МОНОҚАЛАЛАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкіметтің онлайн режиміндегі кезекті селекторлық мәжілісі өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты.
Мәжілісте еліміз бойынша қабылданған моноқалаларды дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы мәселе қаралды. Бұл жайында Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың хабарламасы тыңдалды.
Аталған бағдарламаға республикамыздағы 27 моноқала (оның ішінде Құлсары қаласы да бар) енген. Тұтастай алғандағы тұрғындарының саны 1,5 миллионнан астам адамды (мұның өзі елімізді мекендейтін барлық қала халқының 16,8 пайызына тең) құрайтын шағын шаһарларды дамыту мақсатында алғашқы үш жылда жалпы құны 60 млрд. теңгеге бағаланған 170 жобаны іске қосу межеленген.

Салыстырмалы түрде саралағанда, жоғарыда келтірілген 30-ға тарта моноқаланың алтауының жоғары, 19-ының орташа және екеуінің төменгі даму сатысында екендігі анықталған. Жобаларды әзірлеу мен басымдық берілетін бағыттарды айқындау барысында осы жағы ерекше ескерілген. Білгеніміздей, сегіз жылға есептелген моноқалаларды дамыту бағдарламасы негізінен төмендегідей төрт бағытты қамтиды: біріншісі – моноқаланы тұрақты жұмыс жасайтын кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігіне байланысты оңтайландыру; екіншісі – экономиканы әртараптандыру мен шағын және орта бизнесті өркендету; үшіншісі – экономикалық өркендеу орталықтарына ерікті түрде көшу үрдісін ынталандыру арқылы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру және соңғысы – халықтың оңтайлы санына қарай моноқаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру.
Осылайша, биылғы жыл басынан бергі сегіз айда жоспарланған жұмыстардың орындалуына бағытталған 18 млрд.теңгенің 10 млрд.теңгесі немесе 54 пайызы игерілген. Және бір мәлім болғаны, моноқалаларда тұратындардың 3,1 пайызы өзін-өзі қамту мүмкіндігі бар адамдардың санатына кіреді. Қазірге дейін 27 шағын шаһардың 20-сының бас жоспары қайта жасақталып жатса, қалғандарын көп кешіктірмей сол сатыға жеткізу көзделген. Өйткені, жоба-жоспарға енгізілген өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдар құрылысының жүргізілуі сол бас жоспардың тиянақталуына байланысты болып отыр.
Мұның сыртында, бағдарламадағы басты бағыттардың бірі-шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөнінде 950 млн.теңгеге бағаланған 47 жоба ұсынылып, оның тоғызы қаржыландырылса, бұл жобалар толықтай жүзеге асырылғанда бірнеше ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, стратегиялық инвесторларды тарту үшін өңірлердегі экономикалық ахуалы тұрақты, әлеуеті жоғары отандық, бірлескен және шетелдік кәсіпорындармен меморандумдар жасауға да баса назар аударылған.
Және бір дерек – республикамыздағы моноқалалардың тізіміне кіріп отырған Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының өзіне үш жылда 8 млрд. 762 млн.теңге қаржы қарастырылған. Соның ішінде қаланың бас жоспарын жасақтауға 45 млн.теңге бөлініп, күні бүгінге оның тең жартысы игерілген болып шықты. Бұдан бөлек, бағдарламада атап көрсетілген экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек ресурстарының ұтқырлығын ұлғайту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды кеңейту бағытында да жоспарланған жұмыстардың барын білдік.
Нақтырақ тоқталсақ, бір ғана кәсіпкерлікті өркендетуге 254,5 млн.теңге бағытталып, оның 35,1 млн.теңгесінің игерілуі қамтамасыз етілген. Сол сияқты «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» жобасымен 130-ға тарта адам қайта даярлау курстарына жіберіліп, екінші кәсіби мамандық алып шыққан. Одан өзге, 125 адам әлеуметтік жұмыс орындарына тартылып, оқу орындарын бітірген 110 жас түлектің «Жастар тәжірибесімен» жұмыс жасауына жолдама берілген. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламасы аясында биылғы жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын екі жобаны (жалпы құны 229,1 млн.теңге) іске асыру жоспарланған. Оның бірі – Құлсары қаласының автокөлік жолдарын жаңғырту; екіншісі – мөлтекаудандарды электр қуатымен қамту нысандарына жаңғырту жұмыстарын жүргізу.
Күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, өзге де республикалық ведомостволардың өкілдері, жекелеген аймақ басшылары мен шағын шаһар әкімдері де қосымша хабарлама жасап, өңірлерде атқарылған жұмыстардан қысқаша есептерін берді. Нәтижесінде, барлық жерде бірдей жоспарланған шаруалардың ойдағыдай оңғарылмай, қазынадан қаралған қомақты қаражаттың мерзімді игерілмей, жұмыстың ақсап жатқандығына көз жеткізілді. Мәжіліске басшылық жасаған Үкімет басшысы Серік Ахметов тиісті лауазым иелеріне нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз