Қалің қалай, қандас?

whatsapp image 2021 11 23 at 16.37.26 Қоғам

Жақында Атырау облысында тұратын қандастарымызды іздеп әлеуметтік желіге сұрау салып көріп едім, біраз уақытқа дейін ешкім хабарласа қоймады. Іздегенім Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Telegram қосымшасындағы тобынан табылды. Көп күттірмей хабарласқан Наурызбек Ишимовке бұйымтайымды айттым. Өзі де ашық-жарқын жігіт екен, сөз арасында қала ортасындағы тез тағам дайындайтын дүңгіршекте бас аспаз болып жұмыс жасайтынын, университетте оқитынын айтты.

Жасы 30-ға таяп қалған қандасымызды жүзбе-жүз көріп, қалін білмек болып өзі айтқан дүңгіршекке келдім. Екеуміз амандасып үлгердік, клиент келіп, тапсырысын сұрады. Наурызбек еуропалық нәсілге ұқсайтын клиентке орыс тілінде жауап беріп жатыр. Қалта телефонына да тыным жоқ. Шамасы, тез тағамға тапсырыс беретіндердің қарасы көп. Сәлден соң босап, еркін сөйлесуге мүмкіндік туды.

– Наурызбек Құралбайұлы, сөзімді жерге тастамай сұхбат беруге келісім бергеніңізге рахмет! Атырауға қашан келдіңіз? Оқуға қалай түстіңіз?

– Қазақстан мен үшін әуелден бөтен ел емес. Ақтау қаласында 2015 жылдан бері жұмыс жасадым. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қандас қазақтарды оқытатын дайындық курсын естіп, 2018-2019 жылдары білім алдым. Сол кезде мұндай бағдарлама бар дегенді басқа жерден естімедім. Курста «Қазақ тілі», «Қазақстан тарихы» пәндерін оқытты.

Бірге қабылданған 20-дан астам баланың біразы Қарақалпақстан, екеуі Иран, біреуі Ауғанстан, екі-үшеуі Қытай елінен келген қандастар болды. Бітірген соң әрқайсысы жан-жаққа кетті. Кейбірі грантқа, кейбірі ақылы оқуға түсті. Атыраумен «таныстығым» қысқаша осылай басталды.

whatsapp image 2021 11 23 at 16.36.30

– Қарақалпақстанның қай қаласында тұрдыңыз?

– Хожелі деген қалада тұрдым. Қарақалпақстанның астанасы – Нүкіс қаласына жақын, екеуінің арасын Әмудария өзені бөліп жатыр. Әке-шешем де сол жақтан. Негізі, Алматы қаласында туған атам жастай жетім қалып, туыстарымен Түркіменстанға өтіп кетіпті. Әкем Түркіменстанда туған. Аталарым мал баққан кісілер екен, сол жақтан Қарақалпақстанға келген.

Енді өзіміз ес білген соң ел жаққа келіп жатырмыз.

– Азаматтықты қашан алдыңыздар?

– Бұрын Қазақстанға оқудың тіркеуі бойынша келуші едік. Жолдасым екеуміз азаматтықты биыл жазда ғана алдық. Әке-шешем көшіп келмек болып Қарақалпақстандағы үйді сатып, Атыраудан баспана іздедік. Өздеріңізге белгілі, қалада үй қымбат. Қарақалпақстандағы алты бөлмелі үйіміз теңгеге шаққанда 4 миллионға да жеткен жоқ. Өйткені, ол жақта үй арзан. Амалсыздан, жиналған ақшаға Хамит Ерғалиев ауылынан үй алдық.

Қарақалпақстанда қазақтар аз қалды, олар да елге көшкісі келеді. Сатайын десе, үй өтпейді. Өзбекстанда жағдай анау айтқандай мәз емес. Жұмыс жоқ, қиын. Бұрын Қазақстанға келіп, тұрақты тұруға бес жылға дейін ықтиярхат қажет еді. Биылдан бастап ұлтың қазақ болса, бірден азаматтыққа тапсыруға мүмкіндік туды. Біз соның арқасында құжаттарымызды түгендеп алдық.

– Қазақстан азаматтығын алуда қиындық көп пе?

– Біз мұның бейнетін көп көрдік. Қазақстан азаматтығын алу үшін «қандас» мәртебесі болуы керек. Сол қағазды алған соң ғана құжат тапсыра алады. Әуелі біреудің үйінде ықтиярхат арқылы жергілікті тіркеуде болу керек. Аққыстау ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығына қандас мәртебесі туралы қағазды алуға барсақ, мамандар ол жөнінде білмейді екен. Өйткені, біз ауданға келген алғашқы қандас екенбіз.

Жағдайымызды айтып, бір танысымызға сөйлескенде әуелі үйіне тіркеуге тұрғызуға келісіп еді. Әбден құжаттарды түгендеп, аударма жасап болғанда сөзінен тайқып шықты. Бір ай бойы тіркеуге тұратын үй таппай сандалдық. Жолдасым даяшы болып жасайтын мейрамханадағы аспаз апай ғана: «кішкентай сәбимен далада қалдыңдар ғой» деп келісім берді. Қызымыз Кәусарға екі ай толғанда елге кетіп, Қазақстанға биылғы наурызда оралдық.

– Жарың да Қарақалпақстаннан ба?

– Иә, тек ол басқа қаладан. Екеуміз Атырауда таныстық. Ол кезде мен дайындық курсында, әйелім бірінші курста оқыды. 2019 жылдың тамызында отау құрдық. Артық шығынсыз, ағайын-туманың басын қосып той өткіздік. Оның үстіне бір үйде екі студентті оқыту оңай емес (күліп). Қазір әйелім университетте «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығының IV курсында оқиды. Өзім «Дене шынықтыру» мамандығында III курста оқып жатырмын. Келіншегім екеуміз студент болған соң, жатақханада тұрамыз.

– Кішкентай ханшайымның тәрбиесі ата-әжесінің мойнында екен ғой…

– Иә, үлкендердің қолында. Кейде бір-екі күн демалыста қасымызға әкелеміз.

Былтыр мамыр айында карантин күшейіп тұрғанда дүниеге келді. Жатақханадан «Алмагүлдегі» перзентханаға жаяу барып-келіп жүрдім. Басқа елдің азаматы болған соң, перзентханада босанғаны үшін де ақша төледік. Үкіметтің белгілеген бағасы – 85 мың теңге. Оған анализ, басқа да медициналық қызметтерді қосқанда, барлығы 105 мың теңгедей шығындалдық. Сондай қиналған кезде көмектескен жатақханадағы апайларға алғысым шексіз. Карантиннің кезіне тап келген соң шәкіртақымызды жинақтап жан бақтық.

– Қазір табысыңыз отбасын асырауға жеткілікті шығар? Тамақ пісіруге бұрыннан қабілетіңіз бар ма еді, әлде арнайы оқыдыңыз ба?

– Шүкір, жетеді. Аспаз болып, жалақыға жұмыс жасаймын. Оны арнайы оқыған жоқпын. Өз бетіммен үйреніп алдым. Донер, бургер, наггетс, ірімшік таяқшалары секілді тез әзірленетін тағамдар ғой.

Колледждегі мамандығым – мұнай бұрғылау операторы. Ұңғымада жұмыс жасауым керек еді (күліп). Мамандығыма қызығушылығым болмады. Күндіз университетте оқудамын, сабақтан тыс кезде үнемі жұмыс орнымнан табыламын.

– «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» демей ме, артының қайыры болар… Бұл жерде жұмыс жасағаныңызға қанша уақыт болды?

– Үйленген жылы осы секілді тез әзірленетін тағам жасайтын жерде жұмыс жасағанмын. Содан бері осы жұмысқа үйреніп кеттім. Бұл жерге келгеніме көп уақыт болған жоқ, өйткені дүңгіршектің ашылғанына да бір ай жарым болды. Дүңгіршек иесінің шақыртуымен келген соң, еркін кесте бойынша жұмыс жасаймын. Ашылған сәтте ас мәзірін өзім дайындадым. Қай нәрсе де басында оңайға соқпайды ғой, алғашында қиындығы болғанымен, осы айда жұмысымыз алға басып жатыр. Оның үстіне келіншегім ақылы оқуда оқиды. Жылына оқу ақысына 450 мың теңге төлейміз.

Қазір, шүкір, шәкіртақыны көтерді. Жолдасымның оқу ақысын шәкіртақымнан ай сайын, жылдың соңына дейін толық төлеп бітіреміз. Отбасын асырау үшін жұмыс жасау керек.

– Сабақ кезінде тіл жағынан қиындық туындаған жоқ па?

– Ересек болған соң, оның үстіне бірнеше жыл Қазақстанда жүргендіктен ешқандай қиындық болған жоқ. Рас, Иран, Ауғанстан, Қытайдан келгендерге біраз қиын болғанын білемін. Мысалы, Ираннан келген қандастар қазақша сөйлейміз дегенімен, сөздерінің жартысы қазақша, жартысы парсыша. Иранда қазақ мектептері жоқ екен. Олар өзара бір-бірін жақсы түсінсе де, бізбен сөйлескенде ауырлау болғаны жасырын емес. Әрине, қазір үйренді ғой.

– Келесі жылы университетті бітіресіз, қандай мақсатыңыз бар? Осы кәсіпке бейімделуді ойламайсыз ба?

– Мұғалім болып жұмыс жасағым келеді. Ұстаз қай жерде де ұлы болады ғой. Қазіргі жасап жатқан жұмысым бір күні болады, бір күні болмай қалады. Уақыт өте береді. Адам баласына көп пайдаң да тимей қалатын секілді. Мұғалім болсам, тәрбиелеген шәкірттерім «ұстаз» деп сыйлап, алғыстарын білдіріп жатады ғой. Ол мақсатқа жету үшін тоқтап қалмауым керек.

Әзірге өзіме осы жұмыс ұнайды. Оқуды аман-есен бітіріп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрғым келеді.

– Шетелден келген қандастардың құжаттарын туралауда қандай кедергілер кездеседі? Ашып айтсаңыз…

– Өз басым келген қандастарымызға мүмкіндігінше көмектесуге тырысамын. Қаржылай көмектесе алмасам да, құжат жинауына жол сілтеп, бағыт бере аламын.

Ақтау қаласында өкімет тарапынан ашылған «Оралмандар орталығы» бар екен. Ираннан келген қазақтар сол жерде тұрып жатыр. Азаматтық алған адамдар да бес-алты жылдан бері сол үйде әлі күнге дейін тұрады екен. Жұмысқа тұрып кеткенінше ұсынылып отырған мұндай көмек Атырауға келген қандастарға да келісім-шарт негізінде жасалса жақсы болар еді. Өйткені, университетте оқитын қандас студенттер оқу орнында бір жылдық тіркеуде ғана тұра алады. Айталық, Өзбекстаннан келгендер құжаттарын түгелдей қазақ не орыс тіліне аударуы керек. Оны нотариус арқылы куәландыру керек, барлығы ақылы.

– Отбасыңыз жөнінде айтсаңыз, бұл жаққа үйреніп жатыр ма?

– Отбасымда әжем, әке-шешем, қарындасым мен інім бар. Қарындасым 2019 жылы Ақтау қаласына тұрмысқа шыққан, сол жақта тұрады. Өзбекстаннан колледж бітіріп келген інімді Атырау университетінің дайындық курсына тапсыртуды ойлағанбыз, бірақ биылғы оқу жылында талапкерлердің саны жетпей қалды.

Әке-шешем әзірге жұмыссыз. Өзбекстанда тұрғанда әкем Ауған соғысының ардагері ретінде жәрдемақы алатын. Құжаттары дұрыс болмай қалды ма, әйтеуір жәрдемақысын 2017 жылы тоқтатып тастады. Оның үстіне қан қысымы бар, жүрегі де ауырады. Сондықтан, жұмыс жасамайды. Қазір жағдайы жақсы, шама келсе жұмыс жасамағанын қалаймыз. Анам Қарақалпақстандағы бір мектепте тазалықшы болып еңбек етті. Он бір құрсақ көтерген әжем Өзбекстаннан зейнетақысын алып келді. Тіркеуден шыққаннан кейін зейнетақысы тоқтатылды. Бұйырса, азаматтығын алғаннан кейін құжат жинақтап Қазақстанның зейнетақысын алуға жұмыстанамыз.

– Тағдырлас бауырлармен араласып тұрасыздар ма?

whatsapp image 2021 11 23 at 16.37.13

– Иә, олардың көпшілігі жатақханада тұратын студенттер. Оқуын бітіріп кеткенімен хат-хабарымыз үзілген жоқ. Оларға қысқы демалыста елдеріне кетіп, әке-шешелері рұқсат берсе, ол елдің тіркеуінен шығып, менің үйіме тіркеуге тұруына болатынын айтып жүрмін. Бүгін бе, ертең бе, әйтеуір көшіп келеді ғой, қанымыз қазақ болған соң бәрібір атажұртқа тартып тұрады.

«Менің әке-шешем де сол жақта ғой» деп, оқу бітіріп баруға болар еді. Бірақ Атыраудан барғанда, біріншіден тілім өзгереді. Қазақ сыныптары аз болған соң, қарақалпақ немесе өзбек тілінде сөйлеуге мәжбүрлік туындайды. Бұрын Қарақалпақстанда қазақ мектептері болды. Өзім 9 жыл қазақ сыныбында оқыдым. Мен оқыған кезде тоғызыншы сыныпта екі-үш қазақ сыныбы болатын…

Сөйтіп, «осы жерде мұғалім болып қалайын, өз елімде өсіп-өнейін» деп шештім. Оның үстіне мемлекет тарапынан этникалық қазақтарға грант бөліп, қолдау көрсетуі Тәуелсіздіктің жарқын жемісі ғой.

– Университет тарапынан қандай қолдаулар бар?

– Дайындық курсын бітірген соң университетке ақылы оқуға түскен жағдайда жеңілдік қарастырылған еді. Келіншегім ақылы оқуға түскенде оқу ақысына 50 пайыз жеңілдік жасапты. Екінші жылында 30 пайыз болды. Былтырдан бері жеңілдікті алып тастады. Университеттің өздерінің саясаты болса керек, оған ешкім араласа алмайды ғой.

– Дене шынықтыру мамандығын таңдаған себебіңіз? Спортқа жақынсыз ба?

– Айтарлықтай спортшы емеспін. Футбол, волейболға әуесқой ретінде қызығушылығым бар. Таңдаған себебім – грантқа түсуге мүмкіндік болды. Оқуға тапсырғанда қазақ тілі мен Қазақстан тарихынан тест және спорттық көрсеткіштен емтихан тапсырып, 90 ұпай жинадым.

– Ашық-жарқын сұхбатыңызға бек рахмет!

Наурызбекпен әңгіме барысында еліміздің дамуына үлес қосып жүрген отансүйгіш буынның өсіп келе жатқанын байқадық. Айтар ойы бар осындай жастардың тағдыр сынақтарына әбден шыңдалып, өз бетінше өмір сүріп жатқаны кейбір замандастарына әжептәуір сабақ болады деген ойға бекіндік.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз