НАҚТЫ ІСТЕР – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Кооперациялау– тиімділік кепілі
Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Президенті: «Бұл тұста да заманауи аграрлық ғылым құру үшін инвестициялардың, әсіресе шетелдік инвестициялардың келуін қамтамасыз ету өте маңызды. Үкімет ауыл шаруашылығы өнімінің нақты бір түрін өндіру үшін өңірлердің ауыл шаруашылық жерлерін оңтайлы пайдаланудың мамандандырылған картасын әзірлеп, бекітуі тиіс…» деген болатын.
Осыны қадап айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы одан әрі ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісі өнім өңдеумен қатар өркендеуі керектігін, мұндағы тиімділікті арттырудың бір жолы-ұсақ шаруашылықтарды кооперациялау болып табылатындығын, осы мақсатта «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» бірыңғай заң жобасын әзірлеу қажеттігін алға тартты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының аталмыш саланың ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етілуін жетілдіру мақсатында ел ордасы – Астана қаласындағы Қазақ агротехникалық университеті базасында халықаралық зерттеу институтын құрудың да маңыздылығын атап айтып, осыған қатысты құрылымдардың басшыларына нақты тапсырмаларын жүктегендігінен де хабардармыз.
Мұның бәрі де елдің мүддесі, халықтың игілігі үшін жасалып жатқан істер, ойластырылып отырған шаруалар екендігін біз де жақсы түсініп, терең сезінеміз. Сол себепті де бірауыздан қолдап, қуаттаймыз. Ортақ іске өз үлесімізді қосуға ниеттіміз. Әсіресе, «ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, кооперациялау және оны заңмен бекіту қажет» деген ұсынысты орынды санаймыз.