ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС ӨРІСІ

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызмет аясы кеңейе түсті. Бизнесмендердің мүдделерін қорғайтын ұйым ауыл кәсіпкерлігін дамыту, кедергілерді азайту бағытында жұмыстарын күшейтетіні белгілі болды. Бұл туралы Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын Жолдауына арналған кезекті брифингте айтылды. Орталық Коммуникациялар Қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов алдағы міндеттер туралы толығырақ баяндады.

 

Палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, алдағы басты мақсат  2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 50 %-ға жеткізу болып отыр. Сондықтан, Жолдауда айтылған мәселелерді орындауда ұйым бес бағыт бойынша жұмыстарын бастамақ. Біріншіден, үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаларды дамытуға атсалысуға көп көңіл бөлінеді. «Бағдарламаның мүмкіндіктерін жергілікті жердегі тұрғындарға тереңірек түсіндіретін боламыз. Оған ене алмай қалған кәсіпорындардың қандай қиыншылықтарға тап болғанын тексереміз. Біз осындай жұмысты бес облыста іске асырдық. Енді барлық аймақта өткізу жоспарымызда бар. Бұдан басқа, палатаға мүше кәсiпкерлердiң нақты санын анықтауды қолға алдық. Осы орайда, барлық аймақтық палаталарға жыл соңына дейiн қай секторда қанша кәсiпорын жұмыс iстеп жатқаны жөнiнде электронды мәлiметтер базасын құру туралы тапсырма бердiк. Қазiрдiң өзiнде кейбір облыстардағы ресми статистика шындыққа сәйкес келмейтіні анықталып жатыр. Мысалы, тiркелген 1 млн. 600 мың кәсiпкерлiк субъектiсiнiң небәрi 800 мыңы ғана жұмыс iстеп тұр. Яғни, әрбiр екiншiсi ғана белсендi»,-деген басқарма төрағасы ауылдағы кәсіпкерлікті өркендету, адам капиталын дамыту, шағын және орта бизнеске бөгет жасайтын кедергілерді алып тастау және заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында біраз шаруа қолға алынатынын айтты. 

Наурыз айында өтетін Елбасымен кездесуде, маусым айына белгіленіп отырған Құрылтайшылар съезінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының стратегиялық бағдарламасы бекітіледі. Ол әр кәсіпкердің көмекші құралы болуы тиіс. «Кәсіпкерлікті отбасылық дәстүрге айналдыру жайын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, әсіресе, әрбір ауыл тұрғынына жеткізуге тырысамыз. Бизнес әр үйге келуі қажет», – деді А.Мырзахметов. 

Брифингте белгілі болғандай, кәсіпкерлік саласындағы ілкімді істермен қатар, «әттеген-ай» дегізетін тұстардың да бары рас. Мәселен, алқалы басқосулардың бірінде бизнес әліппесіне үйрететін оқудан өткендердің сегіз пайызы ғана істерін бастағаны айтылған. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы кәсіпкерлерді оқытуға арналған көп бағдарламалар формальды түрде ғана жүзеге асқанын растады. 

«Тендерді өңірлердегі кәсіпкерлік басқармалары өткізеді,-деді басқарма төрағасы. – Бір қызығы, байқау тамыз айында өткізіледі де, желтоқсан айында кәсіпкерлерді оқытқандары туралы есеп береді екен. Оның үстіне, кейбір аймақтар оқытуға өзге облыстың компаниясын тартады. Одан қандай сапа болмақ?» Сол себепті, «Даму» қорының кейбір қызметтері Ұлттық палатаға берілетіні белгілі болды. 

Брифингте журналистер кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, шағын несиеге берілетін қаражат сомасының аздығы туралы сауал жолдады. Ал, бизнес иелеріне көп реттерде санэпидқадағалау мамандары тарапынан тексерулер жиі орын алатынын, сонымен қатар жер телімін беруде қағазбастылықтың қолбайлау болатыны айтылды. «Нысанның құрылысын жүргізу үшін құжаттарымен сегіз айдан бастап екі жылға дейін жүруге болады екен. Бұл бағытта біз бүгінде прокуратурамен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеуді бастап кеттік»,-деді А.Мырзахметов. 

Айбөпе САБЫРОВА.

Біздің дерек:

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық филиалының директоры Асылбек Жәкиевке хабарласып, аймақтағы ахуалға қанықтық. Филиал басшысы мұнайлы өлкедегі Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің құрамында жиырмаға тарта кәсіпкер бар екендігін айтты. Ал, мүшелікке мұнайлы өлкедегі барлық бизнес иелері кіреді. Қазір палата аудандарда филиалын ашу мақсатында ауылдарды аралап, кәсіпкерлермен кездесу өткізуде. «Қазір ішкі инвестор тарту бағытындағы жұмысты қолға алдық. Көбіне-көп ауыл тұрғындары өздерінің аудандарында жүзеге асыруға болатын мүмкіндіктерді жетік біле бермейді. Біз бұл ретте түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын күшейтеміз», – деді А.Жәкиев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз