
Мемлекеттік қызмет пен діни бейтараптық: Қазақстандағы әдеп нормалары мен зайырлы қағидаттар
Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде әрбір азаматтың ар-ождан бостандығын қамтамасыз етеді. Конституцияның 22-бабында: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Бұл құқықты қандай да бір дінде болуға немесе ешқандай дінде болмауға, өз діни наным-сенімін ұстануға немесе ұстанбауға еркін таңдау мүмкіндігі ретінде түсіну керек.»
Алайда, мемлекеттік қызметшінің рөлі мен қызметі тек жеке сеніммен ғана шектелмейді. Ол – мемлекет атынан халыққа қызмет ететін тұлға, сондықтан оның әрекеті кәсіби, бейтарап және мемлекет мүддесіне сай болуы шарт. Осы тұста мемлекеттік қызметшінің діни көзқарасы мен қызметтік этикасы арасындағы шекараны дұрыс ажырату – өте маңызды.
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі» – мемлекеттік қызметте моральдық-этикалық нормаларды айқындайтын басты құжат. Бұл кодексте мемлекеттік қызметшінің қоғаммен қарым-қатынасы, мінез-құлқы, қызметтік әдебі және жеке наным-сенімі мәселелері нақты реттеледі. Әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметші:
- Қоғам мен азаматтардың сенімін ақтауға міндетті;
- Қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және кәсіби тұрғыда орындауы тиіс;
- Өзінің діни наным-сенімін мемлекеттік қызметке араластырмауы қажет.
Бұл талаптар Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі саясатына толық сай келеді. Мемлекет пен діннің бөлінуі – демократиялық қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі.
Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінгенімен, дінге тыйым салынбайды. Керісінше, мемлекет:
- Барлық діни конфессиялардың заң аясындағы қызметіне кепілдік береді;
- Азаматтардың діни сеніміне құрметпен қарайды;
- Бірақ мемлекеттік қызметтің бейтараптығы мен зайырлылығын қатаң талап етеді.
Мемлекеттік қызметшінің жұмыс орны – діни сенімдерді насихаттайтын емес, халыққа кәсіби қызмет көрсететін алаң. Қызметкердің діни наным-сенімін көрсететін әрекеттері (мысалы, қызмет орнында діни рәсімдер жасау, діни киім кию, әріптестерге діни уағыз айту) мемлекеттік қызметтің бейтарап сипатына қайшы келеді. Осы себепті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-ші, 453-ші баптарына сәйкес әкімшілік жазалары да қарастырылғанын айта кеткен жөн.
Әрине, мемлекеттік қызметші де – азамат. Ол өз сеніміне сай:
- Дінді ұстануға немесе ұстанбауға;
- Діни мерекелерді жеке өмірінде атап өтуге;
- Ораза ұстауға немесе жұма намазына баруға құқылы.
Бірақ бұл құқықтар қызметтік міндеттерді орындауға зиян келтірмеуі тиіс. Яғни, мемлекеттік мүдде мен халыққа қызмет ету – кез келген жеке наным-сенімнен жоғары тұрады. Қоғам және дін: мемлекеттік қызметшіден: кәсібилік; әділеттілік, ашықтық, сыпайылық пен жеке көзқарасын мемлекеттік міндеттен бөліп қарауды күтеді.
Мемлекеттік қызметшінің діни наным-сенімі оның ішкі ісі болса, ал қоғам алдындағы қызметі – мемлекеттің бет-бейнесі. Сондықтан қызмет барысында діни бейтараптық пен жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстану – басты талап.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі – зайырлы, бейтарап және жалпыұлттық мүдделерге негізделген жүйе. Мемлекеттік қызметшілер өз діни сенімін ұстануға құқылы болғанымен, бұл сенімді қызметтік этикаға араластырмауы тиіс. Бұл – елдегі этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау жолындағы маңызды қадам.
Мемлекеттік қызметтің мәртебесі – қызметшінің кәсіби бейнесі мен моральдық ұстанымына тікелей байланысты. Ал діни бейтараптықты сақтау – мемлекеттік саясаттың тұрақтылығын, азаматтардың теңдігін және халықтың сенімін нығайтатын басты фактор.
«Мемлекеттік қызмет – халыққа адал қызмет ету, ал адал қызмет – әділет пен бейтараптықтан басталады».
Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы
Мусаев Қаһарман Рахметұлы


