
Кешендегі өрт-тактикалық жаттығу
Атырау қаласындағы биік қабатты ғимараттарда қауіпсіздік шараларын пысықтау мақсатында кезекті өрт-тактикалық жаттығу өтті. Бұл жолы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «RAMS Garden Atyrau» тұрғын үй кешенінде оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастырды.
Ондағы мақсат көпқабатты тұрғын үйлерде өрт шыққан жағдайда құтқарушылардың жедел әрекет ету қабілетін арттыру, жаңа техникалық құралдардың мүмкіндіктерін іс жүзінде сынау және жоғары қабатты ғимараттарда авариялық-құтқару жұмыстарын үйлестіре жүргізу еді.
Оқу-жаттығуға 42 жеке құрам, 6 негізгі және 4 арнайы техника, сондай-ақ басқа да тиісті қызмет өкілдері жұмылдырылды. Шынайы жағдайға ұқсас сценарий бойынша ұйымдастырылған жаттығу барысында жеке құрамға нақты міндеттер жүктеліп, олардың кәсіби машығы сыналды.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар белгіленген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындады. Сонымен қатар қазіргі заманғы жабдықтардың тиімділігі тексеріліп, ерекше нысандардағы өртке қарсы іс-қимыл алгоритмі нақтыланды.
Төтенше жағдайлар саласының мамандары мұндай жаттығуларды жүйелі түрде өткізіп отыру тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды роль атқаратынын айтады. Бұл тек өрт сөндірушілердің дайындығын арттырып қана қоймай, тұрғындардың да қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.
Өз тілшіміз



