
Өнерге құштар балалар
Бүгінде елімізде инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім алуды қажет ететін балаларды қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да бұл мәселеге арнайы тоқталып, ерекше балалардың әлеуетін ашуға, оларды қоғам өміріне толық араластыруға жағдай жасау еліміздің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осы бағытта Атырау облысында да жүйеле жұмыстар атқарылуда.
Үлкен мүмкіндіктер мекені
Соның жарқын дәлелі ретінде облыстық арнайы мектеп-интернаты бүгінде ерекше білім беру саласындағы үздік тәжірибелер мен инновациялық әдістердің ордасына айналып отыр. Мектеп директоры Ләззат Төлепованың басшылығымен ұжым балалардың аномальды дамуының алдын алу, олардың әлеуметке бейімделуін қамтамасыз ету және жеке қабілеттерін ашу бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Бұл мектеп – тек ерекше балаларға сапалы білім мен тәрбие беретін мекеме ғана емес, сонымен қатар, ерекше балалармен жұмыс жасайтын болашақ мамандарды даярлауда да үлкен үлес қосып жүрген оқу орталығы. Мұнда Атырау университетінің «Арнайы педагогика», «Педагогика және психология» білім бағдарламаларының студенттері тәжірибеден өтіп қана қоймай, дуальды оқыту жүйесі бойынша өз білімдерін жетілдіруде. Яғни, олар ерекше балалармен тікелей жұмыс істеу арқылы кәсіби шеберліктерін арттырып, қоғамға аса қажет маман болып қалыптасуда.
Мектеп-интернат ұжымы білім мен тәрбиені өнермен, спортпен, шығармашылықпен ұштастырып келеді. Мұндағы тәрбиеленушілер түрлі облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – ұжымның еңбегінің, педагогтардың кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі.
Әлемдік аренадағы атыраулық жұлдыз

Аталған білім ошағының мақтанышы, 11-сынып оқушысы Айназ Құралова – дарынды, табанды әрі көпқырлы тұлға. Ол – бір мезетте спортта да, өнерде де биік белестерді бағындырып жүрген ерекше қыз.
Айназдың есімі алғаш рет өнер әлемінде жарқ етіп, балалар шығармашылығының VIII халықаралық «ALMALY.KZ» фестивалінде Гран-при иегері атанғанда белгілі болды. Бұл байқауда ол атақты Селин Дионның «Titanic» фильміндегі әнін орындап, көрермен мен қазылар алқасының зор ықыласына бөленді.
2023 жылы Айназ республикалық «Жұлдызай» фестивалінде де өз дарынымен дараланып, жүлделі орынға ие болды. Ал 2024 жылы ол Қазақстанның атын халықаралық аренада тағы бір мәрте асқақтатты. Германияның Гейдельберг қаласында өткен парадзюдодан халықаралық олимпиадада күміс медаль жеңіп алып, ел мерейін өсірді. Бұл жеңіс Айназдың спортқа деген ынтасы мен табандылығының нәтижесі. Ол: «Дзюдо – менің хоббиім. Бұл спорт мені қуаттандырып, өмірге шабыт береді», – дейді.
Биыл Астана қаласында өткен IBSA Judo World Championships Astana әлем чемпионатында да дарынды жас өз шеберлігін тағы бір дәлелдеді. 40-қа жуық елден келген 300-ден астам спортшы қатысқан дүбірлі додада ол 46 келі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленіп, Қазақстан құрамасының жалпы жеңісіне өз үлесін қосты.
Айназдың жеңістері тек спортта ғана емес, өнер саласында да жалғасуда. Ол қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде ән орындап, облыстық «Біздің таланттар» музыкалық-шығармашылық байқауында да үздік нәтиже көрсетіп жүр. Оның сахнадағы сенімді қимылы, шабытты дауысы көрермендердің жүрегін жаулап алған.
Мектеп-интернат ұжымы мен тәрбиеленушілері Айназдың жеңістерімен мақтанады. Әлем чемпионатынан жеңіспен оралған сәтінде әріптестері мен достары әуежайда гүл шоқтарымен қарсы алып, үлкен қуанышқа бөленді.
Талабы таудай Ерасыл

Арнайы мектептің тағы бір үкілі үміті – 6-сынып оқушысы Ерасыл Сағын. Жас та болса, оның бойындағы өнерге деген құштарлық, сахнадағы еркіндігі мен табиғи таланты кез келген көрерменді тәнті етеді.
Ерасыл 2023 жылы республикалық «Жұлдызай» байқауында бірінші орынды иеленіп, ерекше балалар арасындағы үздік өнерпаздардың бірі атанды. Оның «Көк аспан» және «Дайдидау» әндерін шынайы сезіммен орындауы көрермендердің көз жасына ерік беріп, қазылардың жоғары бағасын алды.
2024 жылы ол тағы да облыстық іріктеуден өтіп, XVIII республикалық «Жұлдызай» фестивалінің гала-концертіне жолдама алды. Астана қаласында өткен бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты балалар қатысып, Ерасыл олардың қатарында Атыраудың намысын абыроймен қорғады. Мектеп-интернаттағы ең белсенді оқушылардың бірі Ерасыл ән айтып қана қоймай, би мен көркемсөз жанрында да үздік нәтиже көрсетуде. Әсіресе, сахнада көркемсөз оқығанда оның дикциясы, дауыс мәнері мен актерлік шеберлігі өз қатарластары арасында айрықша ерекшеленеді. Сондай-ақ сахнадағы әрбір қозғалысы, сөзге мән беруі, көрерменмен байланыс орната білуі – оның өнерге деген ерекше көзқарасын, үлкен дайындық пен ынтаны аңғартады.
Ол тек дарынымен ғана емес, тәртібімен, достыққа адалдығымен, ізденімпаздығымен де мектеп ұжымының сүйікті оқушыларының біріне айналған.
Түйін: Ерік-жігері мықты, жүрегі таза өрендер өзге оқушыларға да үлгі болмақ. Олардың жарқын жетістіктері жалғаса беруін, жолы ашық болып, өмірден өз орындарын табуын тілейміз! Ерекше балалардың әр қадамы ел ертеңіне сенім ұялатады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН

