
Өмірдің соңы өкініш пе?
…Күз басталып кетсе де, күннің шуағы әлі кете қоймаған сәулелі сенбінің бірі еді. Біраз серуендеп қайтуға Жайықтың жағалауына келдім. Жұртшылықтың дені осы маңда дерлік: қол ұстасқан ғашықтар, сәбиін көтерген аналар, асыр салған балалар – бәрі жағалауда тынығып жүр. Жүріп бара жатып, қолындағы ағаш балдағына сүйеніп тұрған қарияны көзім шалды. Әбден шаршаған, тіпті жүруге де шамасы жоқтай көрінеді. Сырқаттанып тұрған жоқ па деген оймен жанына барып, «Ата, орындыққа отырасыз ба?» дедім. Жай ғана басын изегендей болды…

Қария көңіліндегі кірбің
Қолындағы балдағын түзедім де, бір жағынан демеп келе жатып:
– Ауырып тұрған жоқсыз ба, дәрігер шақырайын ба? — деп тағы сұрадым.
Себебі көңілі бір нәрсеге алаңдаулы еді. Бірақ, қария біразға дейін үн қатпады. «Уф» деп шыққан үнінен соң ғана Жер ғаламшарында жаны жалғыздықтан торыққанын бір-ақ сездім. Тек орындыққа жақындаған сәтте ғана:
– Қарағым, мені қайтесің, жолыңнан қалма. Көп жаса! Қартайғандық па, әр нәрсені көңілге алатын болыппын. Қайғым өз перзентім болды. Бала-келіннің көңіліне қараудан әбден шаршадым. Тыныштық іздеп, тынығып, ойланып кетіп едім, — деді ол.
Ақсақалдың дауысындағы дірілді сезіп, жанарындағы мұңды көрсем де өз жолыммен кете бардым. Бірақ, сол кісінің сәбидей келбеті әлі күнге көңілімнен кеткен емес…
Кейде өмір адамның дегеніне көне бермейді. Дегенмен, зейнет көріп, немере-шөберенің ортасында отбасының жылылығына бөленіп, бақытты ғұмыр кешетін шағында қарияның көңіліне кірбің келтірген кім?! Отбасының берекесін қашырып, әкесін өмірден түңілткен қандай перзент ол?!
Қазақ қоғамында аға буынның сөзін бөлу, алдын кесу, жолын бөгеу, жаға жыртысу деген секілді жат қылықтар болмаған. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деп ақсақалын құрметтеуге тырысқан. Себебі, өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелі, білімді етіп өсірген қарттың өзін де, сөзін де асыл санаған. Бірақ…
Жағалауда жолыққан қарияға қарап, бұл қасиеттердің бәрі де бүгінде біртіндеп өзгеріске ұшырап бара жатқанын көргендей болдым. Әттеген-айы сол, мұндай жандар бұл қоғамда жалғыз емес екен.
Жүз жанның жылы мекені

Жұрт «қарттар үйі» атап жүрген Атырау қаласындағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын қазір 100 қария паналайды. Оның 70-і ер адам, мұнда тұрғанына 20 жыл болған қария да бар.
Мекеменің табалдырығын аттаған әрбір жанның тағдыры әрқалай. Бірінің жалғыз перзенті шетелде немесе өзге өңірде еңбек етіп, күтімсіз қалса, енді бірі бала-шаға, бауырларынан қол үзіп қалған. Кейбірі қартайған шағында қамқорлыққа зәру болып, мемлекет қарауына өткен.
Ресми деректерге сүйенсек, елдегі жүздеген әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында мыңдаған қария тұрады. Бұл – жай цифр ғана емес, сан қилы адам тағдырына толы орта.
– Кез келген қария мұнда бірден есік қағып келе алмайды. Әуелі өзінің тұрғылықты жеріне байланысты қалалық, аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне барып, арнайы талапқа сәйкес келген жағдайда ғана осында жолданады. Ашығын айтайын, арнайы талап дегеніміз – мекемеге ұрпағы, яғни ұл-қызы бар адамдарды қабылдай алмаймыз. Баласы бар, бірақ мүгедек немесе түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатса және шетелге кеткен жағдайда ғана жалғызбасты зейнеткерлер қабылданады. Оларға күтім жасап, ас-суын беру қызметкерлерге жүктелген. Қазір бірінші қабатта төсек тартып жатқан қырыққа жуық қартқа күтім жөніндегі маманымыз қызмет көрсетеді. Тамағын беру, төсек жаймасын ауыстыру, суға түсіріп, шаш-тырнағын алуды да осы жердегі қарапайым қызметкерлер атқарады. Мамандардың еңбегі зор. Қариялардың саулығына жауапты 3 дәрігер, 10 медбике бар, — деді бізді жылы қарсы алып, жағдайды жіті баяндаған №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Марина Зайырова.
Адамның күтімі болаттай берік төзім мен үлкен жүректі қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан, санитарлардың жұмысы аса ауыр. Орталықта өздігінен жүріп-тұра алмайтын, арбаға таңылған кемтар жандар, төсектен тұрмақ түгілі, басын көтере алмайтын қарт кісілер көп. Оларды жуындырып, күнәра төсек-орнын тазалау, кір-қоңын жуып, киіндіріп-шешіндіру, тіпті жатқызып-тұрғызудың өзі оңай шаруа емес. Десек те, оларға қолғабыс етуге келетін жүрегі жұмсақ жандар да жоқ емес. Солардың бірі Светлана Гордиева есімді жеке кәсіпкер соңғы үш жылдан бері айына бір мәрте осында келіп, қарияларға тегін тырнақ күтімін жасайды екен. Ол үшін арнайы бөлмені де жасақтап берген.

Орталық басшысының айтуынша, қарттар үйінде жасының егделігіне байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ жалғызбасты және 18 жастан асқан I-II топ мүгедектері тұрады. Әйтсе де, қарға тамырлы қазақпыз ғой, қанша жалғызбасты дегенмен алыс жамағайындары да табылып жатады екен. Қазір мұндағы қызмет алушылардың үлкені – 88, ең кішісі – 35 жаста. Өкініштісі сол, олардың көпшілігі – қазақтар.
Кеудесі өксікке толы
– Марина Маратқызы, бөлем қайтыс болды, қадесіне баруым керек. Мені алып кетеді, — деді дәліз бойында арбаға таңылған қарт. Тілі күрмеліп, дауысы әлсіз естілді.
– Барып келіңіз, аға. Сізді кім алып кетеді? — деп сұрады жанымда тұрған мекеме басшысы.
– Келеді, келеді, — деді жай үнмен иегімен есікті нұсқап. Елеңдеулі кейпінен әлдекімді күтіп отырғаны байқалады.
Иә, бұл жердегі қарияларға ағайын-туысы жұмыс уақытында келіп тұрады екен. Бірақ тым сирек.
Әдеміше келген ақшыл өңіне уайым көлеңкесі түскен әлгі арбадағы қарияға сәлем бердім. Сосын суыртпақтап сыр тартып, бұл жерге қалай тап болғанын сұрадым.
– Айтатын нәрсе көп қой, балам. Өзгелер секілді бұл жерге келемін, мұндай күйге түсемін деп ойладым ба?! Отбасым да болған, өзім ортаның адамы едім. Жазмыштан озмыш жоқ екен… Шаңырағым ертеректе шайқалды. Бір тұяғым – ұлым бар. Оның жанында бола алмасам да, қолымнан келген көмегімді аяған емеспін, үйін де салып бердім. Алайда ұлымды сатпаймын деген оймен өзім екінші мәрте отбасын құра алмадым. Осылай өмірім өте шықты. Зейнетке шығуыма екі-ақ жыл қалғанда инсульт соғып, осындай күйге түстім. Өздігімнен жүріп-тұра алмаймын. Саулығым бар кезде немерелерімді көруге өзім баратынмын. Қазір олардың бұл жерге келіп, мені мұндай күйде көргенін қаламаймын, — деді Айбар Шотаев есімді орталық тұрғыны.
Жуырда ғана отадан шыққан атаның іші өксікке толы. Сағыныш та, мұң да, өкініш те бар. Бірақ, ең басты арманы – өздігінен екі аяғымен жер басып жүру. Тағдырдың сынағына сынбай, толыққанды өмір сүру.
Орталық тұрғындары күнұзаққа әр нәрсені алданыш етсе, Айбар атаның оған да дәрмені жоқ. Қолөнермен де айналыспайды, кітап та оқып, ән де шырқай алмайды. Өйткені дендеген дерті әзірге бір нәрсемен шұғылдануына мүмкіндік берер емес.
Бәзбіреулер жіті түсіне қоймағанымен, бүгінгі қоғамдағы көпті көрген қарттардың орны біртөбе екені рас. Әсіресе, оларды ұрпақ тәрбиесінде өзгемен алмастыра алмайсың. Әсіресе, қазіргідей сананы улап жатқан ғаламтор дәуірінде жас буынға бағыт-бағдар беретін ел ағаларының ролі жоғары. Өйткені біздің қоғам әлі де тентегін тезге салар қариялар мен зиялы қауым өкілдеріне мұқтаж және оның маңызы уақыт өткен сайын артып отыр.
Неменеңе жетістің, бала батыр?..
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында жатыр» — деген. Бұл сөз жиі айтылғанмен, оның мағынасына терең мән беретіндер аз. Өйткені, ата-анасын бағып-қағудың орнына, басы артық заттай қарттар үйіне апарып тастауды дұрыс санайтындар бар.
Ал, бұл мекеме қазақ даласында кеңес дәуірінде пайда болған. Өткен ғасырдың ортасынан аса әлеуметтік жағдайы төмен, еңбекке жарамсыз азаматтардың тұрмыс деңгейін қолдау мақсатымен ашылды. Бүгінде бұл мекеме балалары бас тартқан қариялардың да өмірлік тұрағына айналып отыр.
Осыны ескерсек, ата-ананы сыйлау, құрметтеу, адамгершілік секілді қазақ қоғамына тән асыл қасиеттер құлдырап бара жатқандай көрінеді. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов «Адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі – өзгеге жасаған жақсылығың» деген екен. Ендеше, жақсылық жасап жарысайық.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА


