ОФИЦЕРЛЕР УЧИЛИЩЕСІ БОЛҒАН…

оны бітіргендер тура майданға аттаныпты

Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін еместігі әмбеге аян. Қай дәуірде де әр елдің бірінші орында тарихы, салт-дәстүрі мен тілі, діні тұрады, өзге ел сол арқылы таниды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабында да «біздің тарихымызда бүгінгі ұрпақ ұялатындай ештеңе жоқ» деп ерекшелеп жазуы да осы ойды аңғартса керек. Расында, қазақ халқының тарихы қай кезде де ат тұяғымен жазылған. Ата-бабамыз тірі болу үшін күрескен болса, енді біз ірі болу үшін күресуге тиіспіз.

Газетіміздің әрбір сенбілік нөмірінде өңіріміздегі бір кездері халық игілігіне жараған, бүгінде тарихқа айналып, көненің көзі саналған ғимараттарға тоқталуды жөн санадық. Құрметті, оқырмандар, Сіздердің де осындай тарихи орындар жайында зерттеу немесе көнекөздерден естіген әңгімелеріңіз болса, редакциямызға хабарласыңыздар. Біздің электронды поштамыз: atyrau_gazeti@mail.ru

Елдің басына қауіп-қатер төнген Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан үшін әскер дайындау мәселесі бірінші кезекте болды. Осы мақсатта 1942 жылы Атырауда жаяу әскерді даярлайтын училище ашылды. Оқу орнында негізінен кіші командирлер дайындалды. Мәліметтерге сүйенсек, 1942 жылдың наурыз айының басында 1923-1924 жылдары туған жастар әскер қатарына шақырылып, олардан жаяу әскер училищесі жасақталып, сабақ басталды. 1942 жылдың мамыр айында курсанттардың алғашқы тобы майданға аттандырылды, одан әрі де училищеге қабылдау жалғаса берді.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Гурьев тақырыбын зерттеп жүрген облыстық тарихи-өлкетану мұражайының маманы Жанат Жетпісбаева: «Гурьев жаяу әскер училищесі лейтенант шеніндегі бірінші түлектерін 1942 жылдың 20 желтоқсанында даярлады. Офицерлік шен алып, алғаш рет пагон таққан 300 түлек 25 желтоқсанда арнайы эшелонмен Сталинградқа, одан әрі Ростовқа аттанды. 1943 жылы ақпанның басында жас лейтенанттар Ростов және Батайск қалаларын жаудан азат етіп, жауынгерлік сынақтан өтті. Одан әрі Гурьев жаяу әскер училищесі Армия үшін командалық құрам кадрларының нағыз ұстаханасына айналды. Аз ғана уақытта училище 1500 офицер даярлап шығарды. 1944 жылы майдан шебіне жақын жерге, Астрахан қаласына көшірілді», – дейді.

Училищенің түлегі, Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Смыслов: «Інім екеуміз ата-анамыздан ерте айырылып, әжеміздің бауырында тәрбиелендік. Жетінші сыныпты бітіре сала, слесарь мамандығы бойынша оқыдым. 1942 жылы 13 тамызда елде соғыс басталуына байланысты әскер қатарына алынып, аталмыш училищенің алғашқы түлегі болып қабылдандым. Училищені 1943 жылы сәуір айында тәмамдап, соғыс қызу жүріп жатқан Украинаға кете бардым. Оқу орнында тек атыраулықтар емес, ТМД елдерінің көптеген азаматтары оқыды. Біз атқыштар, пулеметшілер, минометшілер болып майданға аттандық».

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимола Ризуанов ғимараттың кейінгі жылдары атауы өзгертілгенін, мұғалімдер даярлайтын екі жылдық училище болғанын айтты.1955 жылы педагогикалық институт болып аталған бұл білім ордасына Қатимолла Ризуановтың өзі алғашқы түлегі болып оқуға қабылданыпты.

Атырау мұнай және газ институты мұражайының директоры Талғат Ильясов: «Соғыс кезіндегі Гурьев тақырыбы әлі де зерттеуді қажет етеді. Өзім зерттеу барысында бұл училище жайында аймақта сақталған негізгі құнды дерек көздерін таба алмадым. Зерттеу жұмысы барысында училищенің алғашқы түлегі, қазір Мәскеуде тұратын В.Ладейщиковтың кітабынан бұл оқу орнында 2500-ден астам әскер оқығанын білдім. Олар майданда ерлік көрсетіп, кейін Атырау өңірінде еңбек майданында да өздерін көрсете білді».

Бүгінгі күні бұл ғимаратта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өнер және спорт факультетінің студенттері білім алуда.

 Дайындаған:

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз