Жарнама
Қоғам

Өмірге сенім сыйлаған лагерь

Бүгін Атырау қаласында «Тиімді реабилитация» лагері өтті. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі адамдардың өз-өзіне қызмет көрсету, сенімділік пен белсенді өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Іс-шара «Біз де адамбыз» қорының бастамасымен «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді реабилитациялау» жобасы аясында жүзеге асырылды.

Лагерьдің алғашқы екі күні «Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің студенттерінен құралған волонтерлерді даярлауға арналды. Олар арба пайдаланатын адамдарға күтім жасау және көмек көрсету тәсілдерін үйренді. Үшінші күннен бастап лагерь қатысушылары үшін сабақтар басталып, Атырау қаласы мен аудандардан келген азаматтар белсенді түрде қатысып, тәжірибелік және теориялық бағдарламаны меңгере бастады. Бағдарлама жұлын және омыртқа жарақатын алған, арба пайдаланатын адамдардың қажеттіліктеріне арнайы бейімделген.

Лагерь барысында арбаға таңылған нұсқаушылар жеке тәжірибелерімен бөлісіп, арба — бұл үкім емес, керісінше белсенді және толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін құрал екенін атап көрсетті.

–Біздің әр лагерь — жай ғана тренинг емес, бұл — өз-өзіне сенім қалыптастыратын орта. Біз жыл сайын өткен бағдарламаларды талдап, оларды одан әрі тиімді және мазмұнды етуге тырысамыз. Биыл лагерь сегіз күнге дейін ұзартылды. Алғашқы екі күн нұсқаушы ассистенттерін даярлауға арналды — бұл әлеуметтік қызметкерлер мен медициналық колледж студенттері, олар болашақта мүгедектегі бар адамдарға көмек көрсете алады, — деді жоба менеджері Мерей Әнуарбеков.

Бағдарлама физикалық қана емес, шығармашылық реабилитацияны да қамтыды. Сабақтарда белсенді арбада жүру техникасы, кедергілерден өту, ойық жара мен контрактураның алдын алу, сондай-ақ эмоционалды өзін-өзі қолдау әдістері үйретілді. Қатысушылар жүзу, аэробика және фитнес сабақтарына қатысып, үй жағдайында да орындауға ыңғайлы жаттығуларды меңгерді.

Айта кету керек, лагерьден кейін де қатысушылармен байланыс үзілмейді. Олар инклюзивті «Талшын» театрының іс-шараларына, шығармашылық үйірмелер мен басқа да әлеуметтік жобаларға шақырылады. Көптеген түлек қысқа мерзімді кәсіби курстардан өтіп, массажист, SMM-маманы, кондитер, былғарымен жұмыс шебері секілді мамандықтарды меңгереді. Мұның бәрі олардың қоғамға белсенді араласуына және дербес өмір бастауына жол ашады.

Қатысушылардың бірі Құлсары қаласынан келген Ерасыл Надырхан, лагерьдің маңыздылығын ерекше атап өтті.

–Менде бала кезден церебралды сал ауруы бар. Осындай іс-шаралардың қолға алынып жатқанына өте қуаныштымын. Маған барлық жаттықтырушының да арбада қозғалатыны ұнады — өзімді еркін әрі ыңғайлы сезіндім. Мұнда көптеген қатысушылармен достастым. Болашақта Құлсарыда өткізілетін тегін шығармашылық үйірмелерге қатысқым келеді, — деді ол.

Айта кетейік, 2021 жылдан бері Атырау мен Құлсары қалаларында 15 реабилитация лагері өткізіліп, 100-ден астам адам қалпына келтіру мектебінің курстарынан өтті. Қатысушыларды іріктеу үшін ауруханалармен өзара тиімді байланыс жүйесі құрылып, жол-көлік апатынан, жазатайым оқиғадан немесе сәтсіз суға секіруден кейін жарақат алған адамдар лагерьге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар қор интеллектуалды ерекшелігі жоқ церебралды сал ауруы мен жұлын грыжасы бар балаларға да көмек көрсетіп келеді.

Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button