КӨРШІГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІК

Сан мыңдаған боздақтардың өмірін қиған соғыс өртінің өшкеніне 70 жылдай уақыт таяп қалды. Әйтсе де, оның жарасы әлі жазылар емес. Отан үшін отқа түскен, жауға қарсы шыққан батырларымыздың ерлігі мен батылдығы ұрпақ жанында мәңгі сақталады. Осынау атаулы мерекені жоғары деңгейде атап өту мақсатында Атырау қалалық әкімдігі жоспар дайындап, бірнеше шараларды қолға алуда. Соның бірі – мереке қарсаңында Атырау қаласы әкімінің кубогын сарапқа салған 1999-2000 жылы туған жасөспірімдер арасындағы футболдан қалалық турнир.

Еліміздің өзге аймақтары мен Ресейдің Волгоград пен Астрахан облыстарынан сегіз команда өзара бақ сынасты. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Ожаев мұндай шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, командаларға сәттілік тіледі.

Турнирдің алғашқы күні ойналған матчтарда 14 гол соғылды. Ақтаулық «Каспий-2000» командасының ойыншыларын Астраханнан келген «Волгарь-2000» командасы 0:6 есебімен ойсырата ұтты.

Жарыстың екінші күні «Атырау-99» ойыншылары тағы бір жеңісіне қол жеткізді. Астрахандық «Волгарь-2000» командасымен кездесіп, 1:0 есебімен алға шықты. Жалғыз голдың авторы Батырхан Орынбасаров атанды. Ал, волгоградтық және павлодарлық командалар ұпай санын өзара бөлісті. Ойын 1:1 тең есебімен аяқталды.Сөйтіп,финалда волгоградтық «Ротор-1999» командасымен кездескен жерлестеріміз қарсыласқа жол берді. Волгоградтық ойыншылар алаң иелерінің әр шабуылына тосқауыл қойып, мықтылықтарын көрсете білді. Ал, ІІІ орынды астрахандықтар еншіледі.

Сейсенбі күні қала әкімінің кубогы сарапқа салынған футбол додасының жабылу салтанаты өтті.

Турнирдің жүлде қоры 400 мың теңгені құрады. Алғашқы орынды иеленген волгоградтық ойыншыларға сыйақы сертификаты мен кубокты қала әкімінің өзі – Нұрлыбек Ожаев табыстады. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және қаржылай сыйақымен марапатталды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз