МАЙОР ХАНЫМ

Қоғамда тәртіп күзетінде жүрген нәзікжандылар аз емес. Солардың бірі облыстық ішкі істер департаментінің балық қорына қылмыстық қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Гүлайым Байтаңатова.

Мамандық таңдауда құқық қорғау саласына бет бұрған ол алғашқы еңбек жолын 1987 жылы Атырау қалалық ішкі істер бөлімінде кеңсе маманы болып бастайды. Ресейдің Саратов қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының құқықтану факультетін, кейін Қостанай қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебін тәмамдайды.

1995 жылы кіші лейтенант шеніндегі Гүлайымды Атырау қалалық ішкі істер басқармасына жасөспірімдердің учаскелік инспекторы етіп тағайындайды. Ол өзінің қызмет көрсететін аумағындағы, әсіресе, «қиын» балалармен тіл табысып, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға, оны болдырмауға атсалысты. Арада бес жыл өткенде, өз ісіне тындырымды, тиянақты Гүлайым басшылықтың шешімімен қалалық ішкі істер бөлімінің есепке алу және тіркеу бөлімшесінің аға инспекторы лауазымына ауыстырылады.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағиданы берік ұстанған Гүлайым өз ісіне деген жауапкершілігі арқасында әр жылдары қызметте сатылап жоғарылайды. Бүгінде облыстық ішкі істер департаментінің полиция майоры шенінде абыройлы қызмет етіп келеді.

Кәсіби қызметімен қатар, отбасындағы тәрбиені қоса арқалаған Гүлайымның Дәрмен есімді ұлы Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында  білім алуда.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА,

облыстық ішкі істер департаментінің

баспасөз хатшысы. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз