ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – ҮЛКЕН АБЫРОЙ

Ғасырлар бойы арман еткен тәуелсіздік ұстанымдарын биікке көтеретін мемлекетіміздің бүгінгі күні мәртебесі жоғары, мерейі үстем. Азаттық аңсаған бабаларымыздың мақсаттары орындалды. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан ірі-ірі табыстарға қол жеткізді. Бұл – Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесі.

Осы  орайда  «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау облысы бойынша филиалының директоры ҚОНЫС Қайрат Қонысұлымен кездескен болатынбыз.

– Қайрат Қонысұлы! Сізбен Жаңа жылдың алғашқы күндерінде сұхбаттасудың сәті түсіп отыр. Мереке құтты болсын. Бүгінгі күнгі қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы – Тәуелсіздігіміздің арқасы. Ендеше, әңгімемізді ел еңсесін көтерген, тұғыры берік Тәуелсіздік туралы пікіріңізден бастасақ.

– Рахмет. Орайлы сәтті пайдаланып, барша атыраулықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын.

Бүгінгі күні Қазақстан – қанатын кеңге жайған, атын төрткүл дүние танып, күш-қуатын мойындатқан егеменді ел. Алпауыт мемлекеттер қатарындағы елімізді әлем жұртшылығы құрметтейді.  «Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек» деп Елбасы айтқандай,бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс.

Еліміз ірі-ірі істер тындырып, қомақты табыстарға қол жеткізді. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі нығайып, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы артты. Қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуымыз – тәуелсіздік жемісі.

Біздің халыққа қызмет көрсету орталығы да – тәуелсіздік жылдарында алғаш өмірге келген мекеме. Оның басты мақсаты – халыққа сапалы қызмет көрсету, уақытын үнемдеу. Бүгінгі күні халыққа қызмет көрсету орталықтарына деген қажеттілік күннен-күнге өсіп отыр. Бұл – заман талабы.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Бір терезе» қағидасы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығын  құру жөнінде жұмыс қолға алынды. Мұндай орталық Қазақстанда алғаш 2007 жылы ашылып, сол жылы Атырау облысында да құрылым іске қосылған болатын. Алғаш ашылған кезде 25 қызмет түрі болса, бүгінгі таңда 160-қа жетіп отыр.

Тұрақты түрде тоқсан сайын сараптама жүргізіп, жұмысымыздың рейтингісін шығарып отырамыз. Өткен  жылдың ІІ тоқсаны бойынша Атырау облыстық филиалы республиканың 16 филиалының ішінен 1-орынды иемденсе, ІІІ тоқсанда алдыңғы төрттіктің қатарындамыз. 

Одан басқа,   Қарағанды  облысы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалында «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізі» атты республикалық оқыту және тәжірибе алмасу семинарында 15 облыстың ішінен Атырау облысы бойынша филиалдың мемлекеттік тілді дамыту маманы Айнагүл Можарбаева Бас жүлдеге ие болып оралды. Енді осы жылы осындай үлкен шара Атырауда ұйымдастырылатын болады.

– Халыққа қызмет көрсету саласында соңғы кезде көптеген жаңалықтар мен толықтырулар болып жатқандығы белгілі. Осы туралы айта кетсеңіз.

– Сауал өте орынды, соңғы уақытта жаңалықтар да, толықтырулар да көп. Соның бірі – «өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы» деп аталатын сектордың жұмысына көп көңіл бөлініп отыр. Бұл дегеніміз – халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру. Үйінде компьютер құрылғысы жоқ не интернет желісіне қосылмаған адамдар үшін бұл сектор өте тиімді. Келген тұтынушы өзіне қажетті анықтамаларды, басқа да мәліметтерді компьютер құрылғысына отырып, өзі-ақ шығарып ала алады.

Бұл, әрине, Электронды санды қолтаңбаға тығыз байланысты түсінік. Электронды санды қолтаңба – әрбір адамның күнделікті қойып жүрген қолының электронды түрі. Оның пайдалану мерзімі – 1 жыл, содан соң қайталап ала алады. Электронды санды қолтаңба әр азаматтың өзінің жеке компьютерінде және жаңа үлгідегі жеке куәлігі болса, сонда сақталады. Және өзінің жеке паролі болады. Сондай-ақ, ол ҚР заңдарымен қорғалады. Сондықтан, «өзге біреу пайдаланып кетпей ме?» деген қорқыныш негізсіз.

Ал, мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда бір күнде облыс бойынша 200-ден астам тұтынушы электронды санды қолтаңба алуда. Осы кілт арқылы Электронды үкімет порталына еніп, компьютер мен интернет желісі болса, үйде отырып та өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Аталған сектор арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді тұтынушы өзі ала алатындықтан «өз-өзіне қызмет көрсету» деп аталады. Ал, статистикалық мәлімет бойынша күніне шамамен 260 тұтынушы өз-өзіне қызмет көрсету бұрышын пайдалануда.

– Жеке куәлік пен төлқұжатты рәсімдеудің қандай оңтайлы жүйесі енгізіліп отыр?

– Өткен жылдың мамыр айынан бастап еліміздің барлық өңірінде тың жүйе бастау алды. Байланыс және ақпарат агенттігі (сол уақыттағы) мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, ел азаматтарының жолға артық шығын жұмсап, уақыт жоғалтпауы үшін осындай әдісті қолға алды, яғни  қажет болған жағдайда Қазақстанның кез-келген аумағында жүріп-ақ жеке куәлік пен төлқұжатты ауыстыру мүмкіндігі бар.

Осыған орай, азаматтың жеке басын куәландыратын жаңа құжатты алуға өтінімді ата тегін ауыстырған, құжат бүлінген, жоғалған, құжаттың мерзімі өтіп кеткен және т.б жағдайларда тұрғылықты және тіркелген мекен-жайына қатыссыз, кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына беруге болады. Ал, қосымша тексеру жүргізу немесе шешім шығару қажет болған жағдайда  жаңа құжат азаматтың тіркелген мекен-жайы бойынша ғана беріледі.

Мысалы, сіз қазір Ақтөбе қаласында жұмыс істеп жатырсыз. Атырау қаласының тұрғынысыз, сол уақытта сіздің  жеке куәлігіңізді ауыстыру керек болса, Ақтөбедегі кез-келген орталыққа барып, тапсырыс бере аласыз. Тіпті, бір қалада тұрып, қалаған Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжатқа қатысты шаруаңызды реттей аласыз. Алайда, ескеретін бір жайт бар. Жеңілдетілген жүйе 16 жаста алғаш алынатын жеке куәлікке жүрмейді.

Мобильдік үкімет деген бар. Бұл – жасына, әлеуметтік мәртебесіне, білімділігіне және тұрғылықты орнына қарамастан халықтың басым бөлігімен өзара байланыс үшін ең қолайлы жол, себебі ол жаппай қолжетімді. Мобильдік үкімет мүмкіндіктердің кең спектрін ұсынады. Оның пайдаланушысы болу үшін осы жүйеге қосылу қажет. Аталмыш рәсімді  «электрондық үкімет» порталына тіркеліп, орындауға болады. Бар керегі – электронды сандық қолтаңба және ұялы телефоныңыз болуы керек.

– Халыққа қызмет көрсету орталығында мүгедектерге көрсетілетін қандай мүмкіндіктер бар?

– Біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекеттің қамқорлығында. Мемлекеттің егде жастағы адамдар мен мүгедектерге деген негізгі қамқорлығы, оларға материалдық қолдауы (зейнетақы, өтемақы, жеңілдіктер және т.б.) болып табылады. Алайда, еңбекке жарамсыз жандар тек материалдық көмекке ғана мұқтаж емес. Оларға физикалық, психологиялық, ұйымдастырушылық және басқа да көмектер көрсету маңызды рөл атқарады. Айналасындағылардың ықыласына бөленгенді жаны сүйетін, сәлемдесіп, көңіл аударғанның өзін үлкен мәртебе санайтын  жандар үшін бұл маңызды. Біреудің көмегіне зәру кембағал жандарға құрметтің қай түрі де артықтық етпейді.

Біздің орталықтағы барлық бөлімдерге пандус орнатылған. Арнайы қоңырауды басса, біздің қызметкерлеріміз  кіреберіске түсіп, мүгедек адамды қабылдап, қызмет көрсетеді. Және де  «1414» бірыңғай байланыс орталығының телефоны арқылы  бірінші топтағы мүгедектердің өтініштерін қабылдап, 72 сағат ішінде қызмет көрсетіледі. Бүгінгі күні біздің орталықта 12 мүгедек жұмыспен қамтылған.

– Халыққа қызмет көрсету орталығындағы шешімін күткен мәселелерге тоқталсақ…

– Күні бүгінге дейін ғимарат  мәселесі шешілмей тұрған болатын. Бұл түйінді мәселе облыс әкімінің қолдауымен шешімін тапты. Атырау қаласында ғимарат салу үшін жобалық жұмыстары жүргізіліп, құжаттары реттеліп жатыр. Біздің есебіміз бойынша осы  жылы құрылысын бастаса, жыл аяғына дейін іске қосылады деп жоспарлаудамыз.

Сондай-ақ, Исатай, Махамбет аудандарына ғимарат салу үшін құжаттар келісімнен шықты, ал Жылыой ауданына ғимарат сатып алып беру жұмыстары тәмамдалды. Әрине, уақыт өте қызмет көрсету түрі көбейген сайын, әрі бұқараның Электронды үкіметке деген көзқарасының өзгеруіне байланысты халық сұранысы көбеюде. Біздің орталықтарда күніне 2000-ға жуық адамға  қызмет көрсетеді. Тұрғындар көбінесе құжаттандыру, қалада тұрғылықты мекен-жайға тіркеуге тұру және шығу мәселесімен, сондай-ақ жылжымайтын мүліктерді тіркеу және басқа да сан түрлі қызметтер үшін келеді. Бүгінгі таңда аты-жөнін  ұлттық негізде жаздыруға ықыластылар саны да арта түсуде.

Кәмелеттік жасқа толып, төлқұжат алып жатқандар қатары көбейіп отыр. Сондай-ақ, қалаға тіркеуге тұрушылар еселене түсуде. Ал, ең бастысы, табиғи өсім көбейіп отырғаны назар аударуға тұрарлық. Осылардың барлығын ескере келгенде ғимараттың тарлығы мен тапшылығы қиындық тудырып отырған болатын. Дамыған елдерде халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметі жоғары деңгейде. Біз де орталық қызметін әлемдік стандарттарға сай жетілдіруді мақсат етіп отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз