Жарнама
Қоғам

Өмір мен өлім арасындағы өмір

Жауапкершілік жүгі ауыр, қиын да қауіпті, бірақ сонымен қатар мәртебелі мамандық – өрт сөндіруші. Оның қызметі кәсіби біліктілікті талап етіп қана қоймай, нағыз табандылық пен батылдықты да сынға салады. Жуырда оқыс жағдайлар кезінде тез шешім қабылдап, адамдар мен мүлікті құтқару үшін жанталасатын маман иелерінің тыныс-тіршілігін тереңірек танысуға мүмкіндік туды.

Атырау қаласы «Самал» шағынауданындағы №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндегі қызмет таңғы сағат 8:30-да қарауылдардың ауысуымен басталады. Бізді қарсы алған №13 МӨСБ қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Жантөре Сабыров жұмыс барысын түсіндірді.

– Алдымен жеке құрамның сап түзуі өтеді. Бұл кезекшілікті қабылдап алу алдындағы алғашқы қадам. Сол уақытта техниканың жағдайы мен өрт сөндіруге қажетті құрал-жабдықтардың толық дайын болуы қадағаланады. Жиырма-отыз минут ішінде ауысым қызметкерлерінің құжаттары, киімдері мен қызметтік көліктеріне арналған рұқсатнама қағаздары тексеріледі. Сонымен қатар қызметкерлерге өз міндеттері жайында сұрақтар қойылып, өткен тәулікте атқарылған жұмыстар туралы бөлім басшысына баяндама жасалады. Ал өрт сөндіру автомобилінің жүргізушілері көліктерді тексеріп, құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтарды қабылдайды. Мұның бәрі өте мұқият жүргізіледі: көліктердің жұмыс істеуі, су мен өрт сөндіргіш көбіктің мөлшері жіті тексеріледі, — деді капитан.

Осыдан соң бөлімнің күнделікті жұмысы мен өрт сөндірушілердің жауапкершілігін толық сезіне бастадық. Иә, әрбір ұсақ-түйекке дейін тексеріліп, дайындықтың жоғары деңгейде болуы сол күнгі кезекті оқиғаға дайындықтың кепілі болары анық.

sondiru 2

Талап пен тәртіп

Өрт болмаса екен дейміз, әрине. Бірақ тыныш күндердің өзінде өрт сөндірушілердің уақыты босқа өтпейді. Әр ауысым нақты кестемен басталып, сол тәртіппен жалғасады. Бұл мамандықты таңдағандар үшін тәртіп жай талап емес, өмір салты деген дұрыс болар.

– Біздің өмірімізді спортпен теңестіруге болады. Себебі біз үнемі қозғалыстамыз: тәулік бойы дене дайындығы, арнайы жаттығулар, құтқару операцияларына дайындық тоқтаған емес. Сонымен қатар жетекші офицерлердің қатысуымен теориялық сабақтарға қатысып, білгенімізді тәжірибемен ұштастырамыз. Өрт қауіпсіздігі бойынша ережелер мен әрекет алгоритмдерін қайталап, техникалық құралдардың жарамдылығын үнемі тексеріп отырамыз, — дейді бізге бөлім ішіндегі тыныс-тіршілікті таныстырып жүрген капитан Жантөре Сабыров.

Өрт туралы хабар түскен сәтте бөлім қызметкерлеріне арнайы киімді киіп, техникаға отырып, оқиға орнына бет алу үшін бар болғаны 60 секунд беріледі. «Бұл жай ғана талап емес, адам өмірін құтқаруда шешуші рөл атқаратын уақыт өлшемі болса керек» деп тұжырымдадық.

Осыған байланысты киімнің де алдын ала дайындалуы міндет екен. Бұл туралы бізге аға өрт сөндіруші, азаматтық қорғау сержанты Біржан Бақтығалиев егжей-тегжейлі айтып берді.

– Арнайы жауынгерлік киімді киюдің де өз тәртібі бар. Мысалы, күрте алдын ала теріс айналдырып қойылады – бұл оны бір қимылмен киіп алу үшін жасалады. Сол секілді шлем, шалбар, белдік те нақты ретпен орналасуы керек. Әрбір қозғалыс секунд үнемдеу үшін маңызды, — дейді ол.

