КЕМЕЛ ҰЙҒАРЫМ, БЕРІК СЕНІМ

Дүниені дүр сілкіндірген дағдарыстан қай ел қалай шығады? Мұны Елбасы Н.Назарбаев ертерек айтып, сақтандырғаны белгілі, ол «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінде былай деді: «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен ойдағыдай өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады». Бұл енді келешекті көрегендікпен болжағандық емес пе?!

«Сақтансаң – сақтармын» деген. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің Үндеуі дер кезеңде жасалған қадам, бағалы бастама болды.

Дер кезінде дейтініміз, әртүрлі аумалы-төкпелі замандар өтпеді ме?! Өтті. Замана толқыны талай мемлекетті кедейшіліктің шекті деңгейіне дейін жеткізді. Тіпті, әлемдік бай тарихымен мақтана алатын Грекиядай алып мемлекеттің өзі қайшылықты кезеңнің қақпанына қалай түсіп қалғанын ақпараттар көзі айтудай-ақ айтып жатыр.

Шүкірлік ететініміз, Қазақстан осындай сын-сынақтардан аман-есен өтіп келеді. Бұл – Қазақстан халқын ортақ іске тас-түйін жұмылдыра отырып, экономикалық қиындықтарды алдын ала ауыздықтап отырған елдік қуатымыздың, Елбасымыздың сарабдал саясатының, кемел ұйғарымының арқасы деп білеміз.

Әрине, Қазақстан жаһандық дүниенің бір бөлшегі болғандықтан, сыртқы теріс ықпалдардан тыс қала алмайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы осыдан туындағанын ел-жұрт енді терең түсініп отырған болар.

Ұлттық қор арқылы экономикамыздың, өмір сүру тетіктеріміздің осал тұстарын түзеп, стратегиялық бағытынан айнымаған Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы біз барша халқымыз болып, қиындық атаулыны еңсеріп, еліміздің топтасқан қуаты, мызғымас бірлігі арқылы әлі талай биік белестерге беттей алатынымызға сенімдіміз.

Қален КІДІБАСОВ,

Жылыой ауданының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз