ОТАНДЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТЕДІ

Қазақ елінің алдында әлемнің ең дамыған озық отыздығының қатарына ену міндеті тұр. «Қазақстан – 2050» стратегиясымен бірге, нақты жүз қадамнан тұратын ұлт жоспары осы міндетке жетелейтін темірқазық болып саналады. Осыған орай, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың қатысуымен өткен жиында Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов бастаған ақпараттық топ өкілдері еліміздің экономика саласында атқарылып жатқан істер, межеленген жобалар жөнінде мәлімет берді.

 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев мемлекеттің барлық маңызды салаларына, экономика аясына үлкен өзгерістер толқынының келетініне тоқталды. «Бұл бес институционалдық реформаның маңыздылығын көрсетеді. Ресей рублінің құлдырауы, жаһандық геоэкономикадағы өзге де ахуалдар ел экономикасының алдына жаңа міндеттер қойып отыр» деп атап өтті ол.

Айта кеткен жөн, нақты жүз қадамнан тұратын ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында Президент Жарлығымен бес жұмыс тобынан құралған жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Оны Үкіметбасы Кәрім Мәсімов басқарады. Комиссия жұмысына және алдағы міндеттерге тоқталған Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов екінші бесжылдықтың геосаяси, геоэкономикалық тұрғыда күрделі кезеңдермен бетпе-бет келгенін атап өтті. «Қытай экономикасының кешеуілдеуі, Ресейге қарсы салынған санкциялар отандық экономиканың алдына өнімділікті арттыру, капитал нарығының шығындарын неғұрлым азайту міндеттерін қойып отыр. Бұл орайда өндірістік салада 0,2 пайызға өсім барын атап өткім келеді. Цемент өндірісі салыстырмалы түрде 14 пайызға, тау-кен өндірісі 1 пайызға, арматура өндірісі 65 пайызға өсті. Жыл аяғына дейін  800 мың тонна арматура шығару жоспарлануда. Мұның барлығы кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың  арасында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде мүмкін болып отыр.  Индустрияландыру картасы бойынша республикадағы 770 жобаның 130-дан астамы түрлі себептермен тоқтап тұрған еді. Енді оларды сауықтыру жұмыстары жүргізілуде» деген ол экономика саласында атқарылып жатқан бірқатар шараларға тоқталды.

Комитет төрағасының атап өтуінше, «Жібек жолы» жобасының жүзеге асырылуы елімізге шетелдік инвесторлардың көптеп тартылуына жол ашады. Және бір жаңалық, жеңіл, ауыр автокөліктер, ғарыштық аппарат құрастыру бойынша бірқатар шетелдік компаниялармен келісім жасалуда. Келісімдер сәтті аяқталған жағдайда, елімізде жылына «Рено», «Ниссан» маркалы 200 мың көлік шығарылатын болады деп күтілуде.

 Жиын барысында индустрияландыру картасы аясындағы өзге де меже мен мүмкіндіктер кеңінен талқыға салынып, ұсыныстар айтылды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз