na ulicah atyrau

Мердігердің жұмысы неге мардымсыз?

Қоғам
48 / 100

Арнайы топ анықтаған олқылықтар.

«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының кезектен тыс отырысында білім беру саласына қатысты өзекті мәселелер қаралды. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Атырау облысының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойыншаЖол картасының үшінші бағыты, яғни, «Әлеуметтік қызметке бағдарланған аймақ» тарауының «Білім беру сапасын арттырамыз» іс-шараларының биылғы жоспарының орындалысы бойынша күн тәртібінде мәселе көтеріліп, жауапты салалардың есебі тыңдалды. Алдымен, арнайы құрылған жұмысшы тобының есебі таныстырылып, салаға қатысты құрылыстардың сапалы салынуы, уақытылы тапсырылуы жөнінде кеңінен талқыға түсті.

Жұмысшы тобының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Серік Қадыров партияның негізгі мақсаты сайлауалды бағдарламалар мен халық аманат еткен ұсыныстарды жүзеге асыру екенін айрықша атады.
Билік партиясы тарапынан жергілікті халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған арнайы сайлауалды бағдарлама жасақталып, оны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар кешені қабылданған. Соның аясында 2021-2025 жылдар аралығында 11 жаңа мектеп салу, оның ішінде 2021 жылы Атырау қаласынан 1 мектепті пайдалануға беру көзделуде. Ал, жалпы 56 балабақша құрылысын аяқтап, пайдалануға беру
жоспарланса, биыл Атырау қаласында 11, Жылыой ауданында 2 балабақша тапсырылмақ.
Аталған жұмыстардың жүру барысы мен сапасын қадағалау мақсатында облыстық және қалалық партиялық бақылау комиссияларының мүшелерінен құралған бірлескен жұмыс тобы Атырау қаласындағы аталған әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіп, олқылықтар орын алғанын анықтаған. Айта кеткен жөн, Жылыой ауданындағы қос балабақша құрылысына қатысты проблема жоқ.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің шеңберінде салынуы жоспарланған 9 балабақша құрылысына жауапты мердігер мекеме «SERPIN-2030».

Аталған серіктестіктің міндеті –жұмыстарды толықтай орындап, 10 жыл көлемінде балабақша жұмысын тиісті деңгейде жүргізу. Алайда, Серік Қадыровтың айтуынша, құрылыс жұмыстары баяу жүргізілуде. Демек, жыл аяғына дейін пайдалануға тапсырылмай қалу қаупі бар. Құрылыс барысындағы жұмыстарды қадағалау мақсатында барған арнайы топ бірнеше олқылықтарды анықтапты.
«Құрылыс жұмыстары барысында құрылысшылар арнайы киімдермен жабдықталмаған, техникалық сақтық талаптары сақталмаған. Аталған 9 нысанның құрылыс жұмыстарында тек бір ғана техникалық қадағалау маманы бар екендігі анықталды. Сәйкесінше, техникалық қадағалау жұмыстары тиісті деңгейде емес деп тұжырымдауға болады» дейді топ жетекшісі С.Қадыров.

Құрылыс жұмыстарының баяу жүруіне жергілікті атқарушы органдарда рәсімделуі тиіс рұқсат құжаттардың
кешіктірілуі де себеп болып отыр. Мәселен, 9 нысанның 8-де инфрақұрылым құрылысы үшін жер телімін рәсімдеу құжаттары дайын емес, 5 нысанның су құбырын тартуға жер телімін рәсімдеу барысында «Атырау Жарық» АҚ-ның келісімі алынбаған, Белинский көшесіндегі балабақша аумағындағы әуе жолымен тартылған жоғары кернеулі электр желісін нысан аумағынан шығару туралы мәселе де әлі күнге шешімін таппаған.

Мектеп қашан пайдалануға беріледі?

Арнайы топтың назарына іліккен тағы бір нысан – Атырау қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы №7 орта
мектеп. Мұнда күрделі жөндеу өткен жылдың ортасында басталғанына қарамастан, әлі күнге дейін жұмыстың тек 75-80%-ы аяқталыпты. Мемлекеттік бюджеттен 480 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарына тапсырыс берілгенімен, мектептің апаттық шығу бөліктері, сыртқы кәріз, сыртқы жарықтандыру тапсырыстың техникалық ерекшеліктеріне енгізілмеген. Айта кеткен жөн, аталған мектеп алынып, нысандарды уақытылы тапсыруға мүдделі екендерін жеткізді. «Қаражат бөлінгенімен, құрылыс жүргізілмей жатқандықтан, сотқа да жолданды. Кейін жұмыс басталды. Мардымсыз жүріп жатқанын көрген соң, тағы да мердігермен байланысуға ниеттенгенімізде, оны таппай қалдық. Кейін құзырлы орындардың араласуымен байланысып, жұмыстарды
бақылап отырмыз. Сіздер атаған кемшіліктерден хабардармыз. Күрделі жөндеу жүріп жатқан мектеп жұмысының белгілі бір бөлігін тамыз айының 10-на дейін аяқтау туралы талап қойдық.
Ал, біткен соң, құрамына ата-аналар да кіретін арнайы топпен бірге қабылдап алатынымызды айттық. Сапалы, уақытылы аяқтау туралы хат түрінде де жолдадық. Айтылған кемшіліктер
қаперге алынады» деді ол.

Ал, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Сақпаров олқылықтарды болдырмау
бағытында жұмыстар жүргізілуде екенін айтты.

«Жұмыс сапасы көңілімізден шыққан жоқ».

Аталған комиссия төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Нәсіп Шалабаева: «Рейд барысында қала аумағындағы білім саласына қатысты құрылыс жұмыстарының барысымен таныстық. Жалпы жұмыс пен құрылыс материалдарының сапасы көңілімізден шыққан жоқ. Жобалау кезінде де біраз кемшіліктер болғанын байқадық. Аталғандарға қоса, нысан айналасын абаттандыру да қарастырылмаған. Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Мәселені түбегейлі шешпесе, Химпоселок ауылындағы оқушыларды өзге мектептерге автобуспен тасымалдау мәселесі қайтадан туындамақ. Біз көрген картина осындай» деді.

Нысанды сапалы, уақытылы тапсырудың тасасында балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы тұрғанын айтқан Нәсіп Хисметоллақызы жоспарда көзделген мерзімде жұмысты аяқтау аса маңызды екенін атады. Айта кетейік, Атырау қаласындағы №7 мектепке 1966 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген.

Жиынды түйіндеген «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейірім
Қалауи нысандардың қайсысы да бюджет есебінен салынып отырғандықтан, тиісті басқармалар тарапынан бақылауды күшейтіп, жауапкершілікті арттыру қажеттігін айтты.
– «Облыстық партия аппараты, аудандық қызметкерлер, депутаттардың жұмысы – сайлаушыларға берген уәдені
уақытында, сапалы орындаумен айналысу. Білім саласы – өте маңызды. Балабақшалардың уақытылы, сапалы салынуы қатаң бақылауда болады. Апатты жағдайдағы мектептерді де кешіктірмеу керек. Сайлаушылардың сұрап отырған негізгі мәселелерінің бірі де осы. Үшауысымдық мектептерді жоюға да мұқият қараған жөн. Жаңа салынатын мектептерге ата-аналар тарапынан сұраныс болса, екі тілдегі сыныптар ашуды қарастырған дұрыс. Әйтпесе, аралас мектептердегі оқушы саны көп болуы себепті, үш ауысымнан арылу мүмкін емес.

Бұл мәс елелер партияның бақылауында болады, жоспарлы түрде зерттеп, зерделеп отырамыз», – деген Мейірім
Жоламанұлы сапаны бақылау аса маңызды екенін атады. Құжаттама, құрылыс барысына тапсырыс беруші
тікелей араласып, жауапты болуы міндетті екенін атап, депутаттардың қоғамдық негіздегі жұмысына алғыс білдіріп, бірлесе жұмыс жасаудың зор мәнге ие екенін жеткізді.

Гүлжан ӘМІРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған