
Маңызды міндеттер жүктелді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың жарқын мысалы. Онда қоғамды толғандырған ең өзекті сұрақтарға жауап беріліп, жаһандық бастамалардан бастап, күнделікті өмірге қатысты барлық мәселелер қамтылды.
Әр Жолдау – ел тағдырына, болашағына қатысты нақты жоспарлар мен стратегиялық міндеттерді айқындайтын маңызды құжат. Биылғы Жолдау ерекше мәнге ие деп санаймын, себебі онда мемлекетіміздің жаңа дәуірдегі даму бағыты айқын көрсетілді.
Президент үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруды міндет етіп қойды. Бұл – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Әлем қазір жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Біз бұл үдерістен шет қалмауымыз керек. Арнайы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы – тарихи шешім. Бұл жаңа технологияларды тек енгізіп қана қоймай, оны өзімізде өндіру, ұлттық мүддеге сай қолдану мүмкіндігін береді.
Экономика – мемлекеттің тірегі. Президент банктерді тек тұтынушылық несие берумен шектелмей, нақты сектордағы ірі жобаларды қаржыландыруға міндеттеді. Бұл – өңдеу өнеркәсібінің, өндіріс орындарының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Сонымен қатар, жоғары технологияларға басымдық беру елімізді шикізаттық тәуелділіктен арылтып, бәсекеге қабілетті экономика құруға көмектеседі.
Елімізде саяси реформалар кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Бүгінгі Жолдауда Мемлекет басшысы бір палаталы парламент құру бастамасын ұсынды. Бұл мәселе бойынша 2027 жылы референдум өткізіледі. Халықтың таңдауына берілетін бұл шешім – демократияның айқын көрінісі. Саяси жүйені ықшамдау арқылы тиімділікті арттыруға мүмкіндік бар.
Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті.Осы ретте, «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек. Өткен жылы осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды. Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету.
Қорытындылай айтқанда, 2025 жылғы Жолдау – Қазақстанның жаңа даму кезеңіне бағытталған құжат. Цифрлық трансформация, экономикалық жаңғыру, саяси жүйені жетілдіру, әділеттілік пен ашықтыққа негізделген қоғам құру – барлығымыздың ортақ мақсатымыз. Мен әрбір қазақстандық азамат осы Жолдауда айтылған міндеттердің жүзеге асуына өз үлесін қосуы тиіс деп санаймын. Өйткені мемлекетіміздің болашағы бәріміздің қолымызда.
Асухан НАЗЫМБЕКОВ,
Атырау облыстық жастар мәслихатының депутаты

