«МЕН ЖӘНЕ МЕНІҢ ПОЛИЦЕЙІМ»

ҚР ІІМ мен Көліктегі ішкі істер департаментінің жоспарына сәйкес, Атырау стансасының қызмет ету аумақтарында «Мен және менің полицейім» атты акция өтті. Бұл акцияның мақсаты - балаларды, ересектерді полицияның жұмысымен таныстыру, қоғамдық орындар мен жол бойларында жүріп-тұрудың негізгі ережелерін үйрету. 

Акция кезінде темір жолға жақын орналасқан Атырау қаласындағы №23 орта мектептің 1-4 сынып оқушыларына, сонымен бірге аудандардағы темір жолға жақын орналасқан орта мектеп шәкірттеріне дәріс оқылды. «Полиция – дос және қорғаушы» тақырыбында әңгімелесулер өткізіліп, бейнероликтер көрсетілді. Осылайша балаларға қоғамдық орындарда, жолда, таныс емес адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде мінез-құлықтың басты ережелері айтылды.
Шағын мақаламыздың соңында, темір жолдың қауіпті аймақ екенін балалардың есіне тағы бір саламыз. Пойызға билетсіз, үлкендердің сүйемелдеуінсіз мінуге болмайтынын, оның астынан өтуге не үстімен жүруге мүлде рұқсат етілмейтінін қайталап айтамыз. «Сақтансаң, сақтармын» дегендей, қай кезде де сақ болып жүріңдер, аяулы балдырғандар!

Айгүл ҚҰМАРОВА,
Атырау стансасы ішкі істер бөлімінің аға инспекторы,
полиция майоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз