ӨНЕРДІҢ НАР-ИМАНЫ

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, сазгер, күйші, әнші, сахна шебері, Нариман Үлкенбайұлының туғанына 75 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында еске алу көрмесі ұйымдастырылды. Атыраудың нар тұлғасын ұлықтауға арналған шараға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер жайында толғана әңгімеледі. 

   – Нариман Үлкенбайұлы туралы ұзақ айтуға болады. Себебі, тумысынан  таланты адам таудан аққан бұлақ сияқты, тамған жерін теспей тұрмайды. Міне, сол секілді Нариман ағамыздай аса талантты адамның Атыраудың топырағында дүниеге келуі – әрбіреуіміз үшін мақтаныш. Ғайыптан-тайып ешқандай құбылыс болмайды. Нариман ағаның сөйлеген сөзі кезінде Махамбет бабамыз жалындап жүріп айтқанындай еді, ал ағамыздың тартқан күйі Құрманғазы бабамыздың, Дина анамыздың  шығармасының жалғасы деп түсінеміз.  Оның әншілік қасиеттері Батыстың әншілік мектебінің негізінде қалыптасты. Тұла бойына осы өңірдің тарихы, жақсылар мен жайсаңдардың қасиеті бұйырған Нариман ағамызбен мақтанатынбыз. Сол мақтанышымыз қазір сағынышқа айналып бара жатыр,- деді Шыңғыс Жұмабекұлы. – Ол кісінің көп қасиеті бар еді. Соның ішінде адамдар арасындағы жарасымдылықты қалайтыны және үнемі адамдар арасындағы ынтымаққа түрткі болып жүретін қасиеті ерекше еді. 2012 жылы шыққан «Өздерің болсаң жанымда…» деген кітабының атауы да жайдан-жай емес. Нариман ағаны еске алуға арналған кешке елдің азаматтарының, зиялы қауымның бір залда жиналуының өзі ғанибет. 

Нариман Үлкенбайұлы–1939 жылы 1 қаңтарда Атырау облысы Исатай ауданындағы Манаш ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Гурьев медициналық училищесінде білім алып, кейін Алматы малдәрігерлік институтын сырттай бітіріп, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Жоғары  кәсіподақ мектебін тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын 1958 жылы Чапаев учаскелік ауруханасында фельдшер болып бастаған.

Сонымен қатар, 1957 жылы 500 адамдық  оркестрінің құрамында үздік күйшілердің қатарынан көрініп тарихқа енсе, одан кейінгі жылдарда Аққыстауда  Ғатау Рамазановтың бастауымен ашылған драма үйірмесінің қойылымдарына қатынасып, ауыл халқының мәдениетін көтеруде  белсенділік танытты. Ол дала дауысындай жаңғырық үннің иесі Ғарифолла Құрманғалиевті пір тұтып, ақын Кәкімбек Салықовтың «Жезкиігін» жез таңдайына салып, барша халықты таң-қалдырған әнші, Құрманғазы, Дина, Ерғалидай күй саңлақтарының дарынын бойына жинаған күйші, Зейнолладай ғажап ұстаздың шешендік өнерін жалғастырған сөз зергері, ұйымдастыру шеберлігі шыңдалған көркемдік жетекші атанды.

Нариман Үлкенбайұлының осындай өмір өткелдері топтастырылған көрмеде қоғам қайраткерлері Әбіш Кекілбаев, Кәкімбек  Салықов, Фариза Оңғарсыновадай алыптармен және үзеңгілес досы, інісі Төкен Танаұлымен, Ғатау Ибішевпен бірге түскен фотосуреттері де орын алыпты. Өнер майталманының кітаптары, баспасөз бетінде жарық көрген сұхбаттары да қамтылған.

Әсіресе, 2000 жылы Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына басшылыққа келген кезі, ұйымдастырушылық қызметі, мұражайдың жаңа тынысын қалыптастырғандығы кеңінен айтылды. «Ол музейтану ісінің нағыз маманы, тарихи тұлғалардың ізін жалғастырушы, жаршысы бола білді. Елді-мекендерді аралап, өлке тарихын дамытуда көптеген жұмыстар атқарды. Этнографиялық, археологиялық экспедициялар ұйымдастырып, республикалық, өңіраралық конференциялар мен көшпелі көрмелер өткізу жандана бастаған. Махамбет бабамыздың 200 жылдық мерейтойы да Нариман Үлкенбайұлының ұйытқы болуымен жоғары деңгейде атап өтілді деуге болады», – деді көрмені көпшілікке таныстырған музей қызметкері Дулат Хамзин тарих парақтарынан мысалдар келтіре отырып.

Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов өнер үшін жаратылған қайраткер хақында былай әңгімеледі: «Жастайынан  жаңалыққа жаны құмар еді. Атырау өңіріндегі тойларды, отырыстарды әдемі, әсерлі етіп өткізуді алғаш тұрмысымызға енгізген Нариман Үлкенбайұлы болатын. Түрлі шараларды жандандырып өткізетін. Ол көне күйлерді тауып, халыққа танытуда көп еңбек сіңірді.   Алдағы уақытта оның қаламынан туындаған дүниелер, сазгердің жүрегінен шыққан әуендері, төкпе күйлері зерттеуді қажет етеді», – деп ұсынысын білдірді. 

Н.Үлкенбайұлының «Жанымның жақсы көрген адамдары» атты әнін «Д.Нұрпейісова атындағы халық аспаптар академиясы», Атырау музыка колледжінің оқытушысы Самал Өмірзақова орындап берсе, Нариман Үлкенбайұлының жары Шолпан апа тұлғаны ұлықтауға арналған кештің жоғары деңгейде өткізілгеніне тоқталды.  

Бір әулеттің ғана емес, еліміздің зор мақтанышына айналған дүлдүл домбырашы Айгүл Үлкенбаева шара ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, өз шығармашылығынан төгілтіп күй орындап берді. Кеш барысында Нариман Үлкенбайұлының 75 жылдығы қарсаңында облысымызда кең көлемде турнир өткізу жоспарланып отырғаны да атап айтылды.

Тағылымы мол шараның соңында Мәмбет Нариманұлы әкесінің «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Өздерің болсаң жанымда..» атты кітабын Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына табыстады. Бұл кітап Нариман Үлкенбайұлының қаламынан шыққан екінші еңбегі болатын.

Көзі тірісінде саналы адам ғибрат алатын екі кітап жазып кеткен Нариман ағаны бұл дүниеде жоқ дегізбейтін де осы еңбектері дерсің. Кітапхана басшысы Гүлжанай Қалиева бұл тағылымды мұраның  өңіріміздің әр ауданына, ауылына таратылатынын жеткізді.

             Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз