Келешегі кемел агрокешен

PwNb6K5b Қоғам

«Біздің басты мақсатымызҚазақстанды өзінде өндірілетін отандық азықтүлік өнімдерімен толықтай қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру. Мұның өзі, сайып келгенде киелі алтын бесігімізауылдарымызды гүлдендіруге зор септігін тигізіп, тың серпін берері сөзсіз»

?????????????????????????????????????????????????????????

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Ел экономикасының  өркендеуінде агроөнеркәсіп кешенінің алар орны елеулі екені даусыз. Осы тұрғыдан келгенде, біздің өңірімізде де аграрлық саланы алға сүйрер өміршең жобалар жүзеге асырылып, ауқымды істер атқарылуда. Әрине, шешімін күткен проблемалар мен келешекте орындалуы тиіс міндеттердің де аз еместігі белгілі.Салада жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барысымен жете танысу мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мақсот МҰҚАНОВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

Мақсот Сайполұлы, әуелі өзіңіз басшылық жасап отырған саланың жетістіктері мен негізгі көрсеткіштеріне тоқталсаңыз?

– Биылғы тоғыз айда аймақта өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 488,0 млрд.теңгені, нақты көлем индексінің өсімі 3 пайызды құрады. Тек соңғы алты жылда аграрлық салада 22 ірі жоба жүзеге асырылып, 19,8 млрд.теңге инвестиция салынды, 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осы кезеңде ішкі жалпы өнімнің көлемі 62,7 млрд.теңгеге, нақты көлем индексі 102,5 пайызға жетті. Оның 35,5 млрд.теңгесі (101,5 пайыз) мал және 26,7 млрд.теңгесі (103,0 пайыз) егін шаруашылығының еншісіне тиді.

Енді осы деректерді нақтылай түссеңіз

– Алдымен айтарым, есепті мерзімде атакәсіпті дамытуға айрықша назар аударылды. Қазіргі уақытта ірі қара малының саны – 157,2, соның ішінде, түйе – 30,7 мыңды құрап, жаңадан 5 мал сою пункті іске қосылды. Асыл тұқымды түлік өсірумен шұғылданатын 20 шаруашылықта 2 981 мүйізді ірі қара, 58 279 қой, 1600 түйе және 943 жылқы бағылуда. Оларды субсидиялауға 1,5 млрд.теңге бөлініп, «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде қабылданған міндеттемелер толығымен орындалды.

«Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасына 40 мың басқа арналған 14 мал бордақылау алаңы қатыстырылып, оны толтыруға отбасылық шаруашылықтар 29,5 мың бұқашық өткізді. Облыста барлығы 91 бордақылау алаңы жұмыс жасап, сиыр етін өндіру 15,2 пайызға артты. Экспортқа 475 мүйізді қара еті шығарылды. Орташа есеппен алғанда, мал мен құс саны 4 пайызға, өнім көлемі 3,7 пайызға өсті.

Ауыл шаруашылығындағы жетекші саланың бірі егіншілік қой. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Биыл облыста егістік жердің көлемі 8600 гектардан асып, жергілікті тұрғындардың егін өнімдерімен қамтылуы картоптан – 43,8 көкөністен – 154,7 және бақшадан 129,3 пайызды құрады. Егін шаруашылығын өркендету мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға былтыр бюджеттен 170 млн.теңге бөлінсе, биыл бұл сома 221 млн.теңгеге ұлғайтылды. Тамшылатып суару тәсілімен баптап-күтілетін егіндіктің аумағы да 2300-ден 2540 гектарға немесе 11 пайызға көбейтілді. Сөйтіп, оның үлес салмағы жалпы егістіктің 30 пайызын құрады.

Бүгінгі таңда өнім беріп тұрған 40-тан астам жылыжайдың ауданы 14 гектарға жеткізілді. Бұл шаруашылықтарда қияр, қызанақ, салат жапырақтары, өзге де көкөніс дақылдары өсіріліп, жыл бойына өнім береді. Жыл басында Жылыой ауданындағы «Атырау Сауда» ЖШС-нің 2 гектар жылыжай кешені іске қосылды. Толық қуатында жұмыс жасағанда оның қуаттылығы 1200 тоннаға дейін өнім беруге жетеді.

– Қандай бағдарлама, жобаның да қаржыландырудан басталып, тиімділігімен табысқа кенелтетіні кәміл ғой?

– Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл бюджеттен 36,8 млрд.теңге бөлінді. Тоғыз айда  соның  28,8 млрд теңгесі немесе 78,2 пайызы игерілді. Сондай-ақ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы тауар өндірушілер 10,8 млрд.теңге несиемен қамтылды.

Облыста жалпы құны 50,0 млрд. теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Есепті мерзімде 11,7 млрд. теңгелік 22 жоба өндіріске енгізіліп, жаңадан 632 адамға жұмыс орны құрылды. Салаға 49,3 млрд.теңге инвестиция тартылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірісіне – 31,3 млрд.теңге  және тамақ өнімдеріне 18,0 млрд. теңге бағытталып, нақты көлем индексі сәйкесінше 119,9-143,0 пайызды қамтыды. Жаңадан ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға қол жеткізіліп, бұл салаға субсидия ретінде бөлінетін қаржы көлемі артты.

Елбасының  Қазақстан халқына Жолдауында: «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейтіп, мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын заманауи технологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет» деп атап көрсеткеніндей, осының бәрі агроөнеркәсіп кешені келешегінің кемел екендігін байқатады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дәулетқали Аруев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз