ҚЫЛМЫСҚА – БЕРІК ТОСҚАУЫЛ

Жуырда облыстық ішкі істер департаментінде өткен жылды қорытындылаған алқалы жиын өтті. Оған ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзин қатынасты.

 

Департамент басшысы, полиция генерал-майоры Арман Жалмұханбетовтың айтуынша, облыс аумағындағы оперативтік жағдай тұрақты. Қылмысқа қарсы күресті күшейту, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Соған қарамастан, бұл бағыттағы шаруалар жүйелі жүре береді. Полицейлер мынадай деректерді келтіреді: Жедел-алдын алу шараларының нәтижесінде ауыр қылмыстардың саны 8,5 пайызға, аса ауыр қылмыстар 21,4 пайызға азайып отыр. Оның ішінде адам өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық, тонау 27 пайызға кеміпті. Қылмыстардың дер мезгілінде ашылуында да оңды көрсеткіш бар. Мәселен, бұрын бұзақылық жасағандар, пәтерге түсіп, біреудің дүниесін ұрлағандар іздерін зым-зия жоғалтатын. Енді шұғыл шаралардың нәтижесінде, ұрылар да аяғын жия бастаған.

– Орташа дәрежедегі қылмыстардың ашылуы да жақсарды. Осы санаттағы қылмыстардың ішінде тонау 19,3 пайызға (327-ден 264-ке) және бұзақылық 19,2 пайызға (806-дан 651-ге) төмендеді, – дейді криминалдық полиция басқармасының өкілдері.

Облыс аумағында елге қауіп келтірер есірткіге қарсы шаралар жүруде. Соның көрінісіндей, былтыр 30 келіге жуық есірткі құралдары тәркіленген, оның 160 грамнан астамы героин болып шығыпты. Адамды улап, еріксіз өзіне құл ететін тажалды таратқан топ ұсталған, оның құрамы төрт адамнан тұрады екен. Күдіктілер бүгінде заңға тартылып жатыр. Осы орайда, Атыраудың көшелерінде орнатылған бейнекамералар қылмыстың алдын алуда, қоғамдық тәртіпті сақтауда үлкен рөл атқаратынына тоқталған жөн. Мысалы, өткен жылы аталған құрылғының көмегімен 23 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, қырыққа жуық қылмыс ашылыпты.

Алайда, сақшылардың қызметі кемшіліксіз емес. Келеңсіздіктің алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп, қылмыстар жедел ашылып жатырғанымен, мәселен, соңғы кездері алаяқтық деректері күрт көбейіп кетіпті. Яғни, бұрын мұндай 774 дерек тіркелсе, оның қатары қазір 987-ге жеткен. Іздеу жарияланған қылмыскерлердің төртеуі әлі ұсталған жоқ.

Облыс ішкі істер органдарының, қылмыстарды ашу, тергеу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысы қанағаттанарлық деп танылып отыр. Соған қарамастан, оларға жүктелген міндет аз емес. Мұны полицейлер де терең сезінетіндерін айтады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз