Оқырмандарым

Оқырмандарым, амансыңдар ма,

Замандарыңа алаңсыңдар ма?!

Мен сендерді көргім келеді ылғи

Алау жағылған анау шыңдарда!

Қазақ боп сонда қазықтай қағылып

Мәңгілік биікті аларсыңдар ма?!

 

 Асқаралы асу, ағын сулардан,

Самсаған орман, самырсындардан,

Самал жұтатын, сайыпқырандарым

Сайланған жаудан сағың сынбаған!

Тәуелсіздік деп ұрандайтұғын

Ұнайды бүгін дауысың маған!

Кермиық мынау кең жазық заман,

Бодандықты ұмытқан боздауық далам,

Көкжиектері мүлде көрінбейтұғын

Көп тұмандардан көз жазып бабаң,

Көсегелі ойы келешекке көшкен…

Мен де сол ұлы көшпен алға қозғалып барам!

Қозғалып барам… қанатым талмай,

Берерімді беріп…алатынды алмай…

Оқырмандарым – оты барларым

Сапасы сырлы саф алтындардай,

Ақырғы арманды сендерге айтпасам,

Ащы дауысымнан ауа тұнғандай!

Бүгін ғой, міне, ғажап күн жайдары,

Басымнан өтті азаптың айлары.

Жасып жатпайтын, жасық таптайтын

Қасық батпайтын қазақтың қаймағы –

Оқырмандарым – мен Өздеріңе тартқам,

…. Қойшығұлыңның осы жазатын жайлары!

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз