ӨТКЕНДІ ҰМЫТҚАН БОЛАШАҚТЫ БОЛЖАЙ АЛМАЙДЫ

Бұдан тура екі жыл бұрын Елбасымыз Абылай ханның 300 жылдығына орай «Абылай Керей мен Жәнібек хандар құрған Қазақ ордасын еңселі ету ісіне саналы ғұмырын арнады. Қазақ хандығы деген ұлан-ғайыр жерімізді жаудан азат етіп, еліміздің етек-жеңін бүтіндеді» деген-ді. Ал, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан тәуелсіздігінің туын тікті, жас мемлекетімізді дүние жүзіне танытты. Демек, мемлекет басшысының өмірінің өзі – күллі еліміздің ғұмырнамасы. Міне, Елбасымыздың «Өмір өткелдері» аталатын кітабы – сондай шежіре.

 

Жалпы, ел басшыларының өзінің өмір жолын жеке шығарма немесе сындарлы сұхбат түрінде баяндап отыруы – әлемдік тәжірибеде бар дағды. Өйткені, бұл – сол елдің халқы үшін тағылымды тарих. Кешегісін ұмытқан бүгінгісін бағамдай, болашағын болжай алмайды. Біздің өткен жолымыз – әрқайсымыздың өмірбаянымыздың бір бөлшегі. Оны жадыдан шығармауымыз керек.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта шені есіңізде ме? Кешегі мызғымастай көрінген кеңестік кезең құрдымға кетті. Одақтас он бес республика өз алдына отау тікті. Алдында қалай бірігіп жүргенбіз, сол сәтте-ақ бұрынғы барлық байланыстың тас-талқаны шықты. Экономика тығырыққа тірелді. Төленбеген жалақы мен зейнетақы, жанбаған жарық пен газ, ақпаған су, берілмеген жылу – міне, сол кездің көріністері. Көп қабатты үйлердің тұрғындары қазандарын көтеріп, далаға от жағуға шықты. Әйел ерге, ер жерге қарады. Бұған дейін де «мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан өзіміз куә болған осындай да күндер өтті. Нұрсұлтан Әбішұлының кітабында тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңіндегі бұл қиындықтар да қамтылған.

Шетелдік капитал, инвестиция тарту дегенді білдік пе? Көп республиканың бірі ретінде Мәскеудің тасасында қалған Қазақстанды кім танушы еді? Ал, беймәлім елге тәуекелі тұрып кім келеді? Міне, сол сын сағатта инвестиция іздеуге Елбасының өзі кірісті. Мұхит асып, Америкаға барды. Тілшіге берген телесұхбатында Нұрсұлтан Әбішұлы «Қиын кезеңде шетел инвесторларын тарту үшін жағдайымызды әсірелеп айтуға мәжбүр болдым» деп сырын ашады. Сонда ол мұны кім үшін істеді? Бүгінде сол инвестицияның игілігін көріп отырмыз. Республикаға сырттан қаржы жеткізу нәтижесінде ел экономикасы қысқа мерзімде қалыпқа түсіп, одан әрі өркендей берді. Ал, шырғалаңнан шыға алмай жүргендер қаншама?. Міне, Елбасы кітабында осы өткеніміз де кеңінен көрініс тапқан.

Инвесторлармен тығыз байланыстың қаншалықты тиімділігін, әсіресе, жылыойлықтар жақсы сезініп отыр. Мемлекет басшысының тікелей шақыруымен табалдырығымыздан тұңғыш ірі инвестор «Шеврон» аттады. «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны пайда болды. «Жақсының шапағаты ортақ» дегендей, жылыойлықтар жаңа компанияның қолдауын сол құрылған сәтінде-ақ көрді. Сонау 1993 жылы аудан халқы тасқыннан зардап шеккенде инвестор лайықты демеу танытты. Оны тұрғындар әлі ұмытқан жоқ. Бүгінде ТШО – аяғына нық тұрған, республикалық «Парыз» жүлдесін жеңіп алған, өзге де қазақстандық марапаттарға ие болған белгілі компания. Міне, бұл да – Елбасы өмірінің, ел тарихының бір парағы.

Қысқасы, «Өмір өткелдері» кітабында тәуелсіз Қазақстанның бұған дейін жүріп өткен жолы сайрап жатыр. Елбасы өмірі мемлекетіміздің ғұмырнамасымен астасады. Бұл – әр қазақстандық оқуы керек, танысуы тиіс дүние. Әрине, белгілі журналист Сауытбек Абдрахмановтың шеберлігін жоққа шығаруға болмайды. Сұхбат алушыны әңгімеге тарта отырып, әр қырынан көрсетуге ұмтылушылық бар. Шынайы шығарма осылай жазылса керек.

Үмбет ЖАҚАШЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Жылыой аудандық филиалы төрағасының

бірінші орынбасары, «Қуан» ЖШС-нің директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз