«Көгілдір жәшіктің» көріктілері

aselКүнделікті өмірге тереңдеп енген телевизия әлемінде танымал тұлғаның бірі – тележүргізуші. Соның ішінде, күнделікті жаңалықтарды жедел өткізіп отырған тікелей эфир майталмандарына артылар жүк ауырлау болса керек. «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық телеарнасы «Жаңалықтар» қызметінің көрерменнің көзайымына айналып жүрген жүргізушілері Шолпан Сисенәлиевамен және Әсел Тұяқбаевамен БАҚ өкілдерінің төл мерекесі қарсаңында сұхбаттасқан едік.

 

 

– Эфирге алғашқы шыққан күндеріңіз есте қалды ма? Оған келу жолдарыңыз қалай өрбіп еді?
Шолпан: Әрине. Телеарна саласындағы журналист үшін эфирге шығу – өте жауапты сәт. Оған дамылсыз дайындаласың. Бірақ, бір сөзден мүдірсең, еңбегің еш кетеді. Мен ІІ курс оқып жүргенімде облыстық телеарнаға өндірістік тәжірибеге келдім. Сол кездегі жетекшім Базаргүл Нәдірқызымен бірге таңғы бағдарламаны жүргізуге алғаш шығып, тікелей эфирдің «дәмін» таттым. Ал, қазіргі «Жаңалықтар» ақпаратты бағдарламасын жүргізуге кастинг арқылы өттім. Аталған бөлімге редактор-жүргізуші болып келгеніме бір жылдай уақыт болды. Жаңалықтардан бұрын тақырыптық бөлімде «Әй, Керім» қыз-келіншектер бағдарламасы мен «Тұғыр» спорт хабарларының редакторы болдым. Тікелей эфирде жұмыс жасау «болдым», «толдым», «биігіме шықтым» дейтін дүние емес. Өз-өзіңді күнделікті шыңдап отыруды талап етеді.
Әсел: Алғаш рет эфирге аяқ астынан шыққанмын. Диктор қыздың ауырып қалғаны жөнінде жаңалықтардың жарыққа шығуына бар-жоғы жарты сағат қалғанда білдік. Әлбетте, қанша дегенмен, үлкен жауапкершілік жүктейтін болғасын қатты толқығанымды жасырмаймын. Бірақ, уақыт тығыз болғасын, сол жолы дереу бойымды тез жиып, міндетімді абыроймен атқарып шықтым.
– Қазіргі күні эфирге жай ғана дайын мәтінді оқитын диктор емес, жүргізуші болып шығу айтарлықтай жауапкершілік жүктейді. Сюжеттерді орналастыруда, мәтінді түзетуде әріптестермен арадағы қарым-қатынас қаншалықты маңызды?
Шолпан: Тікелей эфир барысында бір ғана саннан не болмаса бір ғана әріптен қате жіберсең, жаңалық тыңдап отырған соншама көрермен қате ақпарат алады. Сондықтан, тікелей эфирге кірер алдында жеке өміріңе байланысты қандай қиын хабарлар келсе де «студия сыртына» тастап, ол жағдайды мүлде еске алмауға тырысамын. Жалпы, «Жаңалықтар» ақпаратты бөлімінде орыс және қазақ редакциясы жұмыс жасаймыз. Ал, мәтін құрылымын тексеру, жаңалықтарды рет-ретімен қою жұмыстарын негізінен бөлімнің шеф-редакторы Индира Салауатқызы жасайды. Ал, қазақша мәтіндерді бас редакторымыз, білікті журналист Назарбек Қосшиев тексереді.
Әсел: Журналист жұмысының өте жауапты екені даусыз, кез келген жаңсақ сөз немесе ақпарат саған ғана емес, басқа адамдарға да әсер етуі мүмкін. Соның ішінде, эфир жүргізушісіне де артылар жүк аз емес. Өйткені, ол өзінің материалын ұсынып қана қоймай, көрерменге әріптестерінің еңбегін жеткізе білуі, мәтінді көпшілікті еліктіріп, қызықтырып кететіндей қылып оқуы шарт. Жаңалықтарды дайындау – бірнеше бөлімнің ортақ жұмысы, оған кадрдағы ғана емес, кадр сыртындағы бірнеше қызметкер атсалысады. Сол себепті, ынтымақтаса жұмыс істеу мен басқалардың еңбегін бағалай білудің маңызы зор.
– Көрермен тарапынан айтылатын сынға үйренген боларсыздар? Оны қалай қабылдайсыздар?
Шолпан: Орынды айтылған сынды қабылдап, қорытынды шығаруға тырысамын. Себебі, біздің айнамыз – көрермен. Сыртқы түр-әлпет, киімімізді сырт адам сынағанмен, мәтіннің дұрыстығын, дикцияны арнадағы білікті мамандар қалыпқа салып, қадағалап отырады. Менің қатал сыншым – менің жолдасым.
Әсел: Меніңше, сын кез келген шығармашылық адамына қатысты. Оның ішкі сыны да, өзгелердің сыны да болады. Оны жақсы түсінгендіктен, атыма айтылған сын-ескертуді ескеріп, орынды болса, одан қорытынды шығаруға тырысамын.
– Жаңалықтар эфирін қанша жасқа дейін «жүргізуге» болады деп ойлайсыздар? Келешекке құрған ойларыңыз қандай?
Шолпан: Менің қанша жасқа дейін жаңалықтың «тізгіншісі» боларым бір Аллаға аян. Болашақта ағылшын тілін меңгеріп, қаржы, экономика салалары бойынша білімімді жетілдіргім келеді. Заманның өзі есепті қажет етеді емес пе?! Бірақ, журналистикадан кету ойымда жоқ.
Әсел: Көпшілік алдына шығатын жүргізушінің жас деңгейі оның жүргізетін хабарына байланысты деп ойлаймын. Мәселен, таңғы музыкалық-көңіл көтеру хабарлары көрерменге таңертең көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білетін жас, сергек қыз-жігіттерге сәйкес келеді. Маңызды тақырыптар қозғалатын хабарларда үлкен кісінің отыруы халықтың сенімділігін туғызады. Өзім орта жасқа келген кезде эфирде отырамын деп ойламаймын. Бір кездері бала күнімде заңгер болсам деп армандайтынмын, бәлкім, болашақта сол ойлағаным жүзеге асып қалар.

Құралай ОРАЗ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз