ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Жуырда Атырауда мұнайды заңсыз сатып алу, тасымалдау және сатумен ұзақ уақыт айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Ол облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің арнайы жүргізген іс-шарасы кезінде анықталды.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, аталған қылмыстық топ заңға қарсы әрекеттерін бұрынғы химзауыттың аумағында жүзеге асырыпты. Оны тінту барысында шикі мұнай тиеген және «тұрмыстық композитті отын» деген жалған ілеспе құжаттары бар Ресей Федерациясының Волгоград қаласындағы коммерциялық ұйымға тиесілі «МАЗ» маркалы автокөлігі ұсталған.

– Мұнда сыйымдылығы әртүрлі он бестен астам мұнайға ұқсас қара түсті сұйықтық толтырылған ыдыстар орналастырылған өндірістік цех анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, зерттеуге жіберілген өнімдердің мұнай екені белгілі болды, – дейді ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі.

Қазіргі күні осы жағдайға байланысты қылмыстық іс көтерілді.

Бек АЙДАРӘЛИ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз