МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫҢ ТЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңы (жаңа редакциясында) күшіне енді. Мұндағы басты жаңалық сол – мемлекеттің бизнес субъектілерімен өзара әріптестігінің жаңа қағидаттары көрініс табуы. Енді белгілі бір өнімді немесе тауарды сату және қызмет көрсету үшін тараптар арасында ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасалады. Сөйтіп, қандай да бір жобаны жүзеге асырғанда тікелей инвестиция тартуға тың мүмкіндіктер ашылады. Сондай-ақ, ол Қазақстанда жаңа да жоғары технологиялы өндіріс орындарын құрып, өнім көлемін көбейту мен сапасын көтеру мүмкіндігін кеңейтеді. Ең маңыздысы – сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің жолына тосқауыл қойылғандығы. Осы орайда, Мемлекет басшысы атап өткеніндей, бұл заңды қайта қабылдауда көзделген негізгі мақсат та осы. Сонымен, күшіне енді енген жаңа заңның жаңалықтары қандай, нақты нендей өзгеріс, ерекшеліктері, артықшылықтары бар? Міне, осы төңіректе ой бөлісу үшін біраз маманның пікіріне құлақ түрген едік.

 

Ақбөбек Шарғабаева,

облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бас маманы: 

– Бірден айтарым, жаңа редакциясында қабылданып, қолданысқа енгізіліп отырған заңның көптеген артықшылықтары байқалады. Мәселен, 43-баптың 18-тармағына сәйкес, тапсырыс берушінің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету мақсатында ол уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша күн  және апта сайынғы қажеттіліктегі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алушы  туралы шарттың қолданыс мерзімін конкурс немесе аукцион өткізу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу шарты күшіне енгенге дейінгі кезеңге ұзартуға құқылы.

Сонымен қатар, өнім беруші (жұмыс немесе қызмет ұсынушы) шарт мерзімін ұзартудан бас тартқан жағдайда, 39-баптың 3-тармағында қарастырылғанындай, жаңадан жасалынатын шартты осы және басқа тараппен бір көзден алу тәсілімен тікелей ресімдеу құқығы беріледі.

Александр ДОНСКОВ, «Атыраунефтемаш» ЖШС-нің  директоры: 

– «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» ҚР Заңының 53-бабы 1-тармағының бірінші және екінші тармақшаларында серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы (директор, төраға, басқарушы, т.б.) мекеменің атынан сенімхатсыз әрекет етеді. Сонымен қатар, серіктестіктің өкілі болу құқығын иелену үшін ресми құжаттар, соның ішінде қайтадан сенім білдіру құқығымен сенімхаттар беріледі.

Осылайша, егер кез келген тұлға конкурсқа қатысуға арналған өтінім мен оған қатысты басқа да құжаттарға өзінің электронды сандық қолтаңбасын қоятын болса, ол ЖШС атынан қол қою құқығын беретін сенімхатты иеленеді. Оның үстіне, тауарларды өз қаражатыңа сатып алуға  электрондық үлгідегі шарт жасалынады. Мұндайда, алдын-ала тапсырыс берілген тауарды алудан бас тарту фактілерінің  кездесіп қалу ықтималдылығы, соған байланысты қандай қарекет жасауға болатындығы да ескерілген.

Және бір назар аударарлық жайт, тапсырыс беруші тараптың тауарларды өз қаражатына сатып алуы үшін электронды шарт жасалады.

Жадыра РЫСҚАЛИҚЫЗЫ, мемлекеттік қызметкер:

– Заңның жаңа редакциядағы нұсқасымен танысу барысында байқағаным, онда тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алудан бас тарту туралы шешіміне байланысты да біраз өзгешеліктер қамтылған. Нақтылай кетсек, бас тартушы тарап өткізілуі жоспарланған мемлекеттік сатып алу үдерісіне қатысатын тұлғаларды өзінің қабылдаған шешімі жайлы бес жұмыс күні ішінде хабардар етуі тиіс. Сонымен қатар, конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті екендігі атап көрсетілген. Оған қоса, «Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша біліктіліктер туралы мәліметтер қосымшасында құжаттардың (дипломның, жеке куәліктің, т.б.) электрондық көшірмелерін (сандық қолтаңба қойылған) ұсыну қажеттілігі қаперленген. Және бір мәлім болғаны, әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді ұйымдастырушыға электрондық құжат түрінде ұсынады. Заңда бұлардан басқа да мемлекеттік сатып алу үрдісін оңтайландырып, жеңілдетуге кепілдік беретін көптеген өзгертулер мен толықтыруларға орын берілген.

Жазып алған: Дәулетқали АРУЕВ.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз