жерінде туғанын білген соң тілдесуге асықтық. «Нұр-Мүбарак» университетінің III курс студенті былтыр Павлодар облысында өткен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан өткен ХІІІ республикалық байқауда бас жүлдені иеленіп, автокөлік жеңіп алыпты. Сол жолы халықаралық жарысқа жолдама алған. Жас қари бұған дейін де түрлі жарыстар мен азан сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болып, олжа салып жүр.

Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің IX сыныбын тәмамдаған Әбілхайр діни бағыттағы білімге ден қойып, Кентау қаласындағы қарилар дайындайтын «Балаби қари» медресесіне оқуға түседі. Осы медреседе ол Құранды толықтай жаттап, қасиетті кітаптың 30 парасын меңгерген.
Өзінің айтуынша, Құран жаттау оңай болмапты. Бастапқыда жүрексінген шәкірт «Құранды ұмытқан адамның сұрауы ауыр болады» деген сөзден қорыққанын да жасырған жоқ. Алайда жаттау қабілетінің ерекше екенін сезінген соң, өз күшіне сеніп, алдына үлкен мақсат қойған.
Жас қари үшін бұл жолда ата-анасының қолдауы да ерекше роль атқарған. Әбілхайрдың әкесі Ералы Қамзағалиев аудандық «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы болса, анасы – баласының дінге қызмет еткенін қалап, рухани қолдау көрсеткен жан.
Қаридың сөзінше медреседегі тәртіп қатал, талап жоғары болыпты. Күніне алты сағат қана ұйықтап, қалған уақытын Құран жаттауға арнаған шәкірт үшін бұл нағыз сынақ уақыты еді.
– Анам әрдайым «Дінге, елге қызмет ететін мықты адам боласың» деп жігерлендіріп отыратын. Тойға да бармай, ұйқы-күлкіден қалып, осыған ден қойдым. Жасыратын не бар, «Құранның жартысына да жете алмай қалам ба» деген күмән да болды, — дейді ол.
Отыз параға бөлінетін Құранды бір күнде ұстаз алдында толық жатқа оқып беруге шәкірттің де шәкірті шыдас береді. Ал Әбілхайр осыған төтеп берді. Таңғы сағат алтыда бастап, түнгі сағат он екіге дейін жалғасқан сынақта дауысы шықпай қалған ұлдың еңбегін естіген ата-анасы қуаныштан толқып, шүкір намазын оқыпты. Бұл – оның өміріндегі ең жарқын әрі рухани терең әсер қалдырған сәттердің бірі.
Құранды толық жаттау үшін екі жылдан астам уақыт кетсе, пысықтауға үш жылға жуық уақыт жұмсалған. Ал, ең маңыздысы қайталау екен.
– Ешқашан тәкрарды, яғни қайталауды тастаған емеспін, күн сайын қайталап жаттауымды арттырдым, — дейді ол.
Жарыстарға қатысқан сайын тәжірибе жинайтынын айтқан діндар жігіт қалың көрермен мен әділқазылар алдында қай қари болса да қобалжитынын айтты. Республикалық жарыста жеңіске жеткен ол Ұмра қажылығына екі жолдама ұтып, зор қуанышқа кенелген. Оның алдында индерлік жерлестері қариға Ұмраға жолдама сыйлаған болатын. Осылайша Әбілхайр ата-анасымен бірге қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына сапар шегу бақытына ие болды. Мұны ол ерекше тебіреніспен еске алады.
– Шынында қуаныштан көзіме жас келді. Бұл – Алланың қалауы мен ұстаздарымның еңбегінің жемісі. Университеттегі сабақпен қатар Құранға уақыт табу да оңай болған жоқ. Бірақ дәл осы табандылық маған әлемдік деңгейдегі жарыстарға жол ашты, — дейді қари.
Қазір Әбілхайр «Нұр-Мүбарак» университетінде исламтану мамандығы бойынша білім алып жатыр. Болашақта ұстаздық жолды таңдап, дінге қызмет етуді мақсат еткен.
– Әкем мен анамның дұғасы – менің өмірімдегі ең үлкен тірек. Бір кезде медресенің жүйесі ұнамай, басқа жаққа ауысамын деп те ойладым. Сонда әкем «адам бір жерден гүлдейді» деп ақыл айтып, анам шыдамды болуға шақырды. Сол рас екен, медресенің жүйесі өзгерген соң бірнеше қари шықты, — дейді Ә.Жұбан.
Бүгінде қари өзі секілді жастардың Құранға қызығушылығы артқанын айтады. Соңғы жылдары республика көлеміндегі жарыстардың деңгейі жоғарылап, жаңа буын қарилардың қатары көбейіпті. Оның пікірінше, ең бастысы – ниет пен шынайылық.
– Құран жаттау – дүниелік мақсат емес, Алланың разылығын іздеу жолы. Бұл істе адал ұстаз бен дұрыс ниет үлкен роль атқарады, — дейді ол.
Әбілхайр Жұбанның өмір жолы – табандылық пен сенімнің, рухани тәрбие мен ата-ана батасының жемісі. Құранды толық жаттап, оны жүрегімен түсінуге ұмтылған жас қари бүгінде дінге адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп келеді. Ал оның жетістігі – ұлттың рухани құндылығын дәріптеп жүрген жастардың жаңа толқынының жарқын бейнесі.
Алмас ҚАБДОЛ


