НАҚКТЫ ІС – ӨРКЕНДЕУДІҢ ӨЛШЕМІ

Елбасы Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауын басшылыққа ала отырып, Атырау облысында тың қадамдар жасалуда. Әсіресе, бұл істе құрылысшылар қауымының еңбегі көп. Салада атқарылып жатқан жұмыстардың жайы туралы Атырау облысы бойынша Құрылыс басқармасының басшысы Е.А.Ғалымжановқа жолығып, сұхбаттасқан болатынбыз.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ
ҚҰРЫЛЫСЫНА
ТОҚТАУ ЖОҚ

dfggfd– Елтай Ақырапұлы, алдымен кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Облыс құрылысшылары төл мерекені қалай қарсылауда? Нендей табыстарға қол жеткізілді? Алда тұрған міндет-межелер қандай, қай жағына басымдық беріліп, көбірек назар аударылмақ?
– Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында облыста жалпы алаңы 222,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 32,0 мың шаршы метрі бюджет қаржысына, қалған 182,2 мың шаршы метрі компаниялардың өз қаражаты есебінен салынған.
«Тұрғын үй жинақ банкі» жүйесі арқылы биыл республикалық бюджеттің есебінен ауданы 55845,1 шаршы метрді құрайтын 780 пәтерлік 16 үйдің құрылысын несиелік қаржыландыру жолымен жүргізу жоспарланған. Соның үшеуінің құрылысы осы жылдың аяғына дейін аяқталады, қалғандары келер жылы жалғасады.
Сол сияқты жалдамалы тұрғын үй құрылысы бойынша да осындай жұмыстар қолға алынған. Бұл мақсатта салынатын 1350 пәтерге есептелген 30 үйдің жалпы ауданы да 83270 мың шаршы метрге жуықтайды. Мұның тең жартысынан астамының құрылысын аяқтап, игілікке беру үстіміздегі жылдың жоспарына енгізілген.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері жергілікті атқарушы құрылымдар бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін облыс орталығында 36 пәтерлік бір үй және жас отбасыларына лайықталған 72 пәтерден тұратын екі үй тапсырылды. Мұның сыртында алты ауданда (Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет, Индер, Мақат) облыс бюджеті есебінен үш бөлмелі 10 жалдамалы және жанұялық-дәрігерлік амбулатория қызметкерлері үшін әрқайсысы екі пәтерлік 10, сондай-ақ қаладағыша аудан орталықтарынан да 60 пәтерге шақталған жалдамалы тұрғын үй салу да жоспарымызда бар.
Және бір атап өтер жайт, 2013 жылы жергілікті бюджет қаражатына 604 пәтерлік 13 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы межеленсе, оның да алтауын жылдың соңында тапсыру көзделіп отыр.

ҮЛКЕН КОНЦЕРТ
ЗАЛЫНЫҢ
ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАЙТА
БАСТАЛАДЫ

– Әңгімеміздің арнасын әлеуметтік салаға бағытталған жұмыстарға қарай бұрсақ?
– Бірінші кезекте білім беру саласын сөз етсек, барлық қаржыландыру көздерінің есебінен ағымдағы жылы аймақта 11 мектептің құрылысы басталып, бұлардың да алтауы осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұған қоса, құрылысы 2011 жылы басталған Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласындағы 280 орындық балабақшаны биылдан қалмай тапсыруды межелесек, келер жылдың еншісіне де дәл осындай жеті мектепке дейінгі балалар мекемесінің құрылысын толығымен тәмамдап, тапсыруға міндеттеніп отырмыз.
Денсаулық сақтау саласын тілге тиек етсек, мұнда да алдымен Құлсары қаласында салынып жатқан, ауысымына 250 емделушіні қабылдау мүмкіндігі бар емхана құрылысының жалғасуда екенін айтар едім. Осыған дейін де жария болып жүргеніндей, құрылысы инвесторлар қаражаты есебінен жобаланып, жоспарланған Атырау қаласындағы 180 төсектік облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, СПИД-ке қарсы күрес орталығы және балалар ауруханасы сияқты маңызды нысандардың келешекте медицина саласының мүмкіндіктерін арттыруға септігін тигізетіндігіне сенімдіміз. Бұлардан басқа, ағымдағы жылы аталмыш саладан төрт бірдей нысанның тұсауы кесілсе, республикалық трансферттен жоспарланған бес жанұялық-дәрігерлік емханалардың құрылыстарын тиянақтап, жыл соңында пайдалануға беруге бағыт ұсталынуда.
Мәдениет саласына қатысты айтсақ, Атырау қаласында құрылысы тоқтап қалған қазіргі заманға сай көрме залы мен өнер мұражайы бар 1200 орындық концерт залының жобасына қайта түзетулер аяқталғаннан кейін, бұл нысандағы жұмыстар да жалғасын табады. Облыс орталығы мен аудандарында жоспарланған тоғыз мәдениет мекемесінің құрылысын да 2014 жылы аяқтау міндеті тұр.
Соңғы жылдары спорт саласына да жеткілікті көңіл бөліне бастағандығын айтқанымыз абзал. Бұған дейін аудандарда 35 шағын спорт алаңы мен Құрманғазы өңірінің өзінде бірнеше нысан көптің кәдесіне жаратылса, құрылысы биыл басталған тоғыз нысанның да бесеуінің тұсауы жылдың соңында кесіледі.
Мемлекет қазынасынан берілетін қаражатқа салынатын нысандардың санатына енген «Атырау облысындағы Жайық өзенінің суын молайту және гидрологиялық режимін жақсарту» жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғастырылуда.

ҚҰБЫРЛАР ДА
ЖАҢАРАДЫ

– Енді түрлі мақсаттарда қабылданған, көздеген мүддесі бір мемлекеттік маңызды бағдарламалар аясында оңғарылып жатқан шаруаларға қарай ойыссаңыз?
-«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде индустриялдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған үш жоба (Атырау қаласына қарасты Томарлы селосындағы «Арай» шаруа қожалығын сумен жабдықтау жүйесін қайтадан жаңғырту, Махамбет ауданының Береке ауылындағы шағын наубайхана мен «Атырау-2» мөлтекауданында орналасқан автовокзалға электр қуатын тасымалдайтын желі тарту және энергиямен тұрақты қамтамасыз ету) бүгіндері республикалық бюджеттің есебінен жүзеге асырылуда.
Одан өзге «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша қолға алынған жобалардың бірі болып табылатын Индер ауданының орталығы Индер кентіндегі кәріз құбырын тазарту имаратын салу болатын. Алдын ала жобаланып-жоспарланып, қаржысы шешілген бұл мәселе де реттелуде. Мақат кенті, Құлсары қаласы және Атырау қаласының сол жақ жағалау бөлігіндегі осындай жобалар қайта түзету сатысына келтірілді. Тағы сондай төрт кәріз тазартқыш имараттың құрылысы Аққыстау, Ганюшкино, Доссор және Махамбет селоларында жалғасуда.
Қосымша айта кетсем, жоғарыда баяндалғандардан басқа облыс орталығындағы 100 орындық монша-сауықтыру кешені, салтанат сарайы мен ішкі істер департаментінің ғимараты, адамдар серуендеп, демалатын бірнеше саябақ пен ту тұғыр жобаларына ішінара түзетулер жасалып, көп кешікпей жұмыстар қайта басталатын болды.
Сөзімнің соңында қай кезең, қандай қоғамда болмасын, жасампаздықтың символына саналатын құрылыс-сәулет саласының уақыт талабымен үндесе өркендеп, құлашын кеңге жайғанын, оған мемлекеттік деңгейде маңыз беріліп, жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғандығын жақсылықтың нышаны, кемел келешектің, жарқын болашақтың кепілі ретінде бағалаймын, соған балаймын.
– Рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз