МӘҢГІ ЕЛ (Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі алдындағы ой)

Сәулеш Тәжіқызы Шәтенова Атырау облысы, Жылыой ауданында туған. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазір Жылыой аудандық «Кең Жылой» газетінің бас редакторы боп жұмыс жасайды. «Жылдың үздік журналисі» номинациясының иегері. ҚР Президенті жанындағы гендерлік саясат жөніндегі комиссияның «Әйел басқарған үздік мекеме» дипломымен марапатталған. 

Ол –Республикалық жыр мүшәйраларының  жеңімпазы. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

Бұлбұлдың үні, бозторғай тілі керегіп,

Жырлауға сені тұрғаны-ай мына, ұлы елім.

Ғасыл жырыма әділет айтар төрелік,

Жырлайын деп келіп, жылайын деп тұр ма жүрегім?

Бал татыған бақыттан да адам жылайды,

Бақыттың жасы – иірім мына көздегі

Қолыммен саған қондырып 

  жүрмін күн, айды,

Ұлан екенмін өз даласы бар, өз белі.

Өзімдікі екен тауларым да анау тым асқақ,

Өзімдікі екен далам да сарша сағымды.

Өзімдікі екен өзенім жүзер құлаштап,

Өзімдікі екен бұлақ-бұрымдар арынды

Өзімдікі екен қытықтай өпкен самал да,

Өзімдікі екен ішектей ұзын жолдарым.

Өз елім бар, өзгесі өгей ғаламда,

Алшаңдап жүрер бағым ғой – сенің болғаның

Өзімдікі екен туым да егіз көкпенен,

Өзімдікі екен тілім де анам атында.

«Өз үйім – өлең төсегім» шеттен деп келем,

Еркіндік көп-ау кең даласы бар ақынға.

«Ормансыз бұлбұл» кешіп жүр біреу тағдырын,

Ормансыз бұлбұл құмығып  қалар көмейі.

Отаны да жоқ білемін жандар  барлығын,

Жетпей жатады бағы ылғи оның бір елі.

Бақытты бізге бере салған ба көл-көсір,

Жаны азат елдің өршілдеу келер өлеңі.

Құла атқа мініп және айдарымнан  жел есіп,

Кең даламды кезе бір шапқым келеді.

Атына қонса тізгінін тартпас бұл қазақ,

Алысып кермен, жарысып желмен жөнелер.

Осы еркіндік үшін кешумен келген  мың азап,

Осы еркіндігін ұзақ қып тәңірі бере гөр!

Тақымы тисе жүйрікке қозар делебе.

Көсіле шабар кеңдік қой оған керегі.

Самалға бөгет болмайды бақсаң кереге,

Саф ауа – оның саумалдай жұтар қорегі.

Сақтана қара – сілекейі жаттың шұбырса,

Сұқтана берген шегір көзде бар  бір пәле.

Ырымын жаса – қырын кетпесін сұғынса,

Кеңдікке мұндай иелік етер кім, қане!

Еркіндігіңді, елдігіңді қорға  жат көзден,

Пиғылы қасты дос санап қалма  аңқылдап.

Күндеп-ақ жүр ғой өзіміздегі бақты өзгең,

Сырт айнала бере түсін суытар  салқындап.

Кұлтөбеге бір шығып ап, шолып   қырқаны,

Ойға бір шомса, ұлыларым мұны ұғады.

Боз белден анау бозара  атса нұр таңы,

Еркіндеу елдің биіктеу  ұшар қыраны.

Күйіне балқыр қоңыр домбырасына бабаның,

Қоп-қоңыр ғана, моп-момын  ғана қазақпын.

Мен перзентімін далиып жатқан   даланың,

Ада-күде, әжің-күжіңнен ада азатпын.

Басынса жат кеп, бақаның алар қолына,

Батырлығым ұстап кетеді бабам қалдырған.

Туымды алып, ілесіп көштің жолына,

 Ізімді басар келеді өсіп балдырған.

Есімім – қазақ, жүрегі түкті түркімін,

Бабамның жерін қорғайтын дәйім, дойырмын.

Барыспын қабылан, бұлаңын қайтем  түлкінің,

Жайлау жаныммен құшуға досты дайынмын.

Егемендігімді бабалар күткен сарылып,

Шұбалған көштей мен сан ғасырлық арманмын.

Көк бөрі мініп, сары алтынға малынып,

 Ұшар биікте шаншылып  мәңгі қалғанмын.

Қазақ елі

Материктер, мұхиттар ортасынан,

Сені іздедім әлемнің картасынан.

Қазақстан – менің Қазақстаным,

Күннің табы сезілер әр тасынан.

Жия алмай жүр өзге ел алаң жүгін,

Айта алмай жүр көсемі бағамды ұғым.

Серпінді де еркін ел – Еуразияда,

Селт етті әлем, көз тікті саған бүгін.

Бауырыңды көтердің барыс құсап,

Білем, саған жаяды алыс құшақ.

Сол алыста айбарлы атың сенің,

Даңқты шақ және де табысты шақ.

Өзгені басар күшің, бар мысың да,

Өзгеден бөлек бітім-болмысың да.

Икемді сенің жолың, жас барысым,

Өрмелеп шығар тау мен қарлы шыңға.

Толғатып тоқсан тарау жол орамын,

Жасарып, жаңғыруда қалаларың.

Жүзеге асты бүгін жүз ұлы іс боп,

Ұлы елім, сенің батыл жобаларың.

Жеріңе желек жайып, гүл өсуде,

Шуақтап айдарыңнан нұр есуде.

Алдыңа мақсат қойдың: ең дамыған,

Көшіне елу елдің ілесуге.

Толғатса тәуелсіздік шаранасын,

Бала қыран сыпырар томағасын.

Қонары – құт мекені- қия шың ғой,

Күнге де көзін тіктеп қарағасын.

Көшпелілер

Көзінен от, айдарынан ескен жігер,

Жаны қас жамандыққа өшпенділер.

Аттың жалы, атанның қомында  өмір,

Даланы мекендеген көшпелілер.

Жөңкіліп даласында адаспады,

Рухы биік, мұзарттай жаны – асқары.

Шалжиып киіз үйде жатады екен,

Шаңырағынан көрініп көк аспаны.

Толтырып бал қымызға тегенені,

Жайылып құрт- майы өредегі.

Жұтқаны-сахараның саф ауасы,

Іргеден түріп қойып керегені.

Бесіктен тыңдататын баба жырын,

Әр жүректе – биіктік, дана ұғым.

Даланың жазылмаған өз заңы бар,

Біреудің аттатпайтын ала жібін.

Жорытып желе жүріп құлан ілген,

Шаңқ етер тас қияда қыран үнмен.

Батыры асқақ, биі асқақ, ақыны асқақ,

Қызыл тіл құпиясын ұға білген.

Қолданған алтын шара, мыс табағы,

Сән-салтанат, сұлулық ұстағаны.

Көшпелілер мекенін көзбен өлше,

Шекарасына жете алмай құс талады.

Астанаға көшу

Сарыарқа сайын дала төсіндегі,

Сарғайған бір сағыныш секілді еді.

Баяғы айырқалпақ Абылайдай,

Елбасы тас-түйін боп бекінді енді.

Секілді кең даланың тас қамалы,

Секілді ер бабаның асқақ ары.

Бабалар болжаған жер – Сарыарқаға,

Ойып тұрып салдырмақ Астананы.

Көшірмек Астананы сар далаға,

Тәуекелге бел буды сардар аға.

«Неде болса тәуекел, шештім солай!»

Осылай мәрт кеспесе ер бола ма?!

Бір жарқыл лып етті де жанарында,

Білді ол сынға өзек боларын да.

Ел көші солай қарай бет түзеді,

Сүйгізіп жүзін Арқа самалына.

Арқадан қақса аязы, ақ бораны,

Ақ қары секілді бір аппақ ары.

Келімсек Целиноград деп атаған,

Астана ғып өзгертті Ақмоланы.

Ескіні жасампазға алмастырып,

Ертеңіне сеніммен таңды астырып.

Төсінде Сарыарқаның нұрлы Астана,

Төрінде үш би отыр малдас құрып.

«Бәйтерек»- биіктіктің шың, шынары,

Бұлқынып көкке қарай ұмсынады.

Ертіске қарап тұрған жас Астана,

Айнадағы сұлудай қымсынады.

Сәні де, сарайы да, бағы да ерен,

Таңғалып жас қалаға табынды әлем.

Астана қазағымда ұлы дүбір,

Бір ұлы іс басталғанын мәлімдеген.

Өркениет көшінен саяқ қалмай,

(Бөрі бөрі болмайды аяқтанбай.)

Астана барша іске бастама боп,

Бар қазақтың үмітін оятқандай.

Сарыарқа – сайын дала асқақ әні,

Сарыарқада салдыртты Астананы.

Қазақтың ел боп, еңсе көтеруі,

Астанаға көшуден басталады.

Жер байлығы – ел байлығы

Тарихқа бұл парақ та жазылады,

Тағдырға қайтып айтам базынаны.

Қазаққа жерді берген мырза құдай,

Көл-көсір қып беріпті қазынаны.

Қызыққан алыс, жақын шетелі де,

Сол қазына – шұрайы, шекері де.

Сол қазына тұсауын кескен елдің,

Еңсесін тіктеп бүгін көтеруде.

Бүгінгінің өзгерек өлеңі де,

Өзгерек өң еніпті өр еліме.

Жүйрік заман талабы қажет еткен,

Алып зауыт, кеніштер көбеюде.

Теңелген құр қиялға, «қайдағыға»,

Қол созсақ жетер енді ай да мына.

Тынысы қуатты елдің сезілетін,

Айналдық өркениет айлағына.

Ұлттар татулығы

Боласың саясатқа қалайда алаң:

Өзің тыныш, шуылдақ, ал айналаң.

Жаһандану дәуірі көз алдыңда,

Көресің теледидар шарайнадан.

Жер шары айналады баяғыдай,

Пендеге мәңгі мекен – саялым-ай.

Сан мүдделер тоғысқан жер бетінде,

Сәт-сайын соғыс өрті жанады ұдай.

Бір-бірін алауыздық орға тығып,

Жатады сәл нәрседен бомба атылып.

«Кіші» елдер «үлкен» елден сыбаға жеп,

Қираған сан тағдырлар, солған үміт.

Сан ұлттар тілі бөлек, діні бөлек,

Тыныштық, сая тапқан үйіме кеп.

Елімнің тыныштығы аса қымбат,

Түсіне білу керек мұны да дөп.

Торламай бұлт, көгімді шарласын күн,

Татулық – елімдегі тозбас ұғым.

Татулықты бірінші қойды орынға,

Көреген саясаты Елбасының

Көзінің ағы менен қарасындай,

Бірі – іні, ал бірі ағасындай.

Біздің ішкі саясат: Қазақстан,

Болуы шарт бір үйдің баласындай.

Дәстүрін бір-бірінің қадірлеген,

Шын достық мінбелерден, табылды өрден.

«Кең болсаң, кем болмайсың»  деген қазақ,

Қонағына төрінен орын берген.

Тұжырым

Табынттық асқақтықпен мыңды, жүзді,

Есімімен атайды енді бізді.

Қазақстан, картадан қарап тұрсам,

Нүктесінің әлемнің ең бір ізгі.

Қарусыз ел, бейбіт ел – бір аты да,

Туы сол биік ұстап тұратын да.

Алдына ұлы мақсат қойған елдің,

Қашанда көші жетер мұратына.

Еліне қашан-дағы сай болады ер,

Қанатын сенде терең жайған өнер.

Жер шарының ең ізгі нүктесі боп,

Мәңгілік айнала бер, айнала бер!

  Сәулеш ШӘТЕНОВА,

        Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз