«МАХАМБЕТ, ЕЛІҢ АМАН БА?»

Президенттің осы бір сауалы құлағымда әлі күнге жаңғырып тұр
Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте істеп, бірнеше аудан мен бірқатар басқармаларға басшылық жасаған Рысқали Сисатов бүгінде зейнеткерлікте. Облыс әкімдігінде болған салтанатты шарада оның ел алдында сіңірген еңбегі ерекше аталып өтіп, әріптестері қимай қоштасқан-ды. Тәуелсіз мемлекетіміздің үшінші дәрежелі «Барыс», «Құрмет» және он шақты медалімен марапатталған, Елбасымен көп кездескен ардагердің айтары да мол.

 

Ол неге МАХАМБЕТКЕ ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛДІ?

–  Сіз Елбасымен бірнеше мәрте жүздескен жансыз. Сол кездесулер  жадыңызда ма?

– Әрине. Жалпы, мен Мемлекет басшысымен бес рет кездескен адаммын. Тіпті тілдесу бақытына да ие болдым. Соның бәрін болмаса да, кейбірін айтып берейін. Мені әлі күнге дейін ерекше таң қалдыратыны – Елбасының Астанада отырса да республиканың әр өңіріндегі жағдайды жете білуі және есте сақтау қабілетінің өте жоғарылығы.

Сонау 2003 жылы облыста дүбірлетіп ақиық ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығын тойладық. Республиканың барлық өңірінен ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері осында жиналды. Ең бастысы – Елбасының арнайы келуі.

 Мемлекет басшысы алдымен Махамбет ауданына ат басын бұрды. Мен ол кезде сонда әкім едім, қарсы алдық. Нұрекең  мешітке бас сұқты, содан Махамбет мұражайына  барды.  Соның  алдында  ғана  жасақталған аллеямен жаяу жүріп, мәдениет үйіне беттеді. Осы жерде ақсақалдармен амандасып, жергілікті әнші-күйшілердің өнерін тамашалады. Ақырында, Махамбет көшесін аралап өтті. Сөз жоқ, мұның бәрі ауылдағылардың әлі де жадында жаңғырып тұрған шығар. Мұндай оқиғалар ұмытылар ма, сірә?

Содан осы жылдың желтоқсанында  Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанада жиналдық. Мемлекет басшысы еліміздің болашағы туралы тартымды баяндама жасады. Оны тыңдап отырып, Қазақстанның келешек көркем келбетін көз алдымызға елестеттік, бойымызға алдағы күндерге деген сенім ұялады.

Елбасы сөзін аяқтап, залдағылармен амандаса бастады. Атыраулық делегацияға да жақындап келеді. Бір кезде мені көріп, қолын ұсынды. Әлі есімде, «Махамбет, елің аман ба?» деді. Әрине, менің атымды жаттап алу ол кісіге міндет емес, бірақ республикадағы жүздеген аудандардың ішінен біздің Махамбет ауданын жаңылмай атауы мені таң қалдырды. Кейін осы бірауыз сөз халық арасында тарап кетті. Кейбір құрдастарым әзілдеп мені Махамбет атай бастады. Ал, мен оған өзімше мән беріп, Елбасы «Махамбет бабамыз секілді еліңе қамқор бол, халқыңа қалтқысыз қызмет ет» дегені ме екен деп те ойладым.

Ол кезде Атырау-Орал тас жолы салынып жатқан-ды. Махамбеттің үстінен өтетін осы құрылысқа үлкен үміт те артып отырғанбыз. Сол шамада 250 шақырымы бітіп, Калмыков елді мекеніне жеткен. Елбасы оны да сұрады. «Келесі, 2004 жылы бәрін де бітіріп беремін. Осылай деп еліңе сәлем айт» деді. Махамбет ауданы өзінің жіті назарында болатынын ерекше атап айтты. Бұдан көңіл қалай  марқаймасын?

Ал, 2005 жылы Махамбет ауданында облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің семинар-кеңесі өтті. Сарайшыққа шаруа қожалықтарының жетекшілері,  ірілі-ұсақты  кәсіпкерлер, малбегілер мен егіншілер – барлығы 800 шамалы адам жиналды.

 Міне, осы шараға Елбасы арнайы келді. Ауыл шаруашылығын көтеру үшін не істеу керек? Қандай шараларды жүзеге асыру қажет? Мемлекет тарапынан нендей қолдаулар болады? Жиналғандар алдында осындай сан-салалы сауалдардың түйіні тарқатылды. Нақты тапсырмалар берілді.

Мемлекет басшысы егінді тамшылата суару тәсіліне ерекше назар  аударды.  Израиьлдық осы әдістің тиімділігін баса айтты. Мұндай тәжірибенің дүние жүзінде өзін ақтағанына жиналғандардың көзін  жеткізді. Ол кісінің тағы бір қасиеті – қарапайым сөздерімен-ақ  баршаны баурап алатыны.

Қазір тұтас республикада, соның ішінде бізде де осы тәсіл өмірімізге дендеп енді. Ал, ол кезде облыста алдымен  «Райхан» шаруа қожалығы бірінші болып пайдаланған-ды. Осында 65 га жерге ұтымды  әдіс  енгізіліп,  алғашқы мол  өнім  алынған болатын. Мәселен, облыс бойынша әр гектардан орташа есеппен 12 тонна қияр алынса, мұнда ол 62 тоннаны құрады. Егістік көлемі  1060  гектарға жетті. Бұл алдыңғы жылмен  салыстырғанда отыз пайызға көп еді. Қызанақ өнімі де өткен кезеңдермен бағамдағанда   едәуір артық болды. Міне, тамшылата суару тәсілінің озықтығын біз осылай дәлелдедік.

Осы басқосуда Елбасы менен ауыл шаруашылығын дамыту бағытында, халықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету жөнінде не тындырып жатқандығымызды  сұраған. Ол  кезде  аудан  Атырау қаласының сұранысын 51 пайызға қамтып тұрған-ды. Әрине, жаман нәтиже емес қой. Бірақ, Мемлекет басшысы жергілікті жағдайдың барлық мүмкіндігін пайдаланып, көрсеткішті өсіруді тапсырды. Сөз ретінде айта кетсек, облыстың бүгінгі басшылығы да егіншілікке баса назар аударып, биыл оның көлемін еселеп арттырды. Бұл дұрыс бастама, өйткені сонау жылдары Махамбет ауданы өңір тұрғындарына бау-бақша дақылдарын да, көкөністі де мол ұсынатын еді ғой. Өңірде байырғы дихандардың ұрпақтары әлі бар. Олар атакәсіпті ұмытқан жоқ. Мемлекет тарапынан кең көлемде қолдау да бар. Ендеше, іске сәт.

Елбасымен тағы бір кездесуім 2010 жылы болды. Бұл кезде мен облыстық жер қатынастары басқармасының  басшысы едім. Атырау жылу-электр орталығының кезекті қуатын іске қосқан Мемлекет басшысы жиналғандармен жағалай амандасып келіп, маған жақындағанда «Ауданың жақсы ма?» деп арнайы сұрады. Мен арада өткен оң өзгерістерді айттым.

Міне, осының бәрі Елбасының алыстағы Атыраудың шағын ғана Махамбет ауданына ерекше мән беріп отырғандығын көрсетеді. Қазір ақын атындағы аймақ қалыпты дамып келеді. Облыс бойынша азық-түлік белдеуін қалыптастыруға сұранып тұрған өңір. Іс тетігі табылса, ертең-ақ сонау жылдардағыдай жаңғырып шыға келеді. Ауданның бүгінгі жас басшысының оған күші де жетеді.

ЕЛ БАСҚАРУ – ЕҢ ҮЛКЕН Жауапкершілік

– Сіз Елбасын соңғы ұлықтау шарасына қатыстыңыз.

– Бұл да – менің өмірімдегі естен кетпес  оқиғалардың бірі. Атыраудан аттанған ауқымды делегация Астанада жиналдық. Қатарымызда облыс пен аудандардың басшылары, мемлекеттік құрылымдардың және қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, ардагерлер, бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылық өкілдері, т.б. болды. Белгіленген сағатта Тәуелсіздік және келісім сарайындағы өзімізге бөлінген орынға жайғастық. Үлкен телеэкраннан Президенттің Ақордадан шығып, көлікке мінгені, одан сап түзеген гвардияны аралап өтіп, біз отырған сарайға беттегені – қысқасы бәрі-бәрі көрініп тұрды. Сөйткенше болған жоқ, Елбасы еңсесін биік ұстап, зәулім залға енді. Жиналғандар орындарынан тік тұрып, қол соғып қарсы алды. Әнұран орындалды, Елбасы халқына адал қызмет етуге салтанатты түрде Ант берді.

Сол жерде менің есіме Нұрсұлтан Әбішұлының бірінші рет бүкілхалықтық сайлауда жеңіске жеткені түсті. Сол кезде де осындай ант беру рәсімі өткен-ді. Елбасы Туды сүйіп, кейін шегінгенде әлдекімнің қолы тиіп кетті ме, әлде дұрыс орнықпады ма – әйтеуір, тұғырдағы Ту сәл шайқалып кетті. Президент оны ұстай алды. Ешкім күтпеген, ешкім ойламаған осы көрініс сол сәтте-ақ көптің көкейінде ерекше жатталып қалған-ды. Бұл – Елбасының «Елімнің Туын жықпаймын, халқымның кеудесін  ешкімге  бастырмаймын, Мемлекетімізді алдыңғы қатарға шығарамын» деп іс-қимылымен берген серті секілді еді.

Расында да, солай емес пе? Міне, жиырма жылдық белесті де артта қалдырдық. Осы уақытта қандай қиындықтарды көрмедік? Нендей өткелдерден өтпедік? Қаншама рет тағдырымыз таразыға тартылды? Сол сын сағаттарының бәрінде Президент халқымен бірге болды. Елі Елбасына сенді, Елбасы еліне сенді. Сол сенімге әлі де селкеу түскен жоқ. Міне, бүгін әлемдегі азулы деген іргелі мемлекеттермен иық тіресіп, тереземізді теңестіріп келеміз. Ешкімнен кем емеспіз.

Жалпы, ел басқару – ең қиын жұмыс. Шағын ғана отбасында да кейде түсінбестік болып жатады. Оның қасында  тұтас  мемлекеттің  тізгінін  қолға  ұстау – екінің біріне берілмеген қасиет. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы қиындықтар бәріміздің жадымызда емес пе? Қандай ауыр кезең еді ол. Бұрынғы одақтас республикалардың кейбірінің тоз-тозы шығып, бір-бірімен соғысып, ақыры құлдырап кетті ғой. Содан әлі айыға алмай жүргендері де бар. Ал, біздің Елбасымыз кең-байтақ жеріміздің бар байлығын ұқыпты пайдаланып, сырттан инвестиция тартып, экономикамызды  көтере  білді. Бірқатар  елдердің жас басшылары өздеріне Елбасын ұстаз санауы да тегін емес.

Әңгіме Президентті ұлықтау рәсімінен басталды ғой. Қазақ даласында ежелден хандарды халық сайлаған. Көңілі қалаған, жүрегі сүйген жанды ақ киізге отырғызып, төбесіне көтерген. Абылай ханды үш жүздің игі жақсылары осылай істеген. Міне, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осындай құрметке лайық адам. Ал, мен онымен бес мәрте кездескенімді, оның маған жылы шырай танытып, «Махамбет, елің аман ба?» дегенін ешқашан ұмытпаймын.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз