Жарнама
Қоғам

Кәсіподақ белсенділері ұлықталды

Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған биылғы атаулы белес – «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Қазақстан кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толуына орай Атырау қаласындағы Абай орталығында салтанатты жиын өтті.

10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні. Атаулы дата Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы қаулысына сәйкес ресми мереке ретінде атап өтіліп келеді. Қазақстанның кәсіподақтары – елдегі тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік еңбек қатынастарының базалық негізін қалыптастырушы беделді құрылым. Еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы – жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасында басты медиатор, қоғамдағы ірі және қуатты азаматтық институттардың бірі. Бұл күн еңбекте оза шапқандарды ұлықтап, қауіпсіздік пен тәртіп талаптарын қатаң сақтау дағдысынан айнымаған жұмысшы-қызметкерлерді қошеметтеп, ерен ерлігімен танылған жандарды құрметтеп, мәртебесін биіктетіп, мерейін өсірер сәт.

Жиынға қатысушылар алдымен атаулы датаға байланысты арнайы дайындалған, кәсіподақтар қозғалысының құрылу, қалыптасу және даму тарихынан сыр шертетін фотокөрмені тамашалады. Салтанатты шараның шымылдығы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің құттықтау бейнежазбасымен ашылды. Атаулы күнге және қос мерекеге орай жиылғандар алдында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев баяндама жасады.

Салтанатты жиын одан әрі кәсіподақ белсенділерін ұлықтау шараларына ұласты. Алғашқы болып ұзақ жылдар бойы Гурьев балық консерві комбинатында консерві цехының өңдеушісі қызметін атқарған сала майталманы Күләш Разуанова «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Келесі кезекте «Қазақстан Республикасындағы кәсіподақтар қозғалысына – 120 жыл» мерейтойлық медальдары иелеріне табысталды. Олардың қатарында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Жұмазия Есімова, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Қашкенова, мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Салтанат Рахимова сынды көшбасшылардың есімдері аталды.

Бұдан соң кәсіби мереке иелерінің бір тобы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды. Сонымен қатар қоғамдық ұйым жұмысының жанданып, алға басуына елеулі үлесін қосып жүрген кәсіподақ белсенділеріне Атырау облысы әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Одан бөлек, облыстық ардагерлер кеңесінің атынан тағайындалған марапаттар да өз иесін тапты.

Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button