Өнербек ЖАНБАЛА, «Самал» ЖШС директоры, кәсіпкер: БІЗДЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ БОЛМАУЫ КЕРЕК

Елордамыз Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезіне қатысқан делегаттардың бірімін.

 

Көшбасшы болып келе жатқан билік партиясының бұл форумында «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты 2016-2021 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы қабылданып, біздің экономикамыздың, мемлекет пен қоғамның нақты міндеттері мен бағыт-бағдары белгіленді. Тәуелсіздік жылдарында ұлттық экономикамыздың жалпы ауқымы 23 есе ұлғаюы, тек соңғы алты жылда экономиканың 28 жаңа саласы пайда болғандығы, 890 өндіріс іске қосылып, елімізде бұрын ешқашан өндірілмеген 400 жаңа өнім түрлері өндіріле бастауы – экономикалық әлеуетіміздің қаншалықты өскендігін айғақтайтындай.

Алда  Мәңгілік  ел идеясымен қаруланған қазақстандықтарды жаңа межелердің күтіп тұрғаны да белгілі. Съезде сөйлеген Елбасымыз жаһандық, экономикалық ахуалдың қиыншылығына, өтіп жатқан дағдарысқа байланысты Қазақстанда Үкімет пен Парламент бірлесіп, қыруар жұмыс атқарғандығын еске салды. «Нұротандықтар» форумы экономикалық қайта өрлеу бағыттары бойынша жекешелендіру және тиімді меншік иелерін қолдау, орта тап – елдің жалпы дамуының ресурсы, жаңа инвестициялық саясат, экономикалық қауіпсіздік шараларының нақты жоспарларын айқындап алды. Әр қазақстандықтың еншісіне енді білекті сыбанып жұмыс істеу ғана қалды.

«Қазақстанда жұмыссыздық деген болмауы керек. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар», – деп тоқталды Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент елімізде тиісті бағдарламалар мен қаржылық қолдау тетіктері қамтылғанын, сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасын» өзектендіру арқылы еңбек адамдарына қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Ендеше, мұнайлы аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдары, бизнес өкілдері жаңа жұмыс орындарын ашу, бәсекеге қабілетті, сапалы, әрі қолжетімді өнім өндірудің мүмкіндіктерін қарастыруы қажет деп ойлаймын.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз