Жарнама
Қоғам

Көк аспанда қалықтаған қыран

90-шы жылдардың қысының ызғарлы, ақтүтек боранды күндерінің бірі еді. Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдардың бірінде балалар ойнап жүріп, екінші қабаттан құлап кетеді. Ауыр жарақат алған жасөспірімнің жағдайы қиын болатын. Ол кезде алыс ауылдарда дәрігерлер аз еді. Сондықтан шұғыл түрде баланы қаладағы ақ халатты абзал жандарға жеткізу міндеті тұрды. Қас-қағым сәтте көмекке әуе құтқару қызметі келіп, науқас өлім аузынан қалды. Бұл жерде адам өміріне араша түскен дәрігерлермен бірге уақытпен санаспай, қалаған аумаққа дер кезінде жеткізген ұшқыштың де еңбегі өлшеусіз екені даусыз. Көп ретте көзге түсе бермейтін осындай мамандық иелерінің адал қызметі ерлікпен пара-пар. 

Арман жолында

Осыдан отыз жыл бұрын кешқұрым уақытта Ақмешіттен ұшқан тікұшақ апаттық жағдайда сол аумақтан 30 шақырымдай жерге құлайды. Абырой болғанда, борттағылар аман қалады. Алайда құтқарушы тікұшақта отырғандар жолаушыларды таба алмай біраз айналады. Оған белгі берейін десе тікұшақтағы жолаушылардың барлығы да темекі шекпейді екен. Мұндай сәтте бір қорап сіріңкенің өзі үлкен роль атқарған көрінеді. Амалсыздан жолаушылар да, тікұшақ жүргізушілері 20 шақырымдай жаяу жүріп, Ақмешітке қайтадан баруға тура келген.

Ал өзі өмірге келген Қызылқоға ауданын бес саусақтай білетін ұшқыш Миялы, Мұқыр, Сағыз, Тайсойғанға көмек қажет болған кезде ауа райына да қарамай, мамандармен келісіп, ұша берген.

–Десек те, менің тәжірибемде бір өкінетін жағдай бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз Алматыға оқуға кеткен кезде Миялыда балалар бір-бірін резеңке тапаншамен атып алады. Соларға күн жарым уақыт бойы көмек келмей, жарақаттанған бала өмірімен қош айтысады. «Осы сәтте өзім қалада болғанда міндетті түрде жеткізетін едім ғой» деп әлі күнге дейін өкінемін. Басқа ұшқыштар ауа райын сылтау етіп бара алмаған, — дейді кейіпкеріміз.

Мұндай естеліктер «Құрметті авиатор» төсбелгісінің иегері,  осы салаға 30 жылдай саналы ғұмырын арнаған Өтесін Шәліковтың қоржынында жетіп артылады. Өзі туралы айтқанды көп ұната қоймайтын ол қызмет бабындағы ерекше жағдайлар туралы сұрай қалсаңыз, жайдары көңілмен түрлі оқиғалардың басын қайырады. Жас кездегі арманына қол жеткізіп, қиындығына қарамастан уақытпен санаспай жұмыс істеген кейіпкеріміздің еңбегі мамандыққа деген адалдықтың жарқын үлгісі болса керек.

GPS-құрылғылардың орнына – компаспен

1961 жылы Қызылқоға ауданының Тайсойған топырағында дүниеге келген Өтесін Шәліков ауылдағы 8 жылдық мектепті аяқтап, оқуын жалғастыруға аудан орталығына кетеді. Крупская атындағы орта мектепті бітіргеннен соң еңбекке араласады. Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін Ленинград облысы, Выборгтағы Ұшқыштар училищесінде оқиды. Өңірдегі ұшқыштар отрядында жұмыс жасайды. Украинада, Ресейдің Омск, Мәскеу қалаларында болып, біліктілігін жетілдіреді.

–Сол жылдары Теңіз ашылған кез еді. Вахтамен кен орнына көп баратынбыз. Содан кейін санитарлық авиацияда жұмыс жасадым. Балқұдық, Сүйіндік, Бейнеу деген жерлерге бірнеше рет барып, біраз тәжірибе жинақтадым. Саналы ғұмырымның көп бөлігі санавиацияға арналды. Әсіресе, аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарда ауыр халдегі жүкті әйелдерге дәрігерлерді талай мәрте жеткізгенбіз. Ал 2010-2013 жылдары Ауғанстанда бітімгершілік күштерінің құрамында еңбек еттім. Содан кейін «Бейбарыс» деген компанияда жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықтым. Санитарлық авиацияның басқаларға қарағанда өзгешелігі көп. Рейстерден бөлек, төтенше жағдайда, оқыс оқиғаларда күн, түн демей ұша беретінбіз. Ол кезде қазіргідей GPS-құрылғылар жоқ. Тек компаспен жүреміз. Туған жеріміздің әр нүктесін жатқа білгеннің арқасында алыс ауылдарға тез жететінбіз, — дейді әңгімелесушіміз.

Көкке көтерілген қайсарлық

Кейіпкеріміздің тікұшақ жүргізуге деген қызығушылығы әскерге дейін басталыпты. Сол жылдардан бастап ауданға ұшақтар жиі ұшатын. Жастайынан көк аспанға көз тігіп, ұзақ уақыт бойы бақылап тұрғанды жаны сүйетін бозбала бұл саланың көп ізденімпаздық пен білімді талап ететінін түсінеді. Абырой болғанда, сынып жетекшісі орыс тілі пәнінің мұғалімі болып, Ленинградқа оқуға барғанда өзге тілден қиналмаған.

 –Ұстазымыз Қостанай жақтан келген еді. Содан орыс тілін жақсы меңгеріп кеттік. Математика пәнінің мұғалімі де мықты болатын. Сол ұстаздарымның берген білімінің арқасында қашан да жолымыз болды. Орыс тілінде еркін сөйлеп, сабақты еркін айттым,-дейді ол. 

Өтесін Шәлікұлы жұмысы туралы айта отырып, мына бір қызық жағдайды еске алды. Бірде Ресейдің Самара қаласынан ұшып бара жатқан чартерлік ұшақ Каспий теңізінің үстіне құлайды. Ұшақ су астына батып кетеді. Абырой болғанда, ұшқыштарды құтқару жилеті арқылы тауып құтқарған. Әңгімелесушіміздің айтуынша, теңіздің ортасында мұндай оқиғалар жұмыс барысында жиі кездесетін. Ұшқыштарға қауіпсіздік ережелерін сақтауға қатысты қатаң талап қойылатыны да сондықтан.

– Тағы бірде балықшылар адасып кетті. Оларды да іздеп таптық. Соңғы жылдары «Миялыға барамын» деп кетіп жоғалған Нұрғали есімді асабаны іздегенім есімде. Өзіміздің облысты жетік білеміз ғой. Сондықтан өңірімізде құтқару жұмыстарын атқару аса бір қиындық тудырмайтын»,-дейді ол.

«Әке көрген оқ жонар»

«Құрметті авиатор» 1987 жылы өмірлік серігі Гүлзада Дүйкенқызымен шаңырақ көтеріп, отбасында бір ұл, бір қыз дүниеге келеді. Ол ұстаздық жолын Қызылқоға ауданы, Қарабау селосынан 1985 жылы бастап Атырау қаласындағы жалғастырды. Саналы ғұмырын «өзгенің бақытын аялауға, өзінің уақытын аямауға» арнаған зайыбы №21 Жамбыл атындағы орта мектептен зейнеткерлікке шығады. Ал бала кезден ұшақ, тікұшақты көріп өскен балалары болашақтарын да осы саламен байланыстырған екен. Ұлы Бауыржан Алматыдағы Ұшқыштар Академиясын бітірген. Жастайынан ұшқыш болуды армандаған ол Семейде болған өртті ауыздықтауға қатысқаны үшін «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен наградталған. Бауыржан Өтесінұлы еңбек жолын «Бейбарыс» компаниясынан пилот ретінде бастап, «Еуро-Азия» компаниясында ұшқыш болған. Қазір «ҚазӘуеҚұтқару» да төтенше жағдайларды құтқару ұшқышы болып еңбек етіп келеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бір кездері Өтесін аға тізгіндеген МИ-8 тікұшағын енді тұяғы Бауыржан жүргізіп жүр.

Ал бір тал гүлі – қызы Бағдат 2016 жылдан берң «Эйр Астана» компаниясында бортсерік болып қызмет етеді. Бір қызығы, балалық шағынан-ақ тікұшақты көріп, мініп өскен ару Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қаржыгер мамандығын «үздік дипломмен» бітірсе де, кішкентай кезінен жақсы таныс саладан алыстай алмайды. Жоғары білім алып жүрген кезінде ешкімге айтпастан ұшқыш мамандығы бойынша іріктеуден өтіп қойған. Алайда қыз бала болғаннан кейін мұндай салаға бет бұру үшін компания талабы бойынша отбасылы болудан, баланы өмірге әкелуден бас тартуы қажет еді. Соның өзінде Бағдат бүгінде 10 жылға тарта «Эйр Астанада» бортсерік болып еңбек етіп келеді. Компанияға жұмысқа қабылданар сәтте ол іріктеу сатыларынан еш қиналмай өткен.

 –Мен ешқашан балаларымның қолынан сүйреп, «ұшқыш болыңдар» деп айтып көрген емеспін. Олар өздері қызығушылық танытып, осы саланы таңдады. Ұлым бірден «ұшқыш боламын» деп кесіп айтты. Осы мақсатта сабақты жақсы оқуға талпынды. Өзінің білімінің арқасында талай жерде топ жарды. Бүгінде отбасы болды. Қазір немерелерім бар. Қызым отбасылы, бүгінде жұмыс бабымен Америкада жүр. Алматыда тұрады,-дейді кейіпкеріміз.

Еркелік пен жалқаулықты көтермейтін сала

Иә, әуедегі құтқару қызметі еркелік пен жалқаулықты көтермейді. Темірдей тәртіпке бағынып, қашан да төтенше жағдайға әзір болып отыруың шарт.

– Біз де жас болдық. Ол кезде Ұшқыштар жатақханасында тұратынбыз. Бірде жас отбасылар болып тойға шығып бара жатқан жерімізден жұмысқа шақырып, жоспарымыз жүзеге аспай қалды. Таңертең жұмыс болса қыдыру дегенді білмейтінбіз. Өйткені бірнеше тексерістен өтеміз. Түн ортасында алып кететін. Денсаулығың да сақадай сай болуы керек. Соның арқасында қазір зейнеткерлікке шықсақ та саулығымыз аса бір қатты сыр берген жоқ,-дейді ол.

Ең басты құндылық – адам өміріне араша түсуді өзінің парызы санайтын кейіпкеріміз Индер ауданына газ тартқан кезде де атсалысыпты. Ал Ойыл, Қаракөл ауылдық округтерін ол лезде тауып алады. Бір адамды ажалдан құтқарып қалса балаша қуанатын әңгімелесушіміз жұмыс істеуге басты стимул «өмір» болғанын жеткізді. 

–Жезқазғанға тікұшақ алған кезде көмекке бардық. Құмкөл мұнайын игеруге атсалыстым. Өскемендегі өртке де қол ұшымды создым. Тікұшақтың басты қызметі де сол ғой. Мен бір аса ерліктің үлгісін көрсеттім деп айта алмаймын. Жай адамдық парызымды ғана орындадым. Жолы жоқ талай ауылдарға бардық. 18 сағат демалғаннан кейін бізді қатарға қосатын. Сол кезде тапсырыс болса бірден ұша беретінбіз. Дүние, мал-мүлік жинаудан ада болатынбыз,-деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Р.S: Ұшқыштың ерен ерлігі – бұл жай ғана әскери міндетті орындау емес, бұл – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен жанқиярлықтың айғағы. Көк жүзінде өмір мен өлім қатар жүрген сәтте, ұшқыштың суыққанды шешімі, темірдей тәртібі мен асқақ рухы – ерліктің шынайы көрінісі. Оның әрбір қадамы – болашақ ұрпаққа үлгі, елдің рухын көтерер аңыз. Осындай қаһармандықтың арқасында бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызды ұмытпау – әрқайсымыздың борышымыз.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button