НАУРЫЗДЫҢ ОРАЛУЫНДА ЕЛБАСЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН

Ұлыстың Ұлы күні Наурыздың қайта жаңғыртылуы, халықпен қауышуы Елбасының есімімен байланысты. Өйткені, мереке Кеңес өкіметі кезінде «кертартпа рәсім» саналып, тойлануына үзілді-кесілді тыйым салынған болатын. Одақтың іргесі шайқала бастаған тұста да оны атап өтуге рұқсат берілген жоқ. Дегенмен, қазақ зиялыларының бастамасы, сол кездегі Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен  Наурыздың республика көлемінде кеңінен тойлануына жол ашылды. Кеңестік кезеңде бұл мейрамның тойлануына қатысты танымал ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың орталық ақпарат құралдарына берген сұхбатында мынадай жолдар бар: 

 – 62 жыл ішінде ұрпақ жаңаланып, көнекөз қарттар азайып, кеңестік патриоттық психология алға шыққан уақытта Наурыз мерекесі мүлде ескерілмейтін болды. Жас ұрпақ ерте көктемде осындай шуақты мейрам бар екендігінен бейхабар бола бастады. Сондықтан, ұмыт болуға айналған қазақтың дәстүрлі мерекесі – Ұлыс күнін жаңғырту керек деген ойға келдік. Әрі ойланып, бері ойланып, Наурыз мейрамын атап өтуді республика басшылығының алдына қойғанды жөн деп таптық, – деп бастайды ол әңгімесін. Осы мақсатта ақын 1988 жылы еліміздің орталық газетінде көлемді мақала жариялайды, оны көпшілік қолдап, пікір білдіреді. Содан Наурызбен бірге салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды оралту ойымен республиканың сол кездегі басшысы Колбиннің қабылдауында болады. Ол кісі «оңды ұсыныс екен, ойланайық, Бюро мүшелерімен ақылдасайық» деп шығарып салады.

–  Г.Колбиннің қабылдауынан шыққасын Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Төрағасы Н.Назарбаевқа жолығып, Колбинге Наурызды «тірілту» туралы арнайы хат тастағанымды айттым. Н.Назарбаев: «Өте дұрыс жасағансың. Басқа жазушылар да, өнер қайраткерлері де қосылып, бірлесіп жұмыс істеп, қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберелік. Уақыт тым аз қалды. Наурызға қаржы бөлу мәселесі Министрлер кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме! Батыл кірісе бер!», – деп қолдайтындығын білдірді. Сол кезде бұл идеяға Бюро мүшелерінің барлығы қарсы шықты. Бастаманы тек екі адам – сол кездегі Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қана қолдады. Бюро мүшелері «Наурыз – ислам дінінің қалдығы» деп тарихты білмей айтқандықтан, Колбин «Наурыз мерекесін тірілтуге мүмкіндік жоқ» деді, – дейді танымал ақын. 

Соған қарамастан, кейін қоғамдық пікірден ығысты ма, кім білсін, Колбин мейрамды тойлауға келісім беріпті. Нұрсұлтан Назарбаевтың қаржы мәселесін уақытында шешіп, зор қолдауының нәтижесінде Наурыз халықпен қайта қауышты. Елдің Ұлыстың Ұлы күнін ерекше күткені соншалық, халық жыл бойы осы мейрамды тойлаған.

Сан жылдар бойы ұмытылған мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі осылайша өз  жалғасын тапты.

Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал, 2009 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 21-23 наурыз күндері ресми түрде демалыс күндері деп жарияланды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз