
Ізгілік пен мейірім жәрмеңкесі
Қарттар – өмір тәжірибесінің, даналық пен мейірімнің иесі. Оларға көрсетілген қамқорлық – жас ұрпаққа үлгі.
Атырау қаласындағы Ә.Кекілбайұлы атындағы №41 мектеп-гимназиясында Қарттар күніне орай бастауыш сынып оқушыларының аналары қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеден түскен қаражатқа 100 қарияға жеңіл киім мен тәттілер алынды.
Қарттар күні қарсаңында мектеп парламентінің белсенді оқушылары Қарттар үйіне арнайы барып, сыйлықтарын табыстап, жылы лебіздерін білдірді. Шәкірттердің ізгі ниетіне қуаныш білдірген қариялардың ризашылығы жас ұрпақ үшін өнегелі сабақ болды.
Қайырымдылық іске үлес қосқан ата-аналарға, ұстаздарға және оқушыларға айтар алғысымыз шексіз. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық – қоғамның ең қымбат қазынасы.
Ақбөбек ИСАҚҰЛОВА,
Ә.Кекілбайұлы атындағы №41 мектеп-гимназиясының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары


