Қоғам

ОТАНСҮЙГІШТІК – ҰЛЫ ҚАСИЕТ

Ерлік пен елдік – басты ұстаным

Қоғамдық санада патриотизмді қалыптастыру – қысқа мерзімде іске асатын саяси нау-қандық шара немесе әлеуметтік акт емес, өз кезегінде ол рухани тәрбие, ұлттық құндылықтар, азаматтық, мәдени-әлеуметтік, саяси, экономикалық көзқарас пен дүниетаным сияқты санаттармен үндесетін кең ауқымды, жүйелі ұғым. Нәтижесінде осының бәрі еліміздегі патриоттық тәрбиенің іргетасы іспетті Мәңгілік ел идеясының аясында тоғысуы қажет. Біздің еліміз сияқты әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте жаңа қалыптасып келе жатқан ел үшін отансүйгіштік сана-сезімінің қалыптасуы аса маңызды мемлекеттік деңгейдегі міндет болып табылады. Сондықтан, патриотизм идеясы жастар ғана емес, бүкіл қоғам үшін мәні мен мазмұны түсінікті, елдің азаматтарын олардың тілі немесе ұлтына, дініне қарамастан біріктіре алатын, қазіргі заманның прагматизміне де сәйкес келетін ұғымдарға негізделуі қажет.

Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Ассамблея жылы сынды маңызды оқиғалардың барлығы да қоғам мен жастар арасында отансүйгіштік сезімінің қалыптасуы мен тереңдеуіне ықпал ететін шаралар болып табылады. Әңгіме, әрине, оларды жүйелі түрде, қалың көпшіліктің көкейінен шығатын, елі үшін мақтаныш сезімі туатындай дәрежеде өткізуде екені сөзсіз. Қазіргі әлемдегі саяси, экономикалық тұрақсыздық пен дағдарыс кезеңінде елдегі жағдайдың тыныштығы мен бірлігі, айқын болашағы болуы отансүйгіштік сезімін нығайтушы фактор екені күмән тудырмайды. Оның үстіне қазіргі заманның жаппай прагматизм мен дүниеқорлық психологиясы басым болып тұрған кезде адамдардың патриоттық сана-сезімі құр идеалистік ұстанымдарға құрылмайтыны белгілі.

Сондықтан, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешім табуы, осы бағыттағы үлкен жобалар тағы бір маңызды фактордың бірі болып табылады. Және де қазақстандық патриотизмді мағыналық жағынан толықтыратын құрылымдық элемент – елдегі этносаралық және дінаралық келісім саясатының көпшіліктің қолдауына ие болуы. Бұл ұғымның толыққандылығы да осы идеяның нақты іске асуымен тығыз байланысты. Ұлттар мен халықтардың бір мемлекет ішіндегі оқшаулануы мен әлеуметтік-мәдени, құқықтық жағынан шектелуі қашан да ұлтаралық қатынастың дағдарысына әкелері сөзсіз. Сондықтан, қоғамдық институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының патриотизмді қалыптастырудағы рөлі мен мүмкіндігін ескеру және толығынан пайдалану қажет. 

Тәрбие – талбесіктен

Ал, патриотизмнің рухани жағына келер болсақ, өз еліңнің тарихын және оның жас ұрпаққа үлгі етер жақтарын білу, халқыңның біртуар ұлдары мен қыздарын мақтаныш ету, олардың ерлігі мен жетістіктерін әлемге паш ету қазіргі әлемдік бәсекелестік жағдайында патриотизмге тәрбиелеудің маңызды элементі екеніне шүбә жоқ. Қазіргі ақпараттық кеңістікте жиі кездесетін бір елдің белгілі адамын екінші елдің өз атына таңуы да осындай бәсекеден туады. Ал, оның арғы жағында ұлттық мүдде жатқаны сөзсіз. Ұлттық мүдде мен патриотизм сезімі қашан да қатар жүретін тандем болып келеді. «Осы патриотизм санасының төмен болуына қандай факторлар ықпал етеді?»деген сұраққа жауап іздесек, бірнеше өзара байланысты нәрселерді көреміз.

Ақпараттық технологиялардың дамуы өскелең ұрпақтың өзге елдің арзанқол мәдениеті мен отансүйгіштік сезіміне, ұлттық санасына тосқауыл қоятын идеологиясымен улануына себепші болуда. Осындай жағдайда этномәдени тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді заманауи құралдар арқылы насихаттау мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек.

Сонда ғана ұлттық құндылықтардың отансүйгіштікке тәрбиелеу функциясы өз мақсатына жете алады. Демек, қазіргі экрандық мәдениет басым заманда ақпараттық кеңістіктегі патриотизмге тәрбиелеу, қалың көпшіліктің отансүйгіштік санасын басым ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Өкінішке орай, қазіргі мультимәдениет, әлемдік интеграция кезінде кейбір жастардың отансүйгіштік сезімін өзіне өмір сүруге қолайлы жағдайға немесе мәдениетке айырбастауы да кездеседі. Сондықтан, ұлттық базистік құндылықтардың бірі ретінде патриоттық сезімін балабақшадан тәрбиелеу елдің болашағын идеологиялық қамтамасыз етудің негізі болып табылады. Сонда ғана қазақстандық патриотизм әр азаматтың отансүйгіштік санасы мен сезімінің  іргетасы бола алады.

Өмірбек БЕКЕЖАН,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облыстық

филиалы ғылыми бөлімінің аға сарапшысы, философия ғылымдарының докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button