МАҢЫЗДЫСЫ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ӨРКЕНДЕУ

Қазақстан халқы Ассамблеясы өте орынды ұсыныс жасап отыр. Өйткені, тәуелсіздік алғалы бері еліміздегі тұрақтылық пен өркенді өзгерістердің бастамашысы болған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен екені баршаға аян. Көп этносты Қазақстан жұртшылығы әркез еліміздегі татулық пен бірліктің берік, отандық экономиканың кең қанат жайып, әлемдегі барша елмен бәсекелес болуын қалайды. Әрине, айтуға оңай болғанмен, мұның бәріне бір мезетте қол жеткізу әсте қиын.

Міне, мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде, біздегі экономикалық қарқынды даму мен саяси тұрақтылықтың бұдан былайғы уақытта да сақталуының айрықша маңызы бар. Ал, еліміздегі тұрақтылық пен өркендеудің бірден-бір кепілі – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Ендеше, біз президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуді қолдауымыз қажет. Бұл не үшін қажет?

Біріншіден, әлем елдері қаржы дағдарысының қыспағында қалып жатқанда Қазақстандай ортақ Отанымыз ТМД мемлекеттері ішінде экономикалық көрсеткіштерімен көшбасшылық деңгейге көтерілді. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, жаңа жұмыс орындары молынан ашылып жатыр. Шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау жасалып, салық жүктемелері жөнінде жеңілдіктер жасалды. Мектептер мен ауруханалар жаңарды. Отандық өнім өндіретін зауыттар мен фабрикалар қатары көбейді. Осының бәрі Қазақстанымызды дағдарыстың талайының қыспағында қалдырмай, халқымыздың тұрмысы төмендемеуіне оң серпін беріп отыр.

Екіншіден, соңғы кездері өзге елдерді айтпағанның өзінде, ТМД мемлекеттерінің біразында сан алуан қақтығыстар, жанжалдар мен соңы дүрдараздыққа ұласқан шерулерге куә болып жүрміз. Мұндай оқиғалар сол елдердегі саяси тұрақсыздықтың, халықтың әлеуметтік тұрмысының төмендігінің әсерінен болатыны даусыз. Шүкір деп айтайық, біздің елімізде саяси тұрақтылыққа, этностар арасындағы бірлік пен татулыққа сына қағылған жоқ.

Осындай себептерді ой елегінен өткізіп, алдағы күндеріміздің бұдан да жарқын болуы жолында Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді басқара беруін қамтамасыз етуіміз қажет. Ол үшін, әрине, Қазақстан Республикасының Президентін сайлауды мерзімінен бұрын өткізген жөн. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ұсынысына шын жүрегіммен қолдау білдіремін.

Зураб БОБОХИДЗЕ,

«Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз