
Нарықтық экономиканың негізі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған кәсіпкерлікті қолдау мәселесі – уақыт талабына сай өте маңызды бастама. Мемлекет басшысы атап өткендей, шағын және орта бизнес – ел экономикасының тірегі. Қазіргі таңда оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға жетіп отыр. Бұл – қуантарлық жағдай. Дегенмен, Президенттің де атап өткеніндей, тек көрсеткішпен шектелмей, кәсіпкерлікті жүйелі түрде жетілдіру қажет.

Меніңше, кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасау – экономиканың дамуына серпін беретін басты факторлардың бірі. Әсіресе, коммуналдық тарифтердің жоғары болуы мен несие пайыздарының көптігі бизнес иелеріне айтарлықтай қиындық келтіреді. Егер осы салада нақты қолдау көрсетілсе, кәсіпкерлер жаңа жобаларды батыл іске асырып, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алар еді. Бұл халықтың тұрмыс сапасын да жақсартатыны сөзсіз.
Президент жолдауында заңнамаларды ретке келтіру, артық бюрократияны азайту, цифрландыруды жеделдету және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету туралы айтылды. Бұл – кәсіпкерлікті дамыту жолындағы басты қадамдар. Расында да, қазір көптеген кәсіпкерлер артық құжат пен тексерістерге уақыт жоғалтып жатады. Егер заңдар қарапайым әрі түсінікті болып, цифрлық жүйелер кеңінен енгізілсе, бизнеске кедергі азайып, оның дамуына жол ашылады.
Сонымен қатар, Президент атап өткендей, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту да аса маңызды. Өйткені мемлекеттік ұйымдар мен компаниялардың көптігі жеке сектордың еркін дамуына шектеу болып отыр. Ал кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті дамуы – шынайы нарықтық экономикаға жол ашады.
Қорытындылай келе, Жолдауда айтылған бастамалар мен ұсыныстар – ел дамуына, кәсіпкерлердің өркендеуіне бағытталған стратегиялық шешімдер. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау кәсіпкерлер үшін үлкен мотивация, ал ел үшін тұрақты экономикалық өсімнің кепілі болмақ.
Людмила КӨБЕНТАЕВА,
сауда саласының ардагері, Қазақстан Халық Партиясының Әйелдер қанатының жетекшісі



