ІСКЕРЛІК ІСТЕ ТАНЫЛАДЫ

Жуырда облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде «Шаңырақ - 2008» үкіметтік емес ұйымы облыстық әйелдер көшбасшылығы жазғы мектебінің қатысушыларына арнап облыстық семинар өткізді. Семинарды облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева ашып, сөз сөйледі.

 

Ондаған жылдар бойы санамызға «Әйел – ана, әйел – еңбеккер» деген қағиданың сіңіп қалғаны соншалық, біз оларды тек осы бағытта ғана көре алатындаймыз. Бірақ, өмір ағымына сәйкес, сол кезде отбасында бала тәрбиесімен ғана айналысып, түздің жұмысын қоса атқарған әйелдер қазіргі күні басшылық, сондай-ақ, депутаттық қызметтерде де жүр. Бір ғана Атырауымызда аудан, қала, облыстық мәслихаттың депутаттары мен мәслихат хатшылары қызметтерін абыроймен алып жүрген қаншама қыз-келіншек бар десеңізші.

Олардың ең көп шоғырланған саласы – шағын және орта кәсіпкерлік. Айталық, 2013 жылы облыста тіркелген кәсіпкерлік мекемелердің 20974-ін әйелдер басқарған болса, 2014 жылы ол 22926-ға өсті. Тағы да сол 2013 жылы облыста 15188 жаңа жұмыс орны ашылған болса, соның 2407-сі әйелдер үшін ашылған. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 6222-ге өсті.

Аталған комиссия төрайымы өз сөзінде әйелдерге қатысты бұдан басқа да  мәліметтерді атап айтты. Облыста аз қамтылған отбасыларын қолдауға арналған акциялар, әйелдер саулығын сақтау, оларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша конференциялар, семинар-тренингтер өткізу, «Әкелер слеті» аясында отбасылық тәрбиеде әкелердің әлеуетін арттыру жәйі және басқалары жүйелі өтіп келеді. Осы іс-шаралардың барлығы да әйелдердің өз қолымен, өз белсенділіктерімен жүзеге асуда.

Осындай жұмыстың бірсыпырасы «Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен орындалуда. Бұл туралы бірлестік жетекшісі, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Әйтиева айтты. Жекеменшік білім ордасын он жылдан астам уақыттан бері басқарып келе жатқан іскер басшы бірлестікке өзі тақылеттес қыз-келіншектердің басын біріктіріп, небір ауқымды істерді көпке ұсынып келеді. Нұрлы Тельманқызы облысымыздағы іскер әйелдердің, соның ішінде танымал бизнесші Әлия Бекқожиеваның осы саладағы жетістіктері турасында әңгімелеп, оларды көпке үлгі етті.

Ал, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының кафедра меңгерушісі Жаннат Асабаева «Гендерлік саясат: жетістікке жету қағидалары» тақырыбында сөз сөйлеп, семинар жұмысына қатысушылар арасында «Айтшы, әріптес!..» атты тренинг өткізді.

Тренинг барысында әр ауданнан келген қатысушылар өзара командалар құрып, тренинг үшін алдын ала дайындалған он сұраққа он минут ішінде жауап дайындауға тырысты. Бұл ойын оларды бір-біріне жақындастырып, жанындағы әріптесі туралы көбірек білуге ұмтылдырды.

Облыстық семинардың екінші жартысында Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева «Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту және қолдау», «Даму» кәсіпкерлікті қолдау акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының бас менеджері Роза Байсалықова «Әйелдердің ел экономикасының дамуына қатысуы: «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы», Жылыой ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы, комиссия хатшысы Гүлназ Отарбаева «Сайлау технологиясы: гендерлік аспект» деген тақырыптарда баяндамалар жасаса, «Әйелдерді саяси ілгерілету» шеберлік сыныбы, «Көпшілік алдында сөйлеу өнері», «Көшбасшылық және әйелдер стереотипі», «Грантты алу: жеңіп алу стратегиясы», «Отбасы психологиясы және отбасылық құндылықтар» атты тренингтер өткізілді.

Семинар соңында «Шаңырақ – 2008» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Жанар Ілиясова қатысушыларға алғыс айтты. Барлық қатысушыларға белсенділіктері үшін сертификаттар табысталды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз