
Кітапханашылар – руханият шамшырағы
Адамзат өркениетінің дамуы мен рухани ілгерілеуінде кітап пен кітапхананың алатын орны ерекше. Тәуелсіз ел атанғалы бері ұлттық сана мен мәдениетіміздің айнасына айналған кітапханалар – ұлттың рухани іргетасын бекітіп, жас ұрпақты ізгілік пен білімге баулып келеді. Осы игі дәстүрді жаңғырту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы 24 қазан – «Кітапханашылар күні» кәсіби мерекесі ретінде бекітілген болатын.
Осыған орай Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында «Мәртебелі мамандық» атты салтанатты шара өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – кітапханашылардың еңбегін ұлықтап, олардың қоғамдағы рухани және мәдени рөлін айқындау болды. Мерекелік жиынға сала ардагерлері, аудандық және қалалық кітапханалардың қызметкерлері, мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Шара барысында Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әділғалиев құттықтау сөз сөйлеп, кітапханашылар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, осы салада сүбелі еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарды «Мәдениет саласының үздігі» және «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілерімен марапаттады.
– Кітапхана – ұлттың рухани байлығының алтын қазынасы, ал кітапханашы – сол байлықтың сақшысы әрі ұрпаққа жеткізушісі. Сіздердің еңбектеріңіз – мәдениет пен білімнің дамуына қосылған баға жетпес үлес. Руханияттың қара шаңырағы саналатын кітапхананың абыройын асқақтатып жүрген барша әріптестерге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, – деді Арман Бақытжанұлы.
Мереке барысында сала ардагерлеріне және үздік мамандарға облыс әкімінің орынбасары мен Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаттары табыс етілді.
«Мәртебелі мамандық» атты бұл салтанатты шара – кітапханашылар еңбегін ұлықтаған, руханият пен парасаттың мерекесіне айналған мәнді мәдени оқиға болды.
Тоғжан ЕРМЕК