Біржанның әңгімесінен кейін жауынгерлік киімді өзіміз де киіп көргенді жөн көрдік…

sondiru 3

«Өрт сөндірушілер жай қимылдайды»

Әлеуметтік желілерде тараған өрт оқиғаларының видеоларында жиі жазылатын пікірлердің бірі – «құтқарушылар баяу қимылдайды». Экран сыртындағы көрермен үшін бұл әрекет шапшаң емес, асықпай орындалғандай көрінуі мүмкін. Алайда осы қызметтің нақты бет-бейнесіне жарты күн бойы куә болған біз үшін бұл пікір үстірт айтылған екен деген ой келді.

Өрт сөндірушінің толық жауынгерлік киімін киіп көріп, бұл мамандық иелерінің жұмысын аз да болса сезінгіміз келді. Бірақ белдік пен қолғапты тағып, каска мен арнайы күрте-шалбарды киген біз өзімізді құтқарушы рөлінде көрсек те, орнымыздан зорға дегенде қозғалдық. Жалпы салмағы шамамен 30 кило болатын бұл формамен жылдам жүрудің өзі оңай емес. Ал енді дәл осындай ауыр киімді киіп алып, от пен түтіннің ортасына ену, түк көрінбейтін, дем жетпейтін кеңістікте адам іздеу сөзбен жеткізудің өзі қиын еңбек.

Мұндай сәттерде өрт сөндірушіге кәсіби дайындық ғана емес, ішкі батылдық пен төзімділік аса қажет. Арқалаған киім мен құрал-жабдықты есептемегенде, олардың жанын қинайтыны – біреудің тағдырына араша түсу жауапкершілігі.

–  Бірде Атырау қаласындағы С.Датов көшесінде орналасқан алты қабатты үйдің балконынан түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түсті. Біз санаулы минутта оқиға орнына жеттік. Бесінші қабаттағы пәтерде тұрмыстық заттар отқа оранып үлгеріпті. Қалың түтін арасында арнайы тыныс алу құрылғысын тағып, ішке енуге тура келді. Сол кезде балконда тығылып отырған 4-5 жастағы бүлдіршінді көрдік. Ол қатты қорқып қалғанға ұқсайды. Көзі жәудіреп, қалш-қалш етеді. Сол көзқарас, сол бейне әлі күнге көз алдымда тұр. Арада біраз жыл өткенімен осы сәтті ұмыту мүмкін емес, — дейді қарауыл бастығы Жантөре Сабыров.

Сол күнді еске түсірген ол қою түтін көзге ештеңе көрсетпегенін айтады.

– Лапылдап жанған оттың арасында құлақ тұнып, ештеңе естілмейді. Мұндай жағдайда тыныс алу құрылғысын шешу өз өміріңе қауіп төндірумен тең. Сондықтан біз бөлме ішінде тек қолмен қабырғаны сипалап, бағыт бағдар алып қозғаламыз. Сол оқиға кезінде 44 адамды құтқардық. Оның алтауы қызыл жалын ортасында қалғандар еді. Құдай сақтап, бәрі дін аман шықты, — дейді ол.

Бұл ерліктері үшін Жантөре Сабыров пен әріптестері марапатталыпты. Дегенмен ол «Біз үшін ең үлкен марапат құтқарылған жанның аман-есен үйіне оралған сәті» дейді сабырлы қалыппен.

sondiru 9

Міндет. Қызмет. Абырой.

Құтқарушының бір күні екіншісіне ұқсамайды. Бірде күн тыныш өтсе, кейде бір тәулікте бес-алты рет шақырту түсіп, бөлімшедегілер дем алуға мұршасы болмайды. Алайда бұл мамандықта ең бастысы дайындық пен тәртіп, сонымен қатар ішкі жауапкершілік пен қызметтегі сергектік қажет.

Өрт туралы алғашқы дабылды радиобайланыс операторы қабылдайды. Бұл қызметті №13 МӨСБ радиотелефоншысы, азаматтық қорғау сержанты Асылай Кармышева атқарады. Шақырту түскен сәттен бастап, бөлімше бірнеше секунд ішінде толық құраммен әрекетке көшуі тиіс.

– Қызмет орнымнан ешқайда алыстай алмаймын. Себебі дәл менің қабылдаған хабарламам кейде бір адамның емес, ондаған адамның өміріне әсер етуі мүмкін. Бір секундқа кешіккен жауап үлкен шығынға соқтырады, — дейді Асылай.

Дәл сол сәтте оқу-жаттығу алаңындағы өрт сөндірушілер арнайы белгіленген су қорының картасын тескеріп жүр екен. Себебі өрт шыққан жағдайда басты талап су жеткілікті мөлшерде болуы керек. Бұл жұмыс көзге көрінбегенімен, «тілсіз жаумен» күреске дайындықтың бір бөлігі.

– Бізге бұйрық түскеннен кейін 60 секундтың ішінде толық дайын болуымыз шарт. Мұндай шеберлік тек тынымсыз жаттығулардың нәтижесінде қалыптасады. Қимылымыз автоматты деңгейге жетуі керек, — дейді қарауыл бастығы.

Өрт сөндірушілердің күресі оқиға орнына жеткеннен кейін емес, оған дейін-ақ басталып кетеді. «Урал» маркалы өрт сөндіру автокөлігінің аға инструкторы, азаматтық қорғау старшинасы  Саламат Зинолла жолда кездесетін қиындықтарды жасырмады.

– Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына кіру біз үшін үлкен проблема. Көп жағдайда жүргізушілер көліктерін қалай болса солай тастап кетеді. Өрт сөндіру көлігі сыймай қалады. Сол жерде уақыт жоғалтамыз. Ал бір минут кешігу жалынды күшейтіп, адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Көшелердегі кептеліс те негізгі кедергілердің бірі. Өрт сөндіру машинасы дабылдатып келе жатса да, жол беретін жүргізушілер аз, — дейді ол.

Мықтылар таңдайтын мамандық

Бұл мамандықты жай қызығушылықпен таңдауға болмайды. Ол – ерік пен жігердің, табандылық пен қайсарлықтың жолы. Азаматтық қорғау сержанттары Шыңғыс Асылбек пен Бекжан Кәрімов бала кезден өрт сөндіруші болуды армандапты. Қазір екеуі де сол арманын адал қызметке айналдырған мамандар қатарында.

– Бұл салада жұмыс істеу үшін мамандығыңды шын сүю керек. Өрт сөндірушіге ең алдымен жауапкершілік қажет. Біз өлім мен өмірдің арасында жүретін адамдармыз. Әр шешім, әр әрекет біреудің тағдырын өзгертуі мүмкін. Еңбегіміздің абыройға айналуы ең үлкен марапат. Жалпы, өрт сөндіру – командалық жұмыс. От ішінде жүргенде бірлік болмаса, онысыз ешқандай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес, — дейді «тілсіз жаумен» тірескендер.

Бөлімшеден кетерде осы мамандық иелерінің кәсіби дайындығына, ішкі тәртібіне, ең бастысы адами қасиеттеріне тағы бір мәрте тәнті болдық. Олардың жұмысы тыныштық пен бейбіт тірліктің күзетінде тұру. Жауапкершілік пен жанқиярлықты қатар алып жүрген жандарға біз тек «жеңдеріңіз құрғақ болсын!» деген тілек айттық.

sondiru

Түйін

Иә, бар болғаны төрт сағат. Бірақ осы қысқа уақыттың ішінде біз өрт сөндірушінің жай ғана мамандық емес, ерлік пен жанқиярлықты талап ететін өмір салты екенін ұғындық. Тыныштығымызды күзетіп жүрген бұл жандар қауіп пен қатердің ортасында жүріп, өз өмірін өзгеге айырбастауға дайын тұратындар. «Кейде өліммен бетпе-бет келеміз» деген сөздері жай ғана тіркес емес, бұл олардың күнделікті шындығы екенін байқадық.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button