«Хиджабты киіммен байланыстыру – қателік»

 «Тек қана мұсылмандардан тұратын ислам мемлекеті болуы керек» деген мәселені жақтайтын исламда бірде бір аят та, сүре де, хадис те жоқ. Дінді саяси құралға айналдыруға болмайды» дейді белгілі теолог, сарапшы Расим ЧЕЛИДЗЕ. Діни мәселелерге байланысты жергілікті журналистерге семинар өткізу үшін Алматыдан арнайы келген сарапшыдан хиджаб, ислам халифаты сынды тақырыптар бойынша пікірін білген едік.

– Қатыгездігімен аты шыққан ДАИШ қазір «күллі әлемге ортақ ислам халифатын құру керек» деген идеяны таратып жатыр. Исламда мұндай талаптың жоқ екені бесенеден белгілі емес пе?

– Исламда «күллі әлемге ортақ ислам мемлекетін құру» деген талап жоқ. Өйткені, Хужурат сүресінің, 13-аятында «…О, адам баласы, біз сендерді бір ер, бір анадан (Адам ата мен Хауа ана) жараттық. Және әртүрлі ұлт пен ұлыстан (ұлт, қауым, тайпа т.б.) еттік. Бір-біріңмен танысу үшін…» деген жолдар бар. «Алланың талабы – ортақ халифат құру» деп айтудың өзі, Жаратқанға тіл тигізу болып саналады.

  Әрине, мұсылмандар мемлекетке басшылық ете алады. Олар кез келген саяси партияны да басқара алады. Бірақ, бұл жерде діннің атын жамылып, әрекет етуден сақ болу керек. Ал, дін – адамгершілік пен имандылықтан тұруы тиіс.

  Демек, «тек қана мұсылмандардан тұратын ислам мемлекеті болуы керек» деген мәселені жақтайтын исламда бірде бір аят та, сүре де, хадис те жоқ. Бір ескерерлігі, «халифат» деген ұғымның өзі арабтарда ешуақытта болмаған мемлекеттің атауы. Ал, мемлекеттер Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) келгенге дейін де болған. Мемлекет Рим империясы, Византия билігі тұсында да болды. Демек, «күллі әлемге ортақ ислам халифатын құру» деген мәселе, дінді қуыршақ етіп жүргендердің ойлап шығарған ойыны ғана.

– Ислам – ортақ. Құран – біреу. Пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.ғ.с) – біреу. Бірақ, ислам атын жамылған ағымдардың көбею себебі неде?

– Қасиетті Құранда «Егер сізге біреу жаңалық әкелсе, сіз оны анықтаңыз. Дұрыстығына көз жеткізіңіз» деген жолдар бар. Сондықтан сізге жаңалық айтып, өзгеше пікір білдіріп жатқандардан да дәлел талап етіңіз. Міне, жат ағымдармен күресте осындай әдіснаманы іске қосу керек. Өйткені, сенімнің артында үлкен жауапкершілік бар.

– «Хиджаб» сөзі қандай мағына береді? Оны киім атауымен байланыстыру қаншалықты қисынға келеді? – Хиджабты қандайма бір киімнің атауына балау – қателік. Киімді «хиджаб» атап жүрген адамдар өздерінің нені қалай түсініп жүргенін білмейді. Екіншіден, қасиетті Құранда хиджаб – «перде», «тосқауыл» деген мағынаны береді.

  Мәселен, тосқауыл – екі адамның арасында болуы мүмкін. Бірде Омар Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) келіп, «Иә, пайғамбар (с.ғ.с), сенің жұбайыңа көптеген әйелдер келіп, кеңес алады. Олардың арасында ауру әйелдер де болуы мүмкін. Сондықтан, әйеліңізбен келушілердің арасына хиджаб, яғни тосқауыл қойыңыз» дейді. Міне, бұл жерде «хиджаб» сөзі – «тосқауыл», «перде» деген мағынада қолданылып тұр.

  Әрине, бұл сөз түрлі мүдделі топтар тарапынан өзгертіліп, спекуляцияға ұшыраған кезде, саяси сипатқа ие болады. Нәтижесінде, адамдар, топтар, тіпті мемлекеттер арасында түсінбестік, қақтығыс туады. «Кәпірлер», «дінсіздер» деген ұғымдар күшейеді. Ақиқатында, адамды орамалы болмағаны үшін «дінсіз» деп атаудың өзі күпірлік. Қажет десеңіз, «хиджаб» деген сөздің өзі арабтарда жоқ. Ал, орамал қай ұлттың да тарихында болды. Және ол барлық мәдениетте бар. Әйелдің басындағы орамал оның қоғамдағы мәртебесін анықтаушы құрал болып келді. Демек, орамал – діннің емес, дәстүрдің элементі. Ал, «Нұр» сүресінде, әйелдерге омырауды жауып жүру міндет етілген. «Ұятты жер» деген сөз ол жерде омырау мағынасын білдіреді.

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз